Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров ЕҚЫҰ Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросының (ДИАҚБ) діни еркіндік немесе сенім мәселелері жөніндегі аға кеңесші Кишан Маночамен кездесті.
К.Маночаның сапары Орталық Азия аймағындағы діни еркіндік пен сенімді ілгерілету арқылы қауіпсіздік пен әлеуметтік топтасуға жәрдемдесу жөніндегі ДИАҚБ жобасын іске асыруға байланысты жасалып отыр.
Мейманмен кездесуде Б.Бекназаров бұл жобаның ерекше маңызын атап өтіп, біздің елімізде қалыптасқан ұлтаралық және дінаралық келісім үлгісі туралы хабардар етті. Сенат Төрағасының орынбасары: «Толеранттылық пен кемсітпеушіліктер қағидаттары көпұлтты Қазақстан үшін аса маңызды», – деп атап өтті.
Б.Бекназаров Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін шақыру туралы бастамасы қарқынды іске асып келе жатқанын жеткізді. Оған түрлі дін өкілдері ғана емес, әлемдік ауқымдағы саяси қайраткерлер, беделді халықаралық ұйымдардың, мемлекеттер мен үкіметтердің басшылары арнайы келіп, қатысып жүр, деді Б.Бекназаров.
К.Маноча өз кезегінде Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің форумына қатыса отырып, Қазақстан басшылығының толеранттылық пен түрлі діндердің өзара түсіністігін ілгерілетуден айнымайтынына көзі жеткенін айтты. ЕҚЫҰ ДИАҚБ өкілі, сондай-ақ, ұлттық, тіл мен конфессиялық алуандықты сақтау жөніндегі Қазақстан жүргізіп келе жатқан саясатқа зор ықылас білдірді. Әңгіме барысында 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңды іске асырудың жекелеген мәселелерімен таяуда құрылған Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қызметі талқыланды.
Кездесу барысында діни төзбеушілікке, экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сенат Төрағасының орынбасары «кез келген наным-сенім негізінің бұрмаланбауы, діннің саясат пен идеологияның құралына айналмауы тиіс» екенін атап көрсетті. Әңгімені аяқтай келіп, Б.Бекназаров қазақстандық парламентшілердің бірлескен жобаларды іске асыру аясында ЕҚЫҰ ДИАҚБ-мен сындарлы ынтымақтастыққа әзір екенін нақтылады.