Қасым Аманжолов – 100
Қазақтың қара өлеңінің жыр керуені ХХІ ғасырға аяқ басты. Оның бастау бұлағында халқымыздың аса бай ауыз әдебиеті, бабаларымыздың тасқа қашап жазып кеткен асыл жәдігерлері, жыраулық поэзияның інжу-маржандары жатқандығы ғылыми дәлелденді. Ал жазба поэзия туралы сөз еткенде, ең алдымен ұлы Абай жырлары жадымызда жаңғырып тұрады. Сол Абайдан соңғы ақындар ішінде алдымен ауызға ілінетіні Мағжан мен Ілияс сияқты біртуарлар екендігі де айтылып та, жазылып та жүр. Олардан кейін қазақ өлеңіне тың леп, жаңа дауыс әкелген Қасым Аманжолов десек, ақиқатқа жүгінгеніміз болар.
Қасым ақын 1911 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Жастай жетім қалған ол Семейдегі интернатқа түседі. Сонда сауат ашады. 1927-1930 жылдары Семей малдәрігерлік техникумында оқиды. Одан соң Орал қаласындағы педагогикалық институтта, біраз уақыт Ленинградтың (Санкт-Петербургтің) орман шаруашылығы институтында да білім алады. Бірақ оны денсаулығына байланысты бітірместен, 1932 жылы Алматыға келіп, «Лениншіл жас» газетіне қызметке орналасады.
Дәл осы кезден бастап оның өлеңдері баспасөз бетінде жиі көрінеді. Қалың оқырман Қасымды ақын ретінде 1936-1938 жылдары ғана тани бастаған. Алғашқы жеке өлеңдер жинағы «Өмір сыры» деген атпен 1938 жылы жарық көреді. Бұдан басқа өзінің көзі тірісінде «Гроза» (орыс тіліне аударған Дм. Снегин) – 1946, «Дауыл» – 1948, «Балбөбек» – 1949, «Стихи» (орыс тілінде) – 1949, «Нұрлы дүние» – 1950, Таңдамалы шығармалары – 1952 жылдары тасқа басылып шығады.
Әр өлең кітабы шыққан сайын Қасым ақын жырлары байтақ қазақ даласына кең құлаш ұрып, жайыла түсті. Әсіресе «Дауыл» кітабындағы өлеңдері ақынды бұрын ешкім шықпаған биік шыңға шығарды.
Биылғы жылы Қасым Аманжоловтың туғанына 100 жыл толғалы отыр. Осы ретте Қасым өмірдерегіне, оның шығармашылығы туралы айтылған кейбір бағалы пікірлерге, оның мәңгі өшпес өлеңдеріне бүгінгі ұрпақ көзімен қайта бір зер сала қарап, сол ойларымызды оқырманмен бөліскіміз келді.
Қасым небәрі 44 жасында өкпе ауруынан мезгілсіз дүниеден озғаннан кейін, Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан 1955 жылы шығармаларының толық жинағы үш томдығының бірінші томы жарық көріпті. Кітаптың алғысөзін Тәкен Әлімқұлов жазып, түсініктемелерін Есмағанбет Исмаилов әзірлеп, жалпы редакциясын Сырбай Мәуленов басқарған екен. Ақын замандастары сол кездің өзінде Қасымның орнының ойсырап қалғандығына өкініш білдірген.
Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов бір топ ақынға мінездеме береді: «Қырғи тілді Асқар, сыршыл үнді Әбділда, майда қоңыр Ғали, басым сөзді Тайыр, күйлі-мұңды Қасым, ізденгіш те тапқыш Хамит, сырлы сазды Сырбай, салқын ойлы Саин».
Осындағы Мұқаңның дуалы аузына іліккен «күйлі-мұңды Қасым» жырлары өзінің өміршеңдігімен бүгінге дейін қазақтың өлең көшін алға сүйреп келе жатқан құдіретті күшке, рухты, өршіл, өжет, жалынды, лепті қасиеттерге суарылғандығын өмірдің өзі дәлелдеп отыр.
