03 Наурыз, 2017

Жоғары деңгейдегі отырыстар

326 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Биыл Қазақстанның әлемдегі ең беделді құрылым – Біріккен Ұлттар Ұйымына қабылданғанына 25 жыл толып отыр. Дәлірегі, еліміз 1992 жылдың 2 наурызында БҰҰ-ға мүшелікке өткен-ді. Міне, осы атаулы күн қарсаңында Қазақстан делегациясы Женевада (Швейцария) болған БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі (БҰҰ АҚК) мен Қарусыздану жөніндегі конференциясының жоғары деңгейдегі отырыстарына қатысты. Үстіміздегі жылғы 28 ақ­пан – 1 наурыз аралығында Қазақ­стан Республикасының Сыр­т­қы істер министрі Қайрат Әбдірахманов БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің Жо­ғары деңгейдегі сегментінің жә­не Қарусыздану жөніндегі кон­ференцияның жұмысына қа­тысу мақсатында Женевада бол­ды. Қ.Әбдірахманов 28 ақ­пан күні БҰҰ АҚК-нің отырысында қатысушылардың алдында сөз сөйлеп, адам құқықтары са­ласындағы Қазақстанның ба­с­ым­дықтары мен мақсаттарын атап көрсетті. Нақтылай айт­қан­да, Қазақстан Сыртқы істер ми­нистрі қатысушылардың на­за­рын Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бө­лу мәселелері жөніндегі Үн­деуі мен «Қазақстанның Үшінші жаң­ғыруы: жаһандық бәсекеге қа­білеттілік» атты Жолдауына сәй­кес елімізде орын алып жат­қан демократияландыру үде­ріс­теріне аударды. Сонымен қатар, министр Мем­лекеттік билік тармақтары ара­сында өкілеттіктерді қайта бө­лу мәселелері жөніндегі жұ­мыс тобының қызметі тура­лы баян­дай келіп, Елбасы ұсы­нып отырған Президент өкі­лет­тіктерінің бірқатарын Пар­ла­мент пен Үкіметке беру «Қазақ­станның мемлекеттік бас­қару жүйесінің тиімділігін арт­тыруда және оны қазіргі за­манның талаптарына сай бей­ім­деуде маңызды қадам» бо­луы тиіс екенін баса айтты. «Бей­біт­ші­лікті, қауіпсіздікті және даму­ды қамтамасыз етпей, адам құ­қық­тарын қорғау мүмкін емес. БҰҰ қызметі осы үш маңызды ұс­тынға негізделген, олар өзара бай­­ланысты және бір-бірін то­лық­тырады», – деді министр. Қайрат Әбдірахманов жиын ба­рысында еліміздің БҰҰ Қау­іп­­­сіздік Кеңесіне мүше бо­лып қа­­­былдануы жоғары жау­ап­кер­­шілік жүктейтінін, сондай-ақ, жаһандағы бейбітшілік пен қау­іп­сіздікті қамтамасыз ету­дегі БҰҰ-ның рөлін күшейту ба­ғы­тын­­дағы қазақстандық бастама­лар мен ұсыныстарға әлемдік қо­ғам­­дастықтың зор сенімін көр­се­тетінін жеткізді. Осы арада айта кетейік, Қазақ­стан-БҰҰ қарым-қа­ты­на­сы­ның 25 жылында тараптар өза­ра ынтымақтастықты жо­ға­ры деңгейде дамыта білді. Де­­мократия жолын ұстанып ке­ле жат­қанын еліміз адам құқықтары са­ласындағы негізгі әмбебап құ­жат­тарды ратификациялады жә­не ұлттық заңнаманы олардың ере­желеріне сәйкестендіру мә­се­ле­сін үнемі назарда ұстап ке­леді. Сонымен қатар, басқосуда Қазақстанның жаһандық тұ­рақ­ты дамуға қол жеткізу ісі­не өз үлесін қоса беретіндігі ай­тыл­ды. Осы ретте, баламалы энер­гия­ны дамыту мен климат өз­ге­руінің салдарларын азайтуға б­а­­ғ­ытталған «Болашақтың эне­р­­­гиясы» тақырыбындағы ЭКСПО-­2017 халықаралық ма­ман­­­­дандырылған көрмеcінің 2017 жылдың жазында Астанада өт­кі­зілетіні атап көрсетілді. Осы күні Қ.