03 Наурыз, 2017

ҚХА елдегі дінаралық келісімді конституциямен қорғауды ұсынды

120 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
ҚХА атынан Парламент Мәжілісінің депутаты Наталья Жұмаділдаева елімізде дінаралық келісім бойынша конституциялық қорғауды бекітуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтау мен дамыту Ата заңның негізгі ұстанымдарының бірі болуы тиіс деп санаймыз. Сондықтан да әріптесім Роман Кимнің конституциялық қорғау кепілімен тек ұлтаралық қана емес, сонымен қатар конфессияаралық келісімді де қамту туралы ұсынысымен келісемін», - деді ол Парламент палаталарының бірлескен отырысында. Осыған байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланған депутаттар ҚР Конституциясының 39-бабы 2-тармағына «ұлтаралық қана емес, сонымен қатар конфессияаралық келісімді бұзуға қабілетті кез келген іс-қимылдарды конституциялық емес деп тану» ұсынысын көтерді. «Конституцияға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы жалпыға ортақ талқылаудан өтіп, халық тарапынан қолдауға ие болды. Өңірлерге сапарлар барысында Президенттің конституциялық реформасын қазақстандықтар қолдайтынына көз жеткіздік. Сондықтан да біз бұл заң жобасын толықтай қолдаймыз»,-деді ол. Айта кетейік, палаталардың бірлескен отырысы барысында «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы бірінші оқылымда талқыланды. Қос палата отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев конституциялық реформаларды ескере отырып, Үкімет пен Парламент қандай жағдайда жұмыс істейтіндігін түсіндірген болатын.