Егерь Анатолий Солоповтың қысымен өзі баладай күткен бұйра бірқазан Кешаны көктемде үйіріне қосу туралы арман-мақсаты көп еді. Ол Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген сирек құсты Қарағандыдағы хайуанаттар паркіне жіберудің қажеттігі жоқтығын Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі Қостанай облыстық аумақтық инспекциясындағы мамандарға айтып түсіндіре алмағанына өкінеді.
Өткен жылдың қазан айының аяғына қарай көл жағасында суықтан бүрісіп тоңып отырған бірқазанның балапанын Сарыкөл кентінің тұрғыны А.Базарбаев тауып алып, бірден Урицкий орман шаруашылығы басшылығына хабарлайды. Ертеңіне орман шаруашылығының мамандары құсты Әулиекөл ауданындағы балық шаруашылығымен айналысатын «АФД-ЭКСПОРТ» ЖШС-нің егері Анатолий Солоповқа жеткізіп береді.
– Құс жұмыртқасын кеш шайқап, балапан кеш шыққан болуы керек. Әлде жем-азығы дұрыс болмады ма, ол күзде әлсіздіктен үйірімен бірге көкке көтеріле алмай, адасып қалып қойған, сірә. Алғашқы күндері бірқазанға дайындалған орын болмағандықтан, тоңып қалмауы үшін оны машинаның кабинасына салып, алып жүрдім. Тез үйренісіп, адамнан үрікпейтін болды, – дейді Анатолий Федорович.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі облыстық аумақтық инспекциясының мамандары жақында келіп бірқазанды көріп кеткен. Олар құсты бұлай ұстауға болмайды деген пәтуаға келді.
– Бірқазанның күтімі «Жануарларды еркіндіксіз және жартылай еркіндік жағдайда ұстау» ережесіне сай келмейді. Ереже бойынша құсқа арнайы орын, бөлмеде желдеткіш, температура бірқалыпты болуы керек. Мамандар келгенде құс аулада жүрген. Сондықтан өліп қалмауы үшін оны Қарағанды хайуанаттар паркіне жіберген дұрыс деп шештік. Біз аталған ереженің сақталуына маңыз береміз әрі құстың өліп қалмауының алдын аламыз, – дейді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі облыстық аумақтық инспекциясы бастығының орынбасары Ғылымхан Молдағұлов. Алайда, келген мамандар бірқазанның жағдайы жақсы екенін, ауырмағандығын мәлімдеп кетеді. Егерь Анатолий Солопов инспекцияға бірқазанның күтімін өз міндетіне алатынын айтып, кепіл хат жолдайды. Бірақ ол инспекция мамандары тарапынан қолдау таппапты.
– Қыс бойы менің қолымда болғанда ауырмаған құс енді біржарым айда ауырмайды. Ол балапан емес, қазір шамамен 8-9 айлық болып қалған. Оны сәуірдің ортасында «Науырзым» мемлекеттік табиғи қорығындағы көлдерге жіберу керек еді. Дәл сол уақытта қорық көлдеріне Кешаның бұйра бірқазан басқа да құстары келіп жетеді, ол үйіріне қосылып кетер еді, – деп қынжылады егерь.
Біз облысқа ғана емес, республикаға белгілі орнитолог маман-ғалым Евгений Брагиннің бұл жөніндегі пікірін білгенбіз.
– Әрине, құсты еркіндікке жіберген дұрыс еді. Мен бірқазанды көрген жоқпын, бірақ естуімше оның жағдайы жақсы. Жарақаты жоқ, ауырмаған. Сәуір айы туған соң-ақ бірқазандар келіп қалады. Оны өзінің үйіріне қосылатындай етіп жіберу керек, кез келген су айдынына жібере салуға да болмайды. «Науырзым» қорығында оны бақылайтын мамандар да, құралдар да бар ғой. Ал хайуанаттар паркі жануарларды құтқаратын орын емес, – дейді Евгений Александрович.
Анатолий Солопов қысымен баққан бұйра бірқазанды машинасының кабинасына отырғызып алып, Әулиекөл селосына әкелді. Онда күтіп отырған мамандар Кешаны арнайы жасалған тор жәшікке салып, Қарағандыға алып кетті. Туған жер табиғатына патриоттық сезіммен қарайтын Анатолий Федоровичтің Кешаны үйіріне қосу үшін көктемде «Науырзым» мемлекеттік табиғи қорығына апару, оған антенна қыстырып, бақылау туралы мақсаттарының барлығы қиялға айналды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