Әбдірахманов БҰҰ-ның Қарусыздану жө­нін­дегі конференциясында сөз сөйледі. Ол өз кезегінде ха­лықаралық күн тәртібінің өзек­ті мәселелері бойынша Қа­зақстанның ұстанымдарын жет­кіз­ді. Бұдан бөлек, министр атал­­ған форумның қарусыздану үде­рісіне елеулі үлес қосуға қа­­бі­л­етті екенін атап өтті. Ми­ни­стр ядро­лық қарусыздану ісі бойын­ша Астананың ұс­тан­ған бағытын айта келіп, атал­ған мәселе Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қау­іпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріп­тестікті нығайту жөніндегі Қазақстанның тұ­жы­рымдамалық көз­қарасы» ат­ты саяси Үндеу­ін­де айқын көрсетілгенін көл­де­нең тартты. Сондай-ақ, мини­стр қа­ты­сушылар назарын Пре­зидент Н.Ә.Назарбаевтың Ва­шингтонда өткен Ядролық ­қа­у­­іп­с­іздік жөніндегі саммитте ж­а­риялаған «Әлем. XXI ға­сыр» ма­нифесінің негізгі қа­ғи­да­ла­ры­на аударды. Сапар барысында, Сыр­т­қы істер министрі БҰҰ Адам құ­қықтары жөніндегі Жо­ғар­ғы комиссары Зейд Раад Әл-Хусейнмен, БҰҰ-ның Жене­ва­дағы бөлімінің Бас директоры Михаэл Мёллермен, БҰҰ Еу­ропалық экономикалық ко­ми­с­сиясының атқарушы хат­шы­­сы Кристиан Фриис Ба­хо­м­мен, Дүниежүзілік сауда ұйым­ының бас директоры Ро­берто Азеведомен және Дү­ние­жү­зі­лік экономикалық фо­ру­м­ның атқарушы төрағасы Клаус Швабпен екіжақты кездесулер өткізді. Қазақстан Сыртқы іс­тер ми­нистрінің БҰҰ Бас хат­шы­сының Сирия жөніндегі ар­найы өкілі Стаффан Де Мис­ту­ра­мен кездесуі барысында сұх­баттасушылар Сириядағы аху­алды реттеу бойынша осы күн­дері Женевада өтіп жат­қан келіссөздердің барысын тал­қылады. Тараптар Сирия дағ­да­рысын келіссөздер арқылы ше­шу ісінде Астана процесінің м­­а­ң­ыздылығын сөз етті. Бұлардан бө­лек, Қ.Әбдірахманов Швеция, Украина, Испания, Моңғолия, Вен­грия, Латвия, Бельгия, Сло­вения, Непал, Австралия, Ал­бания сыртқы саясат ве­дом­стволарының басшыларымен және Уругвай мен Кипр сырт­қы істер министрлерінің орын­басарларымен жүздесті. Бұл кездесулерде екіжақты ын­ты­мақтастықтың жай-күйі, сон­дай-ақ, Қазақстанның БҰҰ Қау­іп­сіздік Кеңесіндегі мүшелігі ес­­ке­ріле отырып, әлемнің күн тәр­тібіндегі ең күрделі мә­се­ле­лер талқыланды. Қорыта айтқанда, бұл жол­ғы сапар барысында Же­не­ва­да­ғы беделді үнқатысу ала­ң­­­дарында адам құқықтарын тиім­ді жүзеге асыру бойынша Қазақстанның кешенді қызметі мен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жаһандық бітімгерлік бастамалары жан-жақты сөз болды. Бұл өз кезегінде Қазақстанның ұстанымдарын халықаралық қоғамдастықтың жете түсуіне мүмкіндік берді.