Қасымның замандас інісі, асқан шебер сөз зергері Тәкен Әлімқұлов ойлары әлгіндегі Әуезов айқындамасының ілікті жалғасындай әсерге бөлейді: «Қасым поэзиясы домбыраның сағағынан күмбірлеп сорғалаған қоңыр күйге ұқсайды. Бұл күйден көңілінің санасы барлар әрқашан да мол ләззат, нәр алып, кең тыныс табады. Қаншама тыңдасаң да жалықтырмайтын өміршіл күй, бұл! Сезіміңді тереңдетіп, мейіріміңді молайтып, қиялыңа қанат қақтыратын, жаныңды шабыттандыратын Қасым поэзиясы жаңарған өмірге әржақты жараса бермек. Сондықтан да өлімнің құшағына сыймайтын ақындардың бірі өзіміздің Қасым деп білеміз.
Қасым өз халқының, өз қоғамының, өз дәуірінің шежіресі ретінде мәңгі өшпес шындықтарды тарихқа қалдырды... Тауға шығып, жаңарған кең далаға қарасақ, қатарымызда Қасым тұрғандай көрінеді. Рауандап атқан «таң жеңгені», «қанаты қанға малынған ақша бұлтты», кешкі шымқай арайды көргенде Қасым есімізге түседі. «Алыстағы нажағайдың қара түнгі қанаты» жарқылдағанда, аспан сатұр-сұтыр жарылғанда, дауыл ысқырып соққанда арасында Қасым жүргендей сезіледі. Сіркіреп жаңбыр жауғанда ақын жаны ауамызда қалықтап жүзіп жүргендей болады. Қарауылға тұрған ай да, заңғарда жүзген жұлдыз да, Сарыарқа жақтан ескен жібек қанат самал да Қасымды есімізге салады... Қайда жүрсек Қасымның жыры, Қасымның әні жадымыздан шықпайды». Жүрек толқытарлық, жан тебірентерлік осы жолдарды оқығанда, Қасым ақынның құдіреттілігін сезінгендей боласың. Шынында да бүгінгі ұрпақ Қасым жырларына қазір үңілсе де, сондай күй кешетініне риясыз сенесің. Ол үшін әр оқығанда, әр қырынан көрінетін, оқыған сайын жаңа бір тылсымы, тосын бір жұмбағы ашылатын Қасым әлеміне сүңгисің. Ондайда тек ақынның қаламынан туған жырларына жүгіну керек-ақ.
Әр ақын тарих қойнауында жатқан алдыңғы көшке ілеседі. Сол көштің әсем әуезін, асыл меруертін бойына сіңіреді. Алдыңғы лектің асқақ рухына, мәңгі өшпес мақамына еліктеу арқылы, өз жолын, өз соқпағын табады. Қасым ақынның өзіндік бітім болмысы, бүтін тұлғасы дәл солай қалыптасқан.
Өз шығармашылығының алғашқы жылдарында халық ауыз әдебиетінің ақпа-төкпе, желдірме-терме ырғағына бой ұрған кездері де болған.
Күндерде күн болғанда,
Кеудеге зіл толғанда,
Дүние азып-тозғанда,
Айуаншылық қозғанда...
Белес, белес асқанда,
Шалқып көңіл тасқанда,
Жерді жеңіп, жентектеп,
Жібек желді жетектеп,
Шыққанда ұшып аспанға,
Көктің қойнын ашқанда,
Бар әлемге танытқан,
Өмір сырын ағылтқан...
Табиғатты иіткен,
Жер бауырын жібіткен,
Жер сауырын гүл еткен,
Бетін торғын, нұр еткен,
Сай-саласын ну еткен,
Бетпақ шөлін сулы еткен,
Құм мен сорын шөп еткен,
Дөң, адырын көк еткен,
Қойнын ашып, кен еткен,
Мол байлыққа кенелткен, – деген сияқты жолдар Қасымның жасынан ауыз әдебиетінің уызына жарып өскен талант екендігін айғақтайды. Бұл енді, әсіресе қазақ ақыны үшін айнымас табиғи заңдылық десек те қателеспейміз.
