Ордабасы ауданы, Ұялыжар ауылындағы Ысқақовтар отбасын жергілікті тұрғындар «ұстаздар әулеті» деп ардақ тұтады.
Бір қызығы, осы әулеттен шыққан 20 шақты мұғалімдердің ұстаздық өтілдерін шотқа қағар болса 600 жылды құрайды екен. Әулеттің бәйтерегі, бүгінде марқұм Сұлтан Ысқақ ағамыз «ҚазақССР-на еңбегі сіңген мұғалім», «ҚазақССР-інің халық ағарту үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Еңбек Қызыл Ту орден иесінің ұлы Әбдіқайым Ысқақтан тараған алты ұл мен үш қыздың бесеуі ұстаздық жолды таңдаған. Бір таңданарлығы, 5 перзенті ұстаз қарияның 5 келінінің де мамандығы мұғалім. Бұған 7 немересінің педагогика саласын таңдағанын қосыңыз.
Әкесі Сұлтан Ысқақ салған сара жолмен ұстаздықты нәсіп еткен Әбдіқайым ақсақал осы шағын Ұялыжар ауылындағы мектептен талай танымал тұлғалар қанаттанып ұшқанын айтады. Солардың бірі – ҚР Бірінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты, Көші-қон туралы Заң авторларының бірі Әкім Ысқақ осы Әбділқайым ағамыздың перзенті.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»