Сауалдар – депутат белсенділігінің айқын көрінісі. Олар өмірдің сан түрлі қырларын қамтып, шешілуі тиісті мәселелерді Үкіметтің алдына қойып жатады. Төменде сондай сауалдың бірнешеуіне тоқталып өтпекпіз. Оларда негізінен балалардың құқы мен бостандығының сақталу мәселелері қарастырылған.
Депутат Зағипа Балиеваның Үкімет басшысына жолдаған, 20 шақты депутат қолдап қол қойған сауалы балалар вакцинасы мәселесіне қатысты. «Вакцина – жұқпалы ауруларға қарсы алдын алудың ең сенімді әдісі. Қазақстанда вакцинация 21 түрлі жұқпалы ауруға қарсы тегін егіледі. Алдын алу екпелерімен жыл сайын 5 млн адам қамтылады, оның 1,2 миллионы – балалар», дейді депутат.
Республикалық бюджеттен осы жұмысқа жыл сайын қомақты қаржы бөлінуде. 2016 жылы ол 24 млрд теңгеден астам болса, 2017 жылға 30 млрд теңгеден артық жоспарланған. Алайда, соңғы 10 жылда вакцинациядан бас тартқан адамдардың саны 8239-ға жетті, дей келіп, депутат оның негізгі себептеріне тоқталады. Олардың 44,7 пайызы, яғни 3686 адам жеке себеппен, 7,8 пайызы (646) адам вакцинаға сенбейтіндіктен, 6,2 пайызы (511) адам БАҚ-тан алынған жағымсыз ақпарат салдарынан әлгі екпелерді салдырудан бас тартқан.
Осыған байланысты З.Балиева Үкіметтен вакцинаның сапасына жіті көңіл бөлуді сұрайды. «Вакциналарды сатып алуды ешқандай конкурстық негізбен жүргізбей, Денсаулық сақтаудың бүкіләлемдік ұйымы (ЮНИСЕФ) ұсынған, сертификатталған өндіруші зауыттардан ғана тікелей сатып алу қажет», дейді депутат. Сондықтан, вакцинация сатып алу ережелеріне, Денсаулық сақтау министрінің екпелердің көрсеткіштері мен қарсы көрсетілімдерін реттейтін бұйрығына өзгерістер енгізу қажет.
Депутат Ирина Аронова осы сауалды қолдай келіп, оны мектептегі тамақтануға, мектеп жабдықтарына, мектеп гигиенасына, спорт киімі мен басқа да мәселелерге қатысты санитарлық нормалар мен ережелерді және стандарттарды қайта қарау қажеттігін айтумен толықтырды. «Бұл – аз шығын емес, бірақ балалар денсаулығына үнемдеудің қажеті жоқ», дейді депутат.
Депутат Геннадий Шиповских жетім балалар мәселесіне назар аударған сауалын жолдады. «Жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың жағдайы көпшілікті толғандыруда. Аталған санаттағы балалар тәрбиесіне ұлт мүддесі тұрғысынан көңіл бөлу, оларды тұлғалық қалыптастыру мәселесі – бүгінгі күн талабы. «Жетім көрсең, жебей жүр» деген дана бабаларымыз жетім-жесірін ешқашан жылатпаған. Елімізде бүгінгі күні бұл мәселені оңтайлы шешу үшін барынша жағдай жасалып отыр. Оларды жан-жақты қолдайтын заң да бар, қаржы да аямай бөлінуде. Жетімдер үйін аралап жүріп, бұған көзіміз әбден жетті. Бірақ, қамкөңіл жандардың мәселесі толық шешілді деп айтуға болмайды», дейді депутат.
Сонымен қатар, ол: «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңның 27-бабында кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін квоталар белгілеу қарастырылған. Осыған байланысты облыстардағы білім басқармалары мен жұмыспен қамту орталықтары еңбек нарығын сараптап, жетім және ата-ана қамқорлығынан айырылған жастарды жұмыспен қамтуға жыл сайынғы квота белгілеуі талап етілуі керек», дейді.
Депутат Ирина Смирнова Үкіметке жолдаған өз сауалында осы мәселені толықтырып, ондағы проблемалардың жаңа қырларын ашып, Үкімет назарын көптеген деректерге аударады. Соның ішінде қазір елімізде жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 106 мемлекеттік ұйым бар екенін, онда 6436 бала тәрбиеленіп жатқанын жеткізе келіп, депутат 2015 жылы осы үйлерге 10 млрд 220 млн теңге, яғни әрбір бала үшін жылына 1 млн 500 мың теңге берілгенін айтады. Сондай-ақ, ол осы үйлердің кейбіреуінде балалардың құқы мен бостандығына қарсы зорлық-зомбылық әрекеттері жасалғанын бірнеше мысалдармен көлденең тартады.
«Осындай жағдайларға жол бермес үшін БҒМ, Бас прокуратура балалар үйлері мен интернаттарға барып, тәрбиеленушілердің құқықтарының бұзылмауын жүйелі түрде қадағалап отыруы керек. Олар тәртіп бұзушылықтарды ғана емес, балалардың киімдері мен тамақтарының, жатын орындарының талапқа сай екендігін бақылаулары керек. Ал Денсаулық сақтау министрлігі олардың денсаулықтарын жүйелі түрде қадағалағандары жөн», дейді депутат.
Сонымен қатар, депутат патронаттық отбасыларына төленетін ақылардың төмендігіне Үкімет басшысының назарын аударады. «Егер балалар үйіндегі әрбір бала үшін айына шамамен 150 мың теңге бөлінетін болса, патронаттық отбасындағы әрбір бала үшін 20 мың теңге ғана қарастырылған. Бұл мәселені толық шешпейді, егер патронаттық отбасындағы балалар үшін тиісті ақша төленетін болса, біздегі балалар үйлері жабылған да болар еді», дейді И.Смирнова.
Осындай өзекті мәселелерді көтеру арқылы депутаттар өздерінің қоғамға, мемлекетке пайдалы екендіктерін көрсетіп отыр. Үкімет олардың сауалдарын міндетті түрде қарап, жауап береді. Бірақ жалтарма жауап болмай, нақты істер тындырылса, еліміздің еңсесі көтеріле түсер еді.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»