02 Наурыз, 2017

Жамбыл Артықбаев. Нағанай бек

1112 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
«Қазақ хандығы жасақталу барысында оның аясында әр тараптан жиналған ел-жұрттың ру-тайпалық құрылымының жаңаша жүйеленгенін пайымдау қиын емес» деп жазыпты белгілі фольклортанушы-ғалым Ақселеу Сейдімбек. Қазақ мемлекеті аталатын әкімшілік-территориялық құрылымның негізі болып табылатын жаңа ру-тайпалық жүйенің өмірге қалай келгенін түсіну үшін этноәлеуметтік құрылымның ірі бірліктерінің тарихына терең үңілген дұрыс. Осы орайда біз қоңырат тайпасының түп атасы Нағанайға қатысты деректерді саралап, Қазақ хандығының жасақталу заңдылықтарының бірін анықтаймыз. Шежірелік деректерге қарасақ, қоңыраттың түп атасы Нағанайдың отыз баласы болыпты-мыс. Қазақ қо­ңы­рат­тары оның Жығалы, Мелдеби, Орын­би деген үш баласынан тарапты, қалғандары Жиделібайсын жақта екен делінеді. Қоңырат – миф пен аңыз кейіпкері, ал Нағанайды біз Хорезм аймағының басшысы ретінде Алтын Орда дәуірінен көреміз. Хорезм мен Қазақ даласы тым ерте замандардан-ақ қоржынның екі басындай жақын болған сияқты. Ерте ортағасырлық саудагерлердің жазбаларына қарасақ, Хорезмнен қазақ даласына бастайтын жол Жанкент шаһары арқылы жүреді. Түркістан-Ташкент сау­да керуендерінің біразы қазақ даласына осы қала арқылы шығады. Гардизи «Зайн ал-ахбар» кітабында (ХІ ғ.): «Что касается пути к кимакам, то из Фараба (Отырар-Ж.А.) идут в Янгикент, на пути из Янгикента в страну кимаков вст­речают реку, переправляются через нее и приходят в пески; тюрки называют это место Уюкман (Қарақұм-Ж.А.). Дальше приходят к реке Сокук (Торғай-Ж.А.); после переправы через нее начинаются солончаки. Дальше приходят к горе Кендир-тагы (Ұлытау-Ж.А.). (Путешественник) идет все по берегу той же реки, среди зелени, травы и деревьев, до истока реки; гора высока. После этого поднимаются на гору по узкой тропинке. От горы Кендир-тагы приходят к реке Асус (Есіл-Ж.А.); по этой дороге в течение пяти дней на людей совсем не падает свет солнца вследствие тени деревьев, до самого берега Асус вода в реке черная. После этого приходят к реке Иртыш, где начинается страна кимаков...» дейді. Бұл байланысты Шыңғыс хан да ескергенге ұқсайды. Өтеміс қажы өзі­нің «Шыңғыс-наме» кітабында: «Әмма Йожы-хан барча оғланларындын улу­ғрақ әрді. Әзім ләшкәр қошуб Дәштә Қыпчақ вілайәтінғә салғаба йібәрді. Атларыңға йәм болсун тәб Хварәзм вілайәтіні бәрді. Чүн Йожы-хан Дәшт-і Қыпчақ вілайәтінға кі мүтәвәжәжіһ болды. Улуғ-тағ-кі мәшһүр турур, аңа йетішділәр», – деп жазды. Сөйтіп, Жошы иелігіне тиген ұлан-ғайыр ұлыстың орталығы Ұлытау болды. Орта Азияны жаулап алу (1219-1222 жж.) барысында Үргеніш түбіндегі соғыс Жошы хан мен інілері арасындағы жан­жалды ушықтырып жібергені бел­гілі. Ханзадалар Хорезмшах астанасын тез қоршап алған болатын, бірақ Жошы өзіне тиісті мегаполисті қиратуға қи­мады. Шыңғыс хан билікті Үгедейге тап­сыр­ды. Бір жағы Шағатайдың қылығына, екіншіден, әкесінің билікті Үгедейге жығып бергеніне наразы бол­ған Жошы қош айтпастан