3 наурыз күні Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің кезекті отырысына қатысты, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Күн тәртібінде 24 мәселе қаралды.
Комиссия Кеңесінің отырысы барысында интеграциялық әлеуетке ие экономика саласына қатысты мәселелер талқыланып, ішкі нарық шеңберінде тосқауылдарды азайту, сондай-ақ, жыл сайынғы «Антиконтрафакт» халықаралық форумын өткізуді ұйымдастыру мәселелері қарастырылды. «Антиконтрафакт» халықаралық форумы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі пікірталас алаңы болып табылады. Мұнда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өкілдері, осы саладағы халықаралық сарапшылар, бизнес-қауымдастық пен ғылым өкілдері ЕАЭО бірыңғай нарығын қорғап, өндірістік өнімнің заңсыз айналымы мен зияткерлік меншік құқығын қамтамасыз ету мәселелерін талқылайды.
Кооперативті ынтымақтастықтың өзара тиімді бағыттарының тізбегі анықталды. Ол өнеркәсіпті өңдеу салаларында кооперативтік жобаларды жасауға ынталандырады.
Отырыс барысында ЕЭК Кеңесінің мүшелері үстіміздегі жылғы тамыз айында ЭКСПО-2017 көрмесі аясында «Еуразия апталығы» форумын өткізу туралы шешім қабылдады. Форум ЕАЭО елдері үкіметі, бизнес және халықаралық сарапшылар үшін Одаққа мүше елдердің экономикасын дамытудағы өзекті мәселелерді талқылап, стратегиялық шешімдерді әзірлеуге арналған алаңға айналмақ.
ЕЭК отырысында Еуразиялық экономикалық одақты әрі қарай дамытуға бағытталған барлық мәселелер бойынша өзара тиімді шешімдерге қол жеткізілді.