04 Наурыз, 2017

Дүниежүзілік бокс сериясы: Теміртас Жүсіпов жеңіспен бастады

288 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Атырауда өтіп жатқан Дүниежүзілік бокс сериясында (WSB) қазақстандық «Astana Arlans» пен қытайлық «China Dragons» командалары қолғап түйістірді. Алғаш болып шаршы алаңға 49 килода Теміртас Жүсіпов пен Дзюньдзюнь Хэ шықты. Бірінші раундта Теміртас ринг иесі екенін білдіргендей, алға ұмтылып, соққыларын дарыта білді. Қарсыласының бірнеше шабуылдарынан сытылып шығып кетіп жатты. Төрешілер жерлесіміздің шеберлігін назарға ала отырып, бірінші раундта бірауыздан жеңісті берді. Келесі кезеңде Жүсіпов шабуылға жиі ұмтылғанмен, соққыларын дөп тигізе алмады. Ал қытайлық боксшы қайта ұрымтал тұстарда мүмкіндігін мүлт жібермеуге тырысып жатты. Сәті келгенде отандасымыздың бүйірінен де ұрып жатты. Осыған байланысты бұл кезеңнің қорытындысы бойынша Хэ Дзюньдзюнь алға шықты. Үшінші раундта отандасымыз олқылықтарының орнын толтыру үшін қарсыласын қысымға алып, қарсы соққыларынан құтылып кетіп жүрді. Төрешілер де сәйкесінше қазақстандықтың өнеріне оң бағасын берді. Төртінші раундта Теміртастың мысы басып, бірнеше соққыларын дәл тигізді. Жанкүйерлерінің қолдауынан рухтанған ол Хэ Дзюньдзюньге еш мүмкіндік бере қоймады. Соңғы раундта Аспанасты елінің боксшысы барын салды. Тіпті, жойқын соққыларын да дарыта білді. Қорытындысында Теміртас Жүсіпов жеңіске жетті.