Ұлытауға ке­тіп қалды. Қазақ хандығы тарихының оның алдындағы Жошы Ұлысы (Ұлұғ ұлыс, Алтын Орда) аталған империялық құры­лым­мен тығыз сабақтасып жатқаны мә­лім. Әуелде Алтын Орданың хандық та­ғына отыру құқығы Жошының үл­кен баласы Орда-Еженге тиесілі бол­ғанымен, ол өзінің ағалық жолын бір шешеден туған інісі Батуға бе­ріп, өзі сол ұлыс құрамына енетін Ақ Ор­да­ны (сол қанатты) басқарды. Ақ Орда­ның аумағы Орталық Қазақстан же­рін Сыр бойымен қоса қамтып жатты, яғни Хорезм өлкесі осы саяси-экономикалық кеңістіктің бір бөлшегі. Қазақ шежіресіндегі қоңыраттардың түп атасы ретінде сипатталатын Нағанай бек­ті біз Хорезм уәлаятының басшысы ретінде көретініміз де сол себептен. Нағанай бек – Алтын Орданың ерекше гүлденген заманында билік құрған Өзбек ханмен жасы шамалас, ал оның баласы Жәнібек ханның кезінде Орданың қараша бектерінің бірі. Оның Алтын Ордадағы қызметі әйгілі ұлысбегі Құтлық Темірге ұқсас. Тақ мүддесіне қалтқысыз қызмет еткен, сондай-ақ Ұлығ ұлыста исламның мемлекеттік дін ретінде орнығуына өз үлестерін қосқан бектерге ерекше құрмет көрсетілген. ХІV ғасырдың басында өмір сүрген Муин ад-Дин Натанзи қаламынан туған, бірақ «Ескендір анонимі» деп шартты атпен танылған шығармада «Өзбек хан елі тарапында Әмір Нағадайдай елеулі тұлға болған емес» деген жолдар бар. Нағанай бек өзінің карьерасын им­пе­р­ияның орталығы Сарайда бас­та­­ған сияқты, бұл сол заманда қараша бек­тердің міндетті қызметтік сатысына ұқ­сайды. Ибн Халдунның жазуынша, Құт­лық Темір біраз уақыт Қырымда да қыз­мет істеген. Нағанай бек те ордада қыз­мет еткеннен кейін Хорезм аймағына барып, Жошы ұлысы ыдырар алдында Үргенішті билейді. Бір қызығы, бұлар бір-біріне туыс қана емес, хандармен де жекжат. Құтлық Темір Өзбек ханның әп­кесін алған, баласы Һарунбекке Өз­бек­­тің Тайдулы ханымнан туған қы­зын әперген; Нағанайдың қызы Кебек бегім Өзбек ханның екінші ханымы, сонымен бірге Өзбек ханның қызы Шекер­би­кеге Нағанай ұлы Аққұсай­ын­сопы үйленген. Жалпы, Нағанай есімінің тарихи ең­бек­ке енуі саяхатшы Ибн Баттутаның арқасы. Ол 1334 жылы Өзбек ханның Қырым маңына жайлауға шыққан ордасына барғанда өзінің Нағанай бекпен жолыққанын жазады. Ибн Баттутаның алдымен бас ханым Тайдулы бегімнің ордасына салем берген соң, келесі күні Кебек бегімнің ордасына барғанын оқимыз. «Ханым жайлы төсеніш үстінде киелі Құран кітабын оқып отырды» дейді Ибн Баттута. Меймандардың иіліп амандасқан ілтипатына Кебек ханым соншама биязы түрде жауап беріп, сәнді тостағандармен қымыз алдырады. Саяхатшыға құрметін білдіріп, өз қолымен ұсынады. «Бұл Нағадай бектің қызы. Әкесін көрдім. Зор денелі кісі. Аяғына тұз байлану дертімен ауырады екен. Аяғын баса алмайтын болған соң, көбіне арбамен жүреді. Бір жерге бару керек болса, қызметшілері оны қолдарымен көтеріп алып келеді, соңыра солай алып кетеді», – деп жазады Ибн Баттута. Сонымен, Нағанай – Хорезм (Хиуа) өңірін билеген ұлысбектер әулетінің өкілі. Әуел баста Жошы ханға тиесілі ұлыс шекарасы белгіленгенде оның на­ғашысы болып келетін қоңыраттар өз үлесіне Хорезм өлкесін алса керек. Осылайша бұл әулет жалпы қоңырат атымен белгілі толып жатқан әкімшілік-территориялық бірліктердің барлығына да басшылық жасаған. Қоңыраттың түп атасы Нағанай де­ген дерек қарақалпақ халқында да ба­р. «Нағанайдың арғы тегі кім? Ол қо­ңы­раттың қай тұқымының ұрпағы?» де­ген сауалдарға жауап іздеген ғалым Жа­­р­­ылқап Бейсенбайұлы «Нағанай бек және оның ұрпақтары» атты мақа­ла­­сында оны Алтын Орданың Тоқтай хан заманындағы (1291-1312 жж.) әй­гілі қоңырат бектерінің ең мәртебелісі бол­ған Салжұдай ноянмен байланыстыра­ды: «Салжұдай – Жошы ұлысының дүм­ді бектерінің бірі. Әкесінің аты – Бұлаған ноян. Бұлаған бек – өз уақытында Шыңғыс ханның Еке Моғұл ұлысының төрт тірегі болған ұлдарының кенжесі, қара шаңырақ иесі Төленің туған немересі – Келміш бикеге құда түсіп, баласы Салжұдайға алып берген. Салжұдай мен Келміш бикеден туған Олжай бегім Ұлұғ ұлыстың ханы Мөңке Темірге (1266-1282 жж.) шығып, екеуінің некесінен Алтын Орданың 1291-1313 жылдардағы билеушісі Тоқ­тай хан туған» («Ана тілі» газеті. 2012, №19.). Ж.Бейсенбайұлы америкалық ға­лым Ю.Брегельдің ортаазиялық қо­ңы­рат­тардың әулеттік тарихын зерт­те­ген еңбегіндегі «30 мың үйлі қоңырат пен 100 мың үйлі басқа да түрк жұрт­та­рын басқарып, Бұлғар, Шеркес, Қа­зан ұлыстарын биледі, оның баласы Нағд­айды (Нағанай) Өзбек хан Еділ да­риясының төменгі ағысындағы елге би етті, ол бек Хорезмде жерленді» деген де­ректерге сүйеніп, Нағанайдың әкесі Аға­дай баһадүр деп байлам жасайды. Оған бір қосымша дәлел, Хиуа тарихшылары Ширмұхаммед Мунис (1778-1829) пен Мұхаммед Риза Агахидің (1809-1874) «Фирдаус ал-Икбал» атты шығармасында аталатын Бұлғарды бі­раз жыл билеген Ағадай баһадүр. Ол орыстар мен шеркестерге қарсы жо­рықтарға шығып, ол жерлердегі қалалардың қорғандарын қалпына кел­тір­і­пті. Мунистың жазуынша, Ағадай 1312-1313 жылдары болған бір соғыста қа­за тапқан. «Ағадай туралы бұл мәлімет Ю.Брегель еңбегіндегі Өзбек ханның ке­зін­де қараша бек лауазымында болған Нағанайдың әкесінің аты Ағадай еді деген қисынды одан әрі дәйектей түседі» дейді Ж.Бейсенбайұлы. Сонымен, Ағадай өз әкесі Салжұдайға тиесілі болған жоғарғы дәрежелі ұлыс­бек міндетін жалғастырған болып шы­ға­ды. Егер Рашид ад-дин мәліметіне сүйе­ніп, Салжұдай 1302 жылы дүниеден озған десек, оның ұлы Ағадай 1312-1313 жылы өткен бір соғыста қаза болды деген қисынды, ал оның ұлы Нағанайдың 1360 жылдары дүниеден озуы әбден мүмкін. Алтын Орда – қазақ жерінде өмір сүр­ген империялық құрылымдардың соң­­ғысы. Осы мемлекеттік құрылым теті­гі­нің бірі ханға сенімді қараша бек­тер­ді империя құрамындағы аймақ­тар­ға ұлысбегілікке жіберу еді. Ибн Баттута бұл қызметті «уәли» деп атаған. «Алтын Орда хандарының жар­лық­тары» деп аталатын құжаттардың ішін­де ғылыми айналымға «Жәнібек хан­ның венециялық көпестерге 1342 жыл­ғы жарлығы» деген атпен енген дерек бар. Оның төменгі жағында Алтын Орданың әйгілі сегіз бегінің есімдері тізілген және ең бірінші боп Нағанай есімі жазылып тұр. Бұны Нағанайдың ордадағы