Атырауда өтіп жатқан Дүниежүзілік бокс сериясында (WSB) қазақстандық «Astana Arlans» пен қытайлық «China Dragons» командалары қолғап түйістірді. Төртінші болып рингке 75 килода Сапарбай Айдаров пен Жао Минган шықты.
Бастапқы екі раундта отандасымыз айқын басымдыққа ие болды. Қытайдың тәжірибелі боксшысының алға қойған жоспарын орындауына мүмкіндік бере қоймады. Маңдайын еңкейтіп алып, тек қорғанумен болды.
Үшінші раундта да солақай боксшымыз Сапарбай қарқынынан жаңыла қоймады. Жао Минганды тықсыртып жүріп, соққылаумен болды.
Келесі раундта қытайлық спортшы ара-тұра шабуылдамақ болған. Бірақ Сапарбай Айдаров қарсы соққыларын дөп тигізе білді.
Соңғы үш минутта Жао Минган жекпе-жектің тезірек аяқталуын күтіп жүргендей болды. Айтарлықтай шабуылға шығып, жерлесімізге дәл соққыларын тигізе алмады.
Нәтижесінде отандасымыз Сапарбай Айдаров бес раундта да басым түсіп, жеңісті еншіледі.