02 Наурыз, 2017

Қостанайға халықаралық қаржы институттары келеді

155 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Облыс экономикасына инвестиция тарту жұмысына аса мән беріліп отыр. Осыған орай облыс басшылығы және белгілі кәсіпкерлердің халықаралық қаржы институттары – Азия даму банкі, Дүниежүзілік банк, Еуропа қайта құру және даму банкі, Қазақстанның даму банкі өкілдерімен кездесуі болды. Маңызды шараны ашқан облыс әкімі Архимед Мұхамбетов әріптес қонақтарға өңір экономикасын дамыту үшін сырттан инвестиция тартуға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті. Инвесторлар үшін облыста қолайлы жағдай бар екендігін де еске сала отырып, соңғы жылдары қол жеткен жетістіктерге шолу жасады. Облыстың өнеркәсіп құрылымында соңғы жылдары өңдеу саласының үлесі артып, ол 52 пайызға жет­ті. Құрылыс индустриясында, машина жасауда, ме­талилек саласында қуатты кәсіпорындар ашылды. Өң­д­еу кә­сіп­орын­дарын іске қосу инвестициялық мол қар­жының ар­қасында мүмкін болады. Сондықтан, облыс әкімінің жа­ңа орынбасары тек сыртқы байланыс, ин­дустриялық даму, инвестиция тарту мәселелерімен ай­налысады. Уа­қы­­тында осы инвес­тиция тарту жұ­мыс­­­тарының ақсауы сал­­дарынан аудандар мен қа­ла­ларда жұмысы басталмай жатып тасталған кә­сіп­орындар қазір қаңырап тұр. Өткен жы­лы бір кездері мем­лекеттік бағдарлама аясындағы жо­ба деп саналған, кре­дит алып, қаншама қаржыны желге ұшы­рып, қазір жұ­мысы тоқтап тұрған осындай нысандар қайта тек­се­ріліп, олардың тізімі жасалды. Облыс бас­шы­лығы мен мамандар инвестиция тартып, мүм­кін­діктер қа­рас­тырылса, оларды әлі де қатарға қосуға бо­лады деп түй­ген еді. – Қазір төлқұжатталған осындай 152 нысанды на­зарға алып отырмыз. Бұлар біздің үстеліміздің үс­тін­де жа­татын кітапшамыз секілді, оларды түрлі форум­дар мен кез­десулерде инвесторларға ұсынамыз. Ин­вес­тор­лар ын­та білдірсе, мемлекет те қарап қал­майды. Бұл іске әлеу­­меттік-кәсіпкерлік корпорация, мем­ле­кет­тік бағ­­дар­ламалар арқылы мемлекеттің қа­ты­суы қам­та­масыз еті­леді. Демек осы өндірістік ны­сан­дар­­ға газ, су жүргізу, жол төсеу керек болса, инфра­құ­ры­­лымын жақ­сартуға ба­рын­ша көмек береміз, сонымен қа­тар инвес­тициялық суб­сидия ұсыну да болады, – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов. Өңір басшысы дәл қазір инвестицияға мұқ­таж жо­балардың бірсыпырасын атап та өтті. Мы­салы, Қос­та­най қаласының солтүстік-батыс бө­лігінде са­лынатын аг­­ро­өнеркәсіп паркі 40 пайыз қар­жы­лан­дырылды, қал­­ғанына инвестиция тарту көз­дел­г­ен. Сонымен қа­тар, Елизавета және Қарабалық кенттеріндегі брой­лер құс фабрикалары, облыс ауданд­ары мен қа­ла­ла­ры­нан тү­­сетін бірнеше жы­лы­жай, бірнеше желілік эле­ва­тор­лар, Қостанай қала­сын­дағы май сығатын зауыт та инвесторын күтіп тұр. Кездесуде «Тобол» әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­по­рациясы облыстағы инвестиция қажет ететін өнді­рістік нысандарды қаржы институты өкілдеріне жа­қы­ны­рақ таныстырды, ал өз кезегінде банктер өкілдері де өз ұсыныстары мен мүмкіндіктері туралы айтып бер­ді. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов пен Азия да­му банкінің директоры Джованни Капаннелли ын­тымақтастық меморандумына қол қойды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан»