01 Наурыз, 2017

БҚО-да мәдени нысандарға көрнекті тұлғалардың есімі беріледі

222 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты өңірдегі бірнеше әлеуметтік, мәдениет нысанына көрнекті тұлғалардың есімін беру туралы шешім қабылдады. 1993 жылы Тәуелсіздік мерекесі күні ашылған облыстық қазақ драма театрына КСРО халық әртісі Хадиша Бөкееваның есімін беру мәселесі көп жылдан бері көтеріліп жүрген еді. Алайда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қа­зақ­стан Республикасындағы мем­лекеттік ономастикалық жұ­мыс тұжырымдамасында» елі­мізге айрықша еңбегі сіңген қайраткер тұлғаларды олар қайтыс болғанына 5 жыл толған жағдайда ғана ұлықтау белгіленген. Міне, сол мерзім өтіп, БҚО-ның бас сахнасы белгілі әртістің есімін иеленді. Ал әу бастан-ақ «Қадыр орта­лығы» аталып кеткен облыстық мәдениет және өнер орталығына ақын Қадыр Мырза Әлінің есімін беру әлдеқашан халық қолдаған, жүзеге асқан шешімді ресми құжаттау десе де болады. Ақынның 80 жылдығына орай арнайы салынып, 2015 жылы 27 маусым күні ескерткішімен бірге ашылған бұл орталық – бүгінде Оралдағы мәдени шаралар ең жиі өтетін шаңырақ. Сондай-ақ, депутаттар ұшқыш, Халық қа­һар­­маны Хиуаз Доспанованың есімін Орал­дағы №30 ЖОББ мектепке, белгілі жазушы, халық­аралық «Алаш» сыйлығының иегері Мұқадес Есламғалиұлының есімін Сырым ауданындағы орталық кітапханаға беру ұсынысын қолдады. Бұл атаулар республикалық ономас­тикалық комиссия бекіткен соң заңды күшіне енетін болады. Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» ОРАЛ