04 Наурыз, 2017

Еуразия технологиялық университеті жанында «Start-Up Академиясы» ашылды

302 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Алматыда Еуразия технологиялық университеті жанынан «Start-Up Академиясы» ашылды, деп хабарлайды Қазақстанның «Даму» қорының баспасөз қызметі. «Даму» қоры мен Еуразия технологиялық университеті (ЕТУ) арасында өзара әріптестік пен түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Академияның ашылу салтанатына Азия даму банкі, Еуропа қайта құру және даму банкі, Дүниежүзілік банк, Алматы қаласын дамыту орталығы, ҚР қаржыгерлер қауымдастығы, MOST бизнес инкубаторы, «Алатау» АТП, және екінші деңгейлі банк өкілдері қатысты. «Бұл - «Даму» қорының серіктес жоғары оқу орны жанында ашқан төртінші «Start-Up Академиясы». Бұған дейін Павлодар, Атырау мен Астанада да ашылған еді. Академия ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге бизнес-идеядан бастап нарыққа шыққанға дейінгі жолда кешенді тегін қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Яғни, консалтингтік, ақпараттық қолдау ғана емес, инвестор тарту, қордың қаржылық бағдарламаларына қатысуға немесе мемлекеттік грантар алуға өтініш беруге де қол ұшын созамыз»,- деді «Даму» қорының басқарма төрағасы Абай Сарқұлов. Ол Алматы қаласын аймақтық стартап-хаб ретінде қарастыруға болатынын айта келіп, қаланы Қазақстанда инновациялық жаңалықтар ашуға мүмкіндігі мол мегаполис екенін атап өтті. «Даму» қорының қолдауымен ЕТУ жанында «Catapult» атты Start-Up Академия құру кәсіпкерлердің жаңа легін даярлауға және отандық жаңа технологиялық стартап жобаларды дамытуға жасалған жаңа қадам. Академия АҚШ үкіметі үшін даярланған коммерциялизация бағдарламасының авторы Томас Селуччидің әдістемесі бойынша жаңа стартаптарды іздеп, таңдап, дамытумен мақсатты түрде айналысатын болады. Start-Up Академия Алматы қаласында smart-технологиялар мен инновациялардың жасалуына және кәсіпкерлік ортаның қалыптасуына өз үлесін қосатын болады», - деді Еуразия технологиялық университенің ректоры Нұржамал Дүйсенқұлова. Шара барысында «Даму» қоры мен «Болашақ» қауымдастығы арасында әріптестік келісімге қол қойылды. Бұл құжат бойынша қауымдастықтың білім беру, зияткерлік, бизнес секілді көптеген бағыттардағы әлеуметтік маңызды жобаларын бірлесіп қолдау қарастырылған. Астана, Павлодар, Атырау қалаларындағы Start-Up Академияларда 2016 жылдың қыркүйек пен желтоқсаны аралығында 102 адам оқып, 17 жоба акселерацияға (бизнес-идея табудан бастап жүзеге асырылуына дейінгі сүйемелдеу) жеткен. Олардың ішінде 4 жоба инвестиция алды.