02 Наурыз, 2017

Сенім мен үміт ұялататын шығармалар

795 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

 Балалар әдебиетін тек балалар оқы­майды. Үлкендер де балалар әде­бие­тін оқығанда шым-шытырық оқи­ға­ға толы шығарманың желісіне еріп қы­зыққа толы сипаттаудың соңы не бо­лар екен деп тағатсыздана соңғы бе­тіне жеткенше асығады.

Сенім мен үміт ұялататын шығармалар

Балалар әде­биеті арқылы жеткіншектер мен жас­өспірімдер өмірдің қым-қуыт, жан-жақты аласұрған, алай-дү­лей мі­не­зімен, қоғам мен ортаның заң­ды­лық­тарымен, адамның жақсы һәм жа­ман қырларымен таныса бастайды. Кезінде танымал «Нарния хроникалары» деп аталатын фантазия жанр­ында жазылған 7 кітаптан тұратын топ­тама авторы Клайв Стейплз Льюис «Ба­лаларға арнап жазудың үш тәсілі» деген мақаласында «Алдымен балалар не қалайтынын біліп алыңыз да, тіпті оны өзіңіз жек көрсеңіз де, соны беріңіз. ...Екінші жол біріншісіне ұқсайды деп ой­ласаңыз, мәселеге үстірт қараған боласыз. Осы жолмен Льюис Кэрролл, Кеннет Грэм, Джон Толкин жазатын. Ал­дымен олар өздері танитын балаларға, кей­де тіпті аяқастынан ойлап шығарған ерте­гілерін айтып беретін. Содан кейін ол кітапқа айналатын. Үшінші жол – тек қ­ана маған сәйкес келетін жол. Ол – ер­тегі жазу», деп жазған. Осыдан келіп «Балаларға арналған шығармалар қалай танымал болады? Неге кейбір авторлардың шығармалары дүние жүзінің әр түкпірінде тұратын балалардың ең сүйікті шығармаларының қатарына қосылып, жылдан-жылға, ғасырдан-ғасырға жалғасын тауып, қазіргі оқырманға дейін жетеді?» деген сұрақ туындайды. Осындай дүние жүзіне танымал болған, әлемнің көптеген тілдеріне аударылған бірнеше шығарманы алып көрейік. Бұл шығармаларды мен соңғы бір-екі жылдың ішінде оқыған болатынмын. Ең бірінші, француз жазушысы Анна Гавальданың «35 келі үміт» (2002 ж.) кітабын айтқым келеді. «35 келі үміт»– 6-сынып оқушысы Дюбоск Грегуардың отбасы, мектебі, мектепке деген қарым-қатынасы, айналасынан түсіністік пен қолдау күтуі, бірақ өкінішке қарай, мектеп талаптарына сай келмей ылғи ескерту алып, ең нашар оқушының тізімінде болуы, соған қарамастан, жүрегі мейірімге то­лы, қолымен бар жұмысты істеуге дайын тұрған үміті мен арманы асқақ ба­ланың өмірі туралы. Осы кітапты оқып біткенде, «бәрі жақсы болады деген үміт» қай оқырманның болса да жү­регінде бірден ұялайтынын түсіндім. Бұ­рын кітапты оқып біткенде одан не кү­тетінім есімде жоқ, енді оқы­ған кітап­та­рым­нан, әсіресе, балаларға арнал­ған шы­ғар­малардан, қуаныш пен үмітті із­дей­тін болдым. Осындай ерекше сезім қал­дырған тағы бір шығарма норвег ж­а­зушысы Мария Паррдың «Вафли жү­­рек» (2005 ж.) кітабы. Бұл кітап Швеция, Франция, Польша, Германия, Нидерланд елдерінде жарық көрген, «Күміс грифель» сыйлығын алған. Кітаптың басты кейіпкерлері Трилле мен Ленаның бастан кешкен, кейде тіпті, қау­іп-қатерге толы оқиғалары ешкімді бейжай қалдырмайды. Үлкендер оларды кей­де түсініп қолдап жатса, кей кездері ба­ла жүрегінде не болып жатқанын біл­мей де қалатын. Бірақ балалардың ара­сын­дағы достық бәрінен де күшті болып шы­ғады. Үшінші кітап, бұдан 100 жыл бұ­рын шықса да, осы уақытқа дейін оқыр­манын ерекше сезімге бөлейтін таны­мал роман – «Полианна» (1913 ж.). Бұл романның авторы америкалық жазу­шы Элинор Портер. Осы романның же­лісі бойынша көркем фильм мен сериалдар да түсірілген. Романның басты кейіпкері он бір жасар Полианна жетім қалып тәтесінің үйіне көшіп келуге мәжбүр болады. Ол «сыйлыққа қуыршақ қалағанда, саған балдақ сыйласа» қалай қуану керек екенін айтып бере алады. Басты кейіпкердің «қандай жағдай болса да, қуана білуге үйрететін ойыны» қалашықтағы барлық адамның жүрегін жау­лайды. Осы ойын және мінезінің ашық­тығы, ақкөңіл және сенгіш, жаны таза қыз баланың қоршаған адамдармен қа­рым-қатынасын айқындап, айналасын өзгертуге септігін тигізеді. Өзіне, іс­тегені мен айтқанының дұрыстығына де­ген сенім, кейде қателесіп жатса да, оны түзей алуы, ең бастысы, адамдарға деген мейірімі мен сүйіспеншілігі оның қа­сына барлық адамды топтастырады. Бұл романды қуануға үйрететін кітап дер едім және барлық адамға оқуға кеңес беруге болатын шығарманың қатарына жатқызуға болады. Үлкендер сияқты, бала да өзінің жа­ны, сезімі, қалауы мен уайымы, арманы мен өз әлемі бар тіршілік иесі. Оған өмірдің сабағын алуға, шынайы өмірді еш бояусыз қабылдауына кедергі болмау­ы­мыз керек болар, дегенмен, жақсы ер­те­гілер, әңгімелер мен хикаяттар, ани­ма­циялар, көркем фильмдер ұсыну ар­қы­лы баланың жан дүниесін асқақ армандар мен қиял-ғажайыпқа жетелеу өте ма­ңыз­­­ды. Бала шығарманы оқып отырып тек өмірдің қиындығын, ауыртпалығын, әлеу­меттік мәселелерді ойлап, мұңайып, қай­ғырып, қиындықтан шығар жолды із­дей алмайды. Балаға қиялын ұштайтын, ар­манын асқақтататын, жүрегіне мейірім мен сыйластық, батырлық пен батылдық, се­нім мен үміт ұялататын шығармалар қай кезде де керек.

Бақытгүл САЛЫХОВА,

педагогика ғылымдарының кандидаты