Қызылорда облысындағы Арал ауданында екі амбулатория ашылды. Аманөткел және Қаратерең ауылы аудан орталығынан шалғай болғандықтан, арлы-берлі қатынау қиын. Сондықтан медициналық нысандардың ел игілігіне берілуі аралдықтар үшін аса маңызды. Құрылысына 100 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған қос нысан жаңа емдеу құралдары және дәрі-дәрмекпен толық қамтылған, деп хабарлады 24.kz.
«Шаншу қадалып, сүйек сырқыраса болды, Қаратереңнен 200 шақырым жердегі аудан орталығына барып тексерілуге тура келетін», - дейді 70-тен асқан Мінәжат ақсақал.
Аманөткен елді мекенінде 2 мыңға жуық тұрғын бар. Өткен ғасырдың 80-жылдары салынған ескі медициналық мекеме орнына 10 төсектік күндізгі емдеу бөлімі бар жаңа нысан ашылып отыр.
"Осында 800-900 диспансерлік науқас бар. Диспансерлік есепте тұрған 50-ден астам бала бар, соларға қызмет көрсетеміз. Біз күні кешеге дейін қан, кіші дәрет сияқты екі-ақ анализ алатынбыз. Енді зертханаға жаңа аппарат келді. Биохимиялық анализдердің бәрін шығарады", - деді Аманөткел ауылындағы амбулатория дәрігері Мамай Өтемісов.
Жалпы өңірде өткен жылы 10 амбулатория ашылған болатын. Биыл тағы 4 амбулатория салынады. Оның біреуі Арал ауданының Бекбауыл ауылында бой көтереді.