Алматыдағы «Ғылым ордасы» ғимаратында «Академик Ө.Жолдасбеков атындағы механика және машинатану институты» Елбасы Жолдауын іске асыру мақсатында көпшілік алдында есеп берді.
Аталмыш институттың бас директоры, академик Амандық Төлешов баяндамасын институттың ғылыми-техникалық бағдарламаларын қаржыландырудың, институт қызметкерлерінің отандық және шетелдік рейтингі жоғары журналдардағы ғылыми мақалалары мен патенттерінің 2012-2017 жылдар аралығындағы мониторингтік көрсеткіштерінен бастады. Сонымен қатар, осы журналдарда жарияланған машина жасау және робот-техника салаларындағы грантпен қаржыландырылған 4 жобаның айтарлықтай нәтижелерін атап өтті. Жиында Механика және машинатану институтының 2017 жылға жоспарланған жаңа жобалары мен стратегиялық мақсаттары айтылды.
Сол сияқты, институттың «Жүктеу-жүксіздеу және көлік операцияларының автоматтандыру мақсатымен көтергіші бар мобильді роботтың тәжірибелік өндірісін және өңдеу технологиясын жасау» және «Тұрғын ауданы көп қабатты ғимараттарды жылыту және ыстық сумен қамту мақсатымен жасалған күн жылу энергиясын шоғырландыру технологиясы» атты жобалары коммерцияландыруға гранттар ұтып алған.
Институт жетекшісі геомеханика мәселелері, деформацияланған қатты дене механикасы және тау жынысы, жерасты құрылыстарының есептеу әдісін әзірлеу, механизмдерді, машиналарды, мехатронды және робототехникалық жүйелерін, көпфункциялы бейімді механизмдерді әзірлеу және жобалау, машина, роторлық жүйелер, вибрациялық техника және соқпа механизмдер динамикасы, күрделі механикалық жүйелері мен процестердің виртуалды және санды үлгілеу сияқты негізгі ғылыми бағыттарын атап өтті. Сонымен қатар, бірнеше салада ғылыми-техникалық бағдарламалар қалыптастыру жоспарын ұсынды.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