Қасым туған Қарқаралы өңірі ұлы Абай туған Шыңғыстаумен көршілес, еншілес орналасқан. Оның екінші бір бастау бұлағы, ақындығының қайнар көзі – бала кезінен естіп өскен Абай жырлары. Есейе келе, Семейге барған кезінде жас Қасым Абай өлеңдерімен, Абай рухымен тіптен жақын танысты. Шығармашылығының бастапқы кезеңінде Абай жырларынан тәлім алды. Оның Абай мектебінен мол сусындағандығы ақынның алғашқы өлеңдерінен қылаң беріп қалады.
Мысалы:
Қара көз, қиылған қас, жазық маңдай,
Алма бет, ақша жүзі нұр тамғандай.
Қыр мұрын, оймақ ерін, меруерт тіс,
Бейне мақпал қызыл тіл шекер балдай.
Төгілер иығына қара шашы,
Жібектей жүз құлпырған дамыл алмай,
Күмбездей жарқыраған мойыны бар,
Тамағы күн шалмаған ақ торғындай.
Тік иық, сүмбіл білек, кербез кеуде,
Қос емшек ақ төсінде қос алмадай...
(Сұлудың сымбаты, 1935).
Ішім пысты жалықтым,
Жүре алмай енді аяңдап.
Кенде қаппын, жаңа ұқтым,
Не болса соған аялдап.
(1940).
Құлашты сермеп,
Қырандай өрлеп,
Шықтым өмір шыңына!
Қиырды болжап,
Тереңнен толғап,
Қандым өмір сырына!
(1935).
Бұл да табиғи заңдылық. Абайды оқымай, оны терең зерттеп танымай ақындық жолға түсудің өзі әбестік болар еді.
«Соғысқа дейінгі Қасым шығармаларында Абайдың әсері басым тәрізді. Тіпті, азын-аулақ сөз қылған махаббат жырларының өзінде Абайға тән терең іңкәрлік, шексіз құштарлық, оптимистік арман сезіледі. Біртүрлі Абай лебі ескендей болады. Әлбетте, Қасым Абайды көшіріп жырлады деген ұғым тумайды бұдан. Оның көлеңкесінде қалып та қойған жоқ. Өз беталысын, өз төтесін тапты», – деген Тәкен Әлімқұлов тұжырымы еске түседі.
Қасым ақын сусындаған тағы бір мектеп – ол батыс пен шығыстың классикалық поэзиясы еді. Қасым оларды оқып қана қоймай, өз көңілінен шыққан Дж.Байрон, Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Т.Шевченко, В.Маяковский, А.Твардовский, М.Миршакар, Н.Гәнжәуи шығармаларын қазақ тіліне сәтті тәржімалады. Әсіресе Лермонтов пен Маяковскийдің жан-дүниесі ақынға соншалықты жақын әсер етті.
Поэзия әлемінен шарқ ұрып өзін іздеген ақын талмай талаптанып жүрген кезінде Ұлы Отан соғысы басталады. Алдымен Қасым әскер қатарына Қиыр Шығысқа шақырылады. Сол жақтан әскери эшалонмен ұзақ жол жүріп, туған жердің үстімен, бір сәт те аялдамастан батыстағы майданға аттанады.
Дәл сол сапарда Қасым ақынның екінші бір тынысы ашылғандай. Дала төсін дүбірлете шапқан тұлпардай, дауылға қарсы ұшқан сұңқардай шарықтаған кезі де осы болатын. 32 жасар Қасым жырлары түйдек-түйдегімен төгіледі. «Байқал» туралы романтикалық балладасы сол толқынның басы еді. Ақын «Байқал» көлін ерекше шабытпен жырлайды. Жаңа атып келе жатқан ақ таңды – ерте оянған жеңгеге теңейді. Ару көлге ақын жанының өзі де соншалықты іңкәр, соншалықты құштар. Бұлт болып төніп құшқысы да келеді. Толғаныстың ең бір шұрайлы, жүректен төгіліп түскен тұсы екінші бөлігі. Онда ақын былайша көсіледі:
... Ұшты құстар көңілімнен,
Жанымда жыр толғадым.