бедел-биігінің сол кезде қандай деңгейде екендігін байқататын салмақты деректің бірі ретінде қабылдауға болады (Бейсенбайұлы Ж. Алтын орданың түркі бектері // Мәдени мұра. –Астана, 2012. №3. – 45-56 б.). Арада біраз жылдар өт­кен­­де, яки 1358 жылы Жәнібек ханның ба­­ласы Бердібек ханның да Венеция кө­пес­теріне қатысты жарлығында ті­зімде бі­рін­ші боп Нағанай баласы Аққұ­сайын­сопы есімі жазылған. Бердібектен кейінгі саяси дағда­рыс кезінде Нағанай өз балала­ры Ақ­құс­айын­сопы, Жүсіпсопы, Сүлеймен­со­пы­лармен бірге Хорезм ұлысын дербес мем­лекет ретінде биледі. Шағатай иелік­те­­рін біртіндеп өзіне қарата бастаған Әмір Темір 1372 жылы Үргенішті қор­шап, қорғаныс шайқасы кезінде Аққұсайынсопы қаза табады. Оның орны­на билікке келген Жүсіпсопы, амал жоқ, Әмір Темірмен келіссөзге шығып, Қият пен Хиуадан бас тартуға мәжбүр болады. Әмір Темір мен Жошы ұлы­сын қайта қалпына келтіргісі келген Тоқ­тамыс хан арасындағы кикілжің та­лас­тардың кезінде Хорезм аймағы жыл­дан жылға құлдырай бастайды. Ақы­ры Әмір Темір 1388 жылы Үр­ге­ніш­ке шабуыл жасап, тамыры тереңге кеткен мем­лекеттілік жойылды. ХVІІІ ғасырдың басында Хиуа деп атала бастаған Хорезм ханды­ғы­н­ың би­лігіне қайтадан Нағанай ұр­пақ­та­ры­ның келу үрдісі байқалады. 1760 жыл­дарға дейін тақ төңірегіндегі жо­ғар­ғы орындарға тағайындалып жүр­ген қоңырат бектерінің арасынан Іш­мұ­хаммед би жаңа қоңырат әулетінің негізін қалайды. Бұл әулет өздері хан тұқымы болмағаннан кейін, таққа кейде қазақ сұлтандарын да шақырып, мәртебелеген сияқты болғанымен, өз­де­рі инақ деген лауазымды иеленіп, не­гізгі би­лікті қолдарында ұстап отырды. Олар 1920 жылға дейін Хиуа хандығының тіз­гінін қолдан шығарған жоқ. Хиуа та­рихшыларының жазбаларында сол қо­ңырат билеушілерінің бәрінің Өзбек ханның замандасы, Қият қаласындағы Аббас Уәли шейхтың мазараты қасында жерленіп, басына биік кесене орнатылған Нуғдай бидің (Нағанайдың) ұрпақтары екендігі әрдайым назарға алынады. Қоңыраттардың бір тобы Наға­най және оның ұрпақтары билеген Үр­геніш, Хиуа өңірлерінде, сондай-ақ Өзбекстанның Сұрхандария облы­сын­да­ғы Байсын аймағында орнықса, қазақ қо­ңыраттарын құраған үлкен бір тобы Сыр бойына қоныстанып, Ұлытауға дейін көшіп жүрді. Қоңырат ішіндегі ру­лар­дың түп төркіні қазақ құрамындағы же­ке-жеке рулар екенін және түрлі се­бептермен қоңырат тайпасы атауы төңірегіне ұйысқаны аңғарылады. Бұл мәселенің Хорезм, Әмудария ай­ма­ғ­ын ұзақ уақыт билеп, Сыр алабына кеңінен танылған Нағанай бек пен оның әулетінің атақ-абыройымен байла­нысып жатқандығын жоққа шығаруға бол­майды. Оны қазақ қоңыраттары ше­жірелеріндегі Сыр, Түркістан өңір­ле­рі мен Үргеніш арасындағы қарым-қа­тынастарды сөз ететін деректер де қуат­тайды. Қазақ хандығы ірге кө­тер­генде, оның құрамына енген, оған дейін На­ғанай бектің қарамағында болған қо­ңыраттар жаңа мемлекетті жасақтауға ті­келей қатысты. Осылайша Нағанай аты қоңыраттың түп атасы ретінде Қазақ хандығының шежіресіне енгеніне еш күмән жоқ. Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор