03 Наурыз, 2017

Мәскеу төріндегі «Тергеу»

340 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Орыстың атақты ақыны Борис Пастернак өз заманында Кеңес Одағының «бас ауруы» болғаны анық. 1957 жылдың күзінде Италияда оның «Доктор Живаго» романы басылып шыққан соң, көп ұзамай-ақ бұл шығарманың Нобель сыйлығына ұсынылуы мүмкін екені айтыла бастаған-ды. Шынында 1958 жылдың 23 қазаны күні Швеция академиясы Пастернактың әйгілі сыйлықтың иегері атанғанын жариялап жіберді. Ал, шетелдік сыйлық пен марапаттарға күдікпен қарап, астарынан саясат іздейтін Кеңес Одағы мұны кешірсін бе? Мұны өз Отанына жасаған опасыздық деп бағалаған кеңес билігі Б.Пастернакты Жазушылар одағының мүше­лігінен шығарып, бүкіл үгіт-насихат құралдары, шаш ал десе бас алатын биліктің ұрда­-жық қолшоқпарлары 68 жастағы ақынның Нобель сыйлығынан бас тартуы үшін бар күштерін салды. Кеңес Одағының азаматы шетелдік сыйлықты алмауы тиіс деген үзілді-кесілді талап қойған биліктің жазалау «машинасы» Пастернакты түрмеге қамап, итжеккенге айдап жіберумен де қорқытты. Талантты ақынды әйгілі шет­елдік ұйымдардың бағалап, аспанға көтеруі сол кездегі ел басшысы Никита Хрущевтің де ашу-ызасын тудырып, бұл іспен КСРО бас прокуроры Роман Руденконың өзі тікелей айналысады. Ресей жазушысы Георгий Пряхин «Тергеу» атты пьесасында құдай берген бағы өзіне сор болып жабысқан белгілі қаламгердің қилы тағ­дырының сол бір сәтін өте қара­пайым түрде баяндайды. Борис Пастернак пен бас прокурордың сөзбен тістескен диалогтары, дүлей күш пен тума таланттың тартысуы, аңдысуы арқылы ақынның асқақ бейнесі жарқырап, жеке өмірінің қалтарыс тұс­тары да ілесе өріліп, көрер­менін еліктіре жөнеледі. Бұл шығарманы алғаш рет М.Өтеміс­ұлы атындағы қазақ драма театры сахналап, Аты­­рау қаласында өткен қойы­лымды автордың өзі де тама­шалаған болатын. Қатты риза бол­ғаны шығар, Г.Пряхин театр­ды Мәскеуге шақырып, қойы­лымды ешқандай аудармасыз та­за қазақ тілінде қоюды өтініпті. Мәскеу – үлкен мәдениет пен өнердің орталығы ғой. Қала­дағы 170-тен астам театр­дың арасындағы бәсе­келестік өте жоғары. Соның ішінде «Мо­дернь театры» бұрыннан өз көрерменін қалыптастырып, сахнасының төрі спектакльден босамайтын өнер шаңырағы. Театр басшыларының айтуына қарағанда, бір күнде екі, кейде үш спектакльге дейін қойылады. Билет құны 5-7 мың теңгенің төңірегінде. Ал­дын ала тапсырыс беріп қой­масаңыз, билет табу өте қиын. Мәскеу сапарында Атырау театрының ұжымын екі мә­селе мазалады. Біріншісі – жергілікті халық қазақ тіліндегі қойылымды қабылдай ала ма, екіншісі – зал көрерменге тола ма деген сұрақ. Әрине, осы елдегі қазақ қауымдастығы да бұл іске құлшына кірісіп, Ресей астанасында тұратын қандастарымыздың біразын құлағдар етіп үлгеріпті. Сон­дықтан болар спектакль бас­талар кезде театр алды осында білім алып жүрген қазақ жас­тарына, тіршілігі осы көне қаламен байланысқан қаракөз бауырларымызға толып кетті. Бұл бір жағы туған жерге, елге, тілге, өнерге деген сағыныш, адалдық екені анық. Ал, алдың­ғы қатарларға жайғасқан театр­дың тұрақты көрермендері, мәскеулік тұр­ғындар алдын ала таратыл­ған аударма қағаздарға шұқ­шиып жатты. «Модернь театры» басшылығының айтуына қарағанда, тұрақты көрермендер бұл спектакльдің қысқаша сценарийін алдын ала оқып-біліп алған. Яғни, бұларды режиссердің сах­надағы шешімі мен