01 Наурыз, 2017

Конституциялық реформаға байланысты 6 мың ұсыныс түсті - Жақсыбеков

266 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жұмыс тобына Конституциялық реформаға байланысты 6 мың ұсыныс түсті. Олар Конституцияның 98 бабының 63 бабына қатысты мәселелерді қозғап жатыр. Бұл туралы бүгін Ақордада билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі жұмыс тобының қорытынды отырысы барысында жұмыс тобының жетекшісі Әділбек Жақсыбеков мәлімдеді. "Мемлекет басшысының өкілеттігі туралы бөлімге қатысты 40-тан аса ұсыныс келді. Парламент өкілеттігі жайлы 88 ұсыныс келіп түсті. Жалпы қазақстандықтар Парламент жұмысын күшейту мәселесін қолдап отыр",  - деді ол. Сонымен қатар Жақсыбеков Парламенттік республикаға көшу туралы ұсыныстардың болғанын айтты. "Депуттатық корпустың талаптарын күшейту ұсынылды. Үкіметтің жұмысы жайлы айтатын болсақ, қазақстандықтар үкіметтің Парламентке есеп беруге міндеттілігін күшейтуді ұсынады. Сондай-ақ, бұл жерде шешімдердің Мәжіліс және Сенатпен келісімге келу арқылы қабылдану керектігі айтылады. Және үкіметтің тек Мәжіліс алдында емес, сондай-ақ, жалпы Парламент алдында есеп беру қажеттілігі туралы ұсыныстар келді", - деді Жақсыбеков. Ал конституциялық кеңеске қатысты ол 18 ұсыныстың келгенін айтты. "Конституциялық кеңесті құру тәртібін өзгерту, сондай-ақ, Конституциялық сотты қайта құру туралы ұсыныс түсті. Ал ең көп  - 2148 ұсыныс құқық қорғау және сот органдарының жұмысы жайында болды. Онда судьяларға деген талаптарды күшейту туралы, заңгер мамандығының еңбек өтілі мерзімін ұзарту туралы айтылды", - деді Жұмыс тобының жетекшісі. "Адвокаттардан да көп ұсыныс түсті. Олар адвокаттардың өкілеттігін арттырып, айыпталушылар құқықтарының кепілін арттыру және соттың санкциясы болмаған кезде қамау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа қысқарту туралы ұсыныс білдірді", - деді Жақсыбеков. Оның айтуынша, азаматтар депутаттарға жас бойынша шектеу қойып, қайта сайлануға шектеу қоюды ұсынды. Сонымен бірге, халыққа әкімдерді тағайындау мүмкіндігін беру жайы да сөз етілді. "Сұрақтардың көбі Конституцияның 26-бабына өзгерту енгізуге қатысты екенін айта кетейік. Бұл мәселе бойынша ашық пікірталас болды - түрлі пікір болды. Азаматтардың бір бөлігі өзгеріс енгізуге жақсы баға берді, ал көпшілік өзгеріске қарсы. Сондай-ақ, мемлекеттік тілдің рөлін күшейту мен ағылшын тіліне ресми статус беру және этникалық қазақтарды қабылдау тәртібін жеңілдету бойынша ұсыныстар болды", - деп атап өтті ол. Жұмыс тобының басшысы бүгін бүкілхалықтық талқылау қорытындылары ескерілген Конституцияға өзгеріс енгізу жобасы Президенттің қарауына берілетінін айтты.