ҰСЫНЫП ОТЫРҒАН ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗМУ-де ҰЛЫҚ НАУРЫЗ АТАЛЫП ӨТТІ
Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының алдындағы аумақты алаң көктем шуағына толып, қызылды-жасылды гүлдерге бөленгендей. Адамдардың жүзінен мереке шаттығы еседі. Қалықтаған ән мен күй. Көктем бейнесіндегі сұлу қыз аққудай тербеле, мереке думан басталғанын паш етті. Осы арада жалғасқан арнайы бағдарламада халқымыздың ұлттық рухы, салт-дәстүрі, өнері көрініс тапқандай болды.
Бір айтарлығы, бұл күнгі Наурызда тек қазақ әндері айтылды, бағдарлама бастан-аяқ қазақша жүргізілді. Қалыңдық іздеп жүрген аттылы жігіттердің Қыз Жібектің күймесіне мінген ҚазМУ-дың сұлу қыздарына жолығып, танысу рәсімінде айналаны ән-күйге бөлеуі, жастардың жарасты әзіл-күлкісі ұлттық әдет-ғұрпымыздың бір қырын меңзеп көрсетті. Одан әрі күмбірлеген күй де, қазақтың халық әндері де, Нұрғиса мен Шәмші сияқты біртуар сазгерлеріміздің әндері де, ақындар айтысы да болды. Халықаралық қатынастар факультеті жанындағы «Талейран» дипломатиялық клубының студенттері тамаша музыкалық-би композициясын ұсынды. Аталмыш факультетте әртүрлі елдердің, соның ішінде Иранның, Ауғанстан мен Тәжікстанның жастары оқиды. Олар ғажап бейнелер, әуендер мен билер арқылы Наурыз мерекесінің терең тамырлы бастаулары жайында әңгімеледі. «Қара жорға» биіне ардагер ұстаздар мен жеткіншектер де араласты. Өнер көрсеткендер түгелдей университеттің өз студенттері екеніне сүйсіндік. Тек бағдарлама түйінінде мерекенің құрметті қонағы Ескендір және Біржан Хасанғалиевтер «Атамекенді» шырқағанда барша қауым олардың әніне қосылды. Студенттер сарайының төбесіндегі биіктен Қыдыр ата Наурыздың ақ батасын берді.
Мереке үстінде ректор Ғалымқайыр Мұтанов іргелі ғылыми-зерттеу орталығына айналуға бағыт ұстаған, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына 20 инновациялық жоба ұсынып отырған университеттің білім беру саласындағы жарқын жетістіктерін айта келе, үздік кафедра, үздік факультет, үздік құрылымдық бөлімше және үздік жатақхана ұсынымдары бойынша жарыс жеңімпаздарын бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапаттады.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.
________________________________
Суреттерді түсірген Вадим МАХИН.