актер­лардың шеберлігі көбірек қызықтыратын көрінеді. Бірден көзге ұрған нәрсе, спектакльде оқиға тез өрбіп, сахналық көріністер тез-тез ауысып, ә дегеннен-ақ көрер­менін ілестіріп алып кетеді. Қойы­лымның режиссері Жанат Телтаев. Басты рөлді сом­даған Асылбек Бәдел, прокурор рөлін ойнаған Дастан Пышанов, Пастернактың әйелі мен көңіл­десінің рөліндегі Анета Баетова және Гаухар Қабиева орыс көрерменінің алдында ешқандай асып-сас­пастан, мизансценаларда емін-еркін сезініп, өз міндеттерін ше­бер­лікпен орындай білді. Әсіресе, Елтай Шаманов ой­наған Кузьмич рөлі өзінің шы­найы­лығымен көрерменнің ризашылығын туғызды. Қыз­дың қос бұрымындай бір-бірімен қатар өрілген про­­­курордың кабинеті мен қара­пайым үйдегі екі оқиға алма-кезек ауысып, сәті келгенде кейіпкерлердің барлығы тергеу орындығына отырып, өз шындықтарын айтып шығады. Түптің түбінде ақиқат жеңді, бірақ, жауыздық бәрібір жалғасып жатыр. Шынында спектакльдің сәтті шыққаны көрермен қауым­-ның ыстық ықыласынан, ұзақ уақыт қол шапалақтап, қошемет көрсеткенінен анық аңғарылып тұрды. Көрермен боп келген бұрынғы елші Рамиз Абуталыбов, әдебиетші Омар Айшах және басқа да мәскеулік тұрғындар бүгінгі қойылым жөнінде жылы пікірлерін білдірді. «Бұл пьеса осымен екінші мәрте қойылып жатыр. Алдағы кезде әлі де толыға түсетініне сеніміміз мол. Қойы­лымда ұзақ-сонар әңгіме, мезі қылатын көріністер жоқ. Бәрі нақты әрі түсінікті. Оқиға тез өрбиді. Мәскеу төрінде қойылған бұл спектакль екі елдің мызғымас достығының да айқын көрінісі. Біз қазақ театр­ларының қойылымдарын асыға күтетін боламыз» дейді олар. М.Өтемісұлы театрының директоры Берік Жаменовтің айтуына қарағанда, бұл өнер ұжымының гастрольдік сапары Мәскеумен ғана шектелмейді. Алдағы уақытта театр Қырым, Түркия сахналарында өнер көрсетуді жоспарлап отыр. Рахымжан Отарбаев, жазушы, Атырау облыстық театрының көркемдік жетекшісі: – Ақынның трагедиясы кез келген халықтың тарихында кездеседі. Бұл пьесада өткен ғасырдың елуінші жылдардағы нәубет, сол кездегі саяси-әлеуметтік жағдай жақсы көрсетіліп, адам психологиясы ашылады. Г.Пряхиннің бұл әңгімесін оқып, ұнатып, театрға сахналауға ұсыныс берген өзім едім. Төлеген Берішбай мен Әлия Дәулетбаева әңгімені қазақшаға аударып шықты. Атырауда қойылған спектакльде Пряхин тебіреніп, көзіне жас алды. Шынында бұл адамның жан-жүйесін босатып, рух беретін шығарма. Мәскеу төрінде өткен бұл қойылымға көрермендер өте жақсы баға беріп жатыр. Бір жағы бұл сапар театр актерларының шеберліктерін де шыңдап, тәжірибелерін арттырғаны анық. Үнемі бір қазанда қайнай беруге де болмайды ғой. Атырау театры бұған дейін Каирде өнер көрсетіп, Гран-приді жеңіп алған. Өнерде шекара жоқ. Қай елде, қай тілде қойсаң да, шын ықылас танытқан адам бәрін түсінеді. Георгий Пряхин, жазушы: – Осы қойылымға көптеген достарымды шақырдым. Оларға спектакль қазақ тілінде болатынын да бірден айттым. Келді, көрді. Риза болды. Шынында өз басым сахнадағы әртістің әрбір қимыл-қозғалысынан ақ оқиға қай жеріне келгенін, не айтып тұрғанын сезіп отырдым. Сол сияқты достарым да менің әңгімемді оқыған, әрбір сәтін жақсы біледі. Ең бастысы, Пастернактың қазақ тілінде сөйлегеніне қатты қуандым. Театрдың деңгейі өте жоғары. Режиссердің шешімі де өте сәтті шыққан. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» АСТАНА –МӘСКЕУ – АСТАНА