Конституцияның 26-бабы ескі редакцияда қалуы мүмкін. Бұл туралы бүгін билік тармақтары арасындағы өкілеттікті қайта бөлу жөніндегі жұмыс тобының отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Д.Қонаев атындағы Еуразия заң академиясының ректоры Өмірәлі Жалайыри мәлім етті, деп хабарлайды
ҚазАқпарат.
«Конституцияның 26-бабына енгізілуі көзделген түзету шын мәнінде қоғам тарапынан үлкен резонанс тудырды. Көптеген азаматтар оны жермен байланыстырды. Сондықтан бүгінгі отырыс барысында жұмыс тобының мүшелері тарапынан бұл түзетуді алып тастау туралы ұсыныс жасалды. Меніңше, Конституцияның 26-бабы ескі редакцияда қалатын болады»,- деді ол.
Айта кетейік, бүгінгі отырыс барысында ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы, жұмыс тобының жетекшісі Әділбек Жақсыбеков Конституцияның 26-бабына қатысты ұсыныстар мол болғанын атап өткен еді.
«Бұл мәселеге қатысты ашық пікірталас болды. Пікірлер әртүрлі. Азаматтардың бір бөлігі бұл норманы оң бағалап отыр немесе өздерінің редакцияларын ұсынады. Дегенмен, көпшілігі 26-бапқа өзгерту енгізубеуді сұрауда», - деген еді ол.
Ал аталған жұмыс тобының тағы бір мүшесі, Қазақ гуманитарлық заң университеті Азаматтық-құқықтық зерттеулер ғылыми-зерттеу институтының директоры Төлеш Қаудыровтың айтуынша, 26-бапқа қатысты Қазақстан Президенті таяу күндері нақты шешім қабылдайтын болады.
«Бір айға созылған конституциялық реформаларды талқылау процесі бүгін аяқталды. Жобаны бастан-аяқ қайта қарап шықтық. Комиссия мүшелері бірауыздан жобаның 99 пайызын қабылдады деп айтуға болады. Атышулы 26-бапқа байланысты соңғы шешім қабылданған жоқ. Оған қатысты Президентіміздің шешімі болады. Осыдан кейін құжат Парламентке енгізіледі»,- деді ол.
Оның атап өтуінше, ел азаматтарынан конституциялық реформаға байланысты 6 мыңнан астам ұсыныс келіп түскен. Олар Конституцияның 98 бабының 63 бабына қатысты болды.
«Ұсыныстар жан-жақты. Үкіметтің қызметінен бастап, құқық қорғау органдарының, соттардың жастарына қатысты да мәселелерге халық қызығушылық танытқан. Ел бойынша әртүрлі деңгейдегі 200-ден астам отырыс өтті. Жалпы, 2 мың адам түсіндіру жұмыстарына атсалысты. Констиуциялық реформа қоғам тарапының зор қызығушылық туындатты деп айтуға болады», - деді Қаудыров.
Сонымен қатар ол БАҚ өкілдерінің 26-бапқа қатысты нақты шешім қашан қабылданады деген сауалына да жауап берді.
«Президент бүгін не ертең 26-бапқа қатысты өз шешімін шығарады. Елбасының пайымынша, бірінші кезекте халықтың пікірін, көзқарасын ескеру қажет. Конституция 100 пайыздық келісімнің нәтижесі болуы тиіс. Меніңше, бүкіл халықтың ризашылығын тудыратын шешім қабылданады»,- деді институт директоры.