Биыл Елбасы Қорының сыйлығы тоғызыншы рет тапсырылып отыр. 2008 жылы тағайындалған сыйлыққа осы уақытқа дейін 160-тан астам дарынды жас ие болған. Мәдениет пен өнер, білім мен ғылым салаларында жемісті еңбек етіп, өздерін мәдени, ғылыми орталарда таныта алған жастардың жетістіктерін мойындау, сондай-ақ, оларға қолдау көрсету мақсатында тағайындалған бұл сыйлыққа биыл да еліміздің түкпір-түкпірінен үміткерлер көп болған. Қор сыйлығын тағайындайтын комиссия 127 өтінімнің ішінен 18-ін үздік деп тауыпты. Шара барысында сыйлық иелеріне құттықтау сөз арнаған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев: «Президент Қорының міндеті – жастардың жаңа буынын қалыптастыру. Біздің лауреаттарымыз бүгінгі күні кәсіби маман ретінде танымал болып отырғаны қуантады», деп атап өтті.
Қордың биылғы сыйлығы бұйырған үміткерлер арасында «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисі Талғат Мұсабаев, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының актері Сырым Қашқабаев, «Астана Опера» мемлекеттік балет және опера театры балет труппасының жетекші солисі Мәдина Басбаева, бүгінгі күні Қытайда өтіп жатқан «I am a singer» байқауына қатысып, жүлделі биіктен көрініп жатқан жас әнші Димаш Құдайбергенов сынды өнерлі жастар бар.
Бір айта кетерлігі, Елбасы Қорының сыйлығы өнер мен ғылым саласына тең бөлінген. Яғни, өнерлі жастар мен ғылым-білімдегі жастардың ара салмағы тең есептелген.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»