Шымылдықтай төгілген,
Араладым орманын.
Аспанменен егескен
Бастым зәулім шыңдарын.
Күркіреп көкте кеңескен
Бұлттың сөзін тыңдадым.
Өр толқынмен ойнадым,
Қақтым ұшқан құстарын,
Шолп-шолп еткен шортанын,
Шоқтығынан ұстадым.
Жаттым бір кез құмартып,
Салқын самал сайында,
Би билеттім бұралтып,
Ақ балтырлы қайыңға...
Ақын отырған эшелон қазақ даласының үстімен өткенде, өзі бозбала кезінде болаттай суарылған, күміс, алтын арналы ерке Ертістің лебі ақын жанын балқытады. Бір сәт өзі туып-өскен сайран тау, самал жайлау, сырнайлы өзен, сап-сары алтын нұры жүзген қасиетті Сарыарқа көңіл күйін шалқытады.
Сарыарқа сағындырдың атамекен,
Сардала анам едің, құшағың кең.
Тұсыңнан тоқтай алмай барам өтіп,
Артта – сен, алда – майдан, қайтсем екен? – деп перзент жүрегін толқытады. Дәл сол майданға аттанған эшелон тура Қасым туған, Қасым өскен, Қасым ер жеткен өмірлік жолымен жүреді. Енді оның алдынан жастық шағы өткен Орал қаласы шығады. Түйдек-түйдегімен төгілген мына қанатты жыр жолдары Қасымды ғана емес, бүкіл қазақ поэзиясын шырқау биікке бір-ақ көтергенін білді ме екен, сезді ме екен ақын жүрегі?!
Оралым, шықтың алдымнан,
Оралым, менің Оралым.
Қол созып қызыл вагоннан,
Үстіңнен өтіп барамын.
Оралым, сенің қойныңда,
Ойнақтап өткен жылдарым.
Жарқылдап Жайық бойында,
Достармен сайран құрғамын.
Шағанның бойы көк шалғын,
Шалқамнан жатқам шаңқай түс.
Гүл болып менің құшағым,
Кеудеме қонған бұлбұл құс...
Толассыз жауған жаңбырдай, күннен төгілген нұрдай осы өлеңде Қасымның өзіндік жолы сайрап жатыр.
Оның «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы небәрі 26 жасында жау қолынан қаза тапқан қазақ ақыны, батыр Абдолла Жұмағалиевтің өшпес ерлігіне сөзбен сомдалған ескерткіш деуге лайық. Осы бір шағын поэманың тұла бойында тек қана Қасым ақынға ғана тән қаншама көркемдік бейнелеулерді мол кездестіруге болады. «Жараланған жолбарыстай», «Ырғып бұлттан түсер бұлттай», «Өзі оқ болып атылғандай», «Шаштан сүйреп махаббатты», «Сол аймақтың әрбір тасы, Ұшқандай еді құс боп көкке», «Қонды орманға қорғасын бұлт», «Бомба бол да жарыл жүрек», «Қанды пышақ – жау күлкісі, Қақ жарғандай түн жүрегін», «Айнала жау ырсыл қағып, Айдаһардай көтерді бас», «Түсіргендей көктің миын, Зіркілдеді зеңбіректер», «Естігендей дозақ күйін, Көрден ытқып шықты өліктер», «Қара толқын орман шашын, талдап жұлды снарядтар», т.б. теңеулер мен бейнелі сөздер арқылы ақын тұтас сұрапыл «соғыс» образын жасағандай әсерде қаласың.
Поэманың апогейі, шырқау биігі – Абдолланың жау қолына түскеннен гөрі, жанып жатқан отқа түскенін суреттейтін тұсы:
«Қайсар батыр от киінген,
Күш-қайратын тіске жиып,
Жаңағы ақшыл ер жүзінен
Жалын тілін тұрды сүйіп.
Шұғыла шашқан кешкі бұлттай,
Толқын шашты оттар ойнап,
Өрт топанын кешіп Нұхтай,
Жалғыз өзі тұрды бойлап,
Тұрды ұқсап, тұрды кейде,
От ұстаған Прометейге...
Қазақ халқының жадында Абдолла ақын дәл осы Қасым жырлаған бейнеде мәңгі сақталып қалды. Қасым поэмасының құдіреті де сонда.
Соғыстан кейін де Қасым ақын әдебиетте өнімді еңбек етті. Оның ойлы, парасатты, рухы асқақ, сезімі сергек жырлары қазақ поэзиясының алтын қорына енгізілгелі қашан?! Оның терең тебіреніспен жазылған әрбір лирикалық өлеңі әр оқығанда жаңа бір қырынан ашылады. Қасым ақын ұлылығының сыры да сол болса керек.
Ақынның халыққа кең тараған «Дариға, сол қыз», «Ақсәуле», «Сауыншы жеңгейдің жыры», «Жас дәурен», «Баспана», «Өзім туралы», «Туған жер» сияқты өлеңдеріне жазған ғажайып сазды әндері радиотолқындарынан түсіп көрген емес.
Қасымның «Орамал», «Қара ағаш», «Ақшалық», «Жетпіс пен жеті», «Дауыл», «Үстімде сұр шинелім», «Құз», «Өшпес өмір өлеңі», т.б. көптеген өшпес жырлары қазақ поэзиясына жаңалық болып келді. Академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың зерттеу еңбектеріне жүгінсек, Қасым Аманжолов қазақ поэзиясының көркемдік кеңістігін жан-жақты кеңейтті. Өзінің «Сөз өнері» оқулығында ардақты ұстазымыз Зекең Қасым өлеңдерінен көп мысалдар келтіре отырып, ақынның синонимдерді еселеп қолдана отырып түп-түгел плеоназмға жол ашатынын, мағынасы қарама-қарсы антонимдерді мол пайдаланатынын, аллитерация, ассонанс, теңеу, эпитет, метафора, символ, метонимия, психологиялық параллелизм сияқты тың көркемдік бейнелеу құралдарымен әдебиетімізді байытқандығын айқындап береді. Сондай-ақ қазақ өлең құрылысына Қ.Аманжолов әкелген соны жаңалықтар туралы да біршама зерттеулер бар. Сөйтіп, Қасым поэзиядағы ешкімге ұқсамайтын өз жолын салғандығы дәлел тілемейді. Осы ретте ақын Сырбай Мәуленовтің 1961 жылы жазған мына бір пікірі ойға оралады: «Қасым – өзіндік үлкен мектебі бар ақын. Қазіргі Ғафу Қайырбеков, Қабыкен Мұқышев, Сағи Жиенбаев, Мақсұт Байсейітов секілді бірқатар ақындарымыздың өлең екпіндерінде, жырдың музыкалық сазында, еркелік назында, сөз өрнектерінде, әсерлі бейнелерінде Қасым поэзиясының үлкен ықпалы, игі шапағаты барлығы даусыз». Қасым мектебінен нәр алып, сусындап барып, қазақ поэзиясын дамытқан ақындар қатарында Мұқағали Мақатаев, Төлеужан Ысмайылов, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов, Жарасқан Әбдірашев, Кеңшілік Мырзабеков есімдерін атауға болады.
Алатаудың асқақ шыңдарының бірі – Қасым шыңындай көрінеді маған. Қазақ поэзиясына құбылыс болып келген ұлы ақын Қасым Аманжолов сол биіктен:
Дүниеге келер әлі талай Қасым,
Олар да бұл Қасымды бір байқасын.
Өртке тиген дауылдай өлеңімді
Қасымның өзі емес деп кім айтарсың! – деп бүгінгі бізбен де, тіпті келер ұрпақпен де қастерлі жыр тілінде тілдесіп тұрғандай.
Бауыржан ЖАҚЫП, филология ғылымдарының докторы, профессор.