Атырауда өтіп жатқан Дүниежүзілік бокс сериясында (WSB) қазақстандық «Astana Arlans» пен қытайлық «China Dragons» командалары қолғап түйістірді. Үшінші болып рингке 64 килода Ділмұрат Міжитов пен Ян Ло шықты.
Бірінші раундта қос боксшы бір-бірін аңдысумен болды. Ашық түрде айқасқа шыға қоймады. Екеуі де соққыларын өткізе білді. Бірақ төрешілер Ділмұраттың өнерін жоғары бағалап, алға шығарды.
Келесі кезеңде отандасымыздың әсіресе, джеб соққылары дәл тиіп жатты. Қорғаныста сақ қимылдағанмен, аздап сенімділік жетіспейтіндей көрінді. Аяғы тайып жығылған кезі де болды.
Үшінші раундта Міжитов шаршы алаңды толығымен билеп алды деуге болады. Ринг жағасына тақап алып, төмпештеп алған сәттері де болды. Екі қолымен бағыттаған соққылары дөп тиіп жатты. Бастапқы үш раундтың қорытындысы бойынша алда келді.
Төртінші раунд та Ділмұраттың еншісінде болды. Бірнеше соққысынан кейін Ян Ло тіпті нокдаун алып қалды. Отандасымыздың жойқын соққыларынан кейін қытайлық боксшы денесін әрең көтеріп, орнынан тұрған. Қарқынын үдеткен спортшымыз қытайлықты екінші рет нокдаунға жіберді.
Үзілісте ес жиған Ян Ло соңғы үш минутты ширақ бастады. Бірақ отандасымыз оның соққыларынан сытылып шығып, қарсы соққыларымен айбарын тағы да бір мәрте көрсете түсті.
Қорытындысында Ділмұрат Міжитов өзі ғана жеңіске жетіп қоймай, «Астана Арландарының» уақытынан бұрынғы жеңісіне де себепші болды.