Астанада газ саласындағы ұлттық оператордың өндірістік компаниясы "ҚазТрансГазАймақ" АҚ-қа Еуропалық сапа менеджменті қорының 5-деңгейлі "Мойындалған кемелділік" сертификатын табыстауға арналған ресми шара өтті.
Отандық өндірістік компания осындай жоғары деңгейлі сертификатқа тұңғыш рет қол жеткізді. Бұл – тек «ҚазТрансГазАймақ» АҚ үшін емес, сонымен қатар кәсібінің сапасын көтеруге ниетті қазақстандық өзге де компаниялар үшін айтулы оқиға.
Еуропалық сапаны басқару қоры мойындаған кәрі құрлықтағы мұндай компаниялар үздіктердің үздігі саналады. Дегенмен, олар осы жетістігімен тоқтап қалмайды. Сертификатты иеленген мекеме нарықта қалыптасқан жағдайға байланысты басқару процестерін одан әрі жетілдіре беруге мүдделі болады.
«ҚазТрансГазАймақ» АҚ қызметін EFQM-де тіркелген беделді сарапшылар арнаулы 9 түрлі өлшем бойынша бағалады. Бұлар – көшбасшылық, білікті қызметкерлер, әріптестік пен ресурстар, өндірістік үдерістер, өнімдер мен қызмет түрлері, тұтынушыларға арналған нәтиже, қызметкерлерге арналған нәтиже, қоғамға арналған нәтиже, бизнестің шешуші нәтижелері. Айта кету керек, газ саласындағы ұлттық оператор үшін бизнес-процестерді жетілдіру – компаниялар тобында әрдайым басымдық берілген ең маңызды мәселелердің негізгісі болып табылады. Бұған «ҚазТрансГаз» АҚ-тың «Самрұқ-Қазына» әл-ауқат қоры» АҚ жүргізіп отырған трансформациялау және оңтайландыру бағдарламасы бойынша үздік саналуы дәлел бола алады.
«ҚазТрансГазАймақ» АҚ бас директоры Манас Тасыбаев сертификаттың табысталуы ұлттық оператордың қызметінің жетістігін мойындау деп санайды. «Осындай сертификаттар мен жоғары бағаға біздер бірігіп қол жеткіздік, – деді Манас Тасыбаев. – Дегенмен, біздің жұмысымызға берілген бұл баға бізге жауапкершілігі жоғары міндеттер де жүктейді. Сондықтан да әрі қарай да тынбай қызмет етіп, абыройымызды арттырып, инвестициялық тартымдылық пен несиелік сенімділікті жоғалтпауымыз қажет».
«ҚазТрансГазАймақ» АҚ қызметі 2013 жылдан бері бағаланып келеді. Содан бері компания менеджменттің халықаралық стандарттарын енгізіп, сапаны, экологиялық аспектілер мен өндірістік қауіпсіздікті басқарудың тиімді интеграцияланған жүйесін құра білді. Компания иеленген Францияның AFNOR агенттігінің ISO халықаралық стандарттары осының айғағы болып табылады.
Отандық компаниялардың еуропалық сапа стандарттарына сай болуын Президент Нұрсұлтан Назарбаев атап өткен болатын. Елбасы қазақстандық кәсіпорындардың басшыларын өнімге деген сұраныстың жоғары болуын қатамасыз етіп, заман талабына сәйкестендіру үшін өндірісте инновациялық жетістіктерді енгізуге шақырды.
EFQM атынан салмақты марапатты табыс еткен «Қазақстандық сапа ұйымы және инновациялық менеджмент» қоғамдық ұйымының президенті Азат Абдрахманов мұндай баға Қазақстанның өндірістік компаниялары үшін айтулы оқиға болып табылатындығын атап өтті. «Бұл – қол жеткізілген нәтижелерге берілген жоғары баға. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ «BMW», «BOSCH», «Grundfos» сияқты әлемге әйгілі компаниялар енген, мойындалған еуропалық компаниялардың қатарына қосылды. Компанияның бұлайша танылуы шетелдік инвесторлардың қызығушылығын әлдеқайда арттырады», деді Азат Абдрахманов.
«Мойындалған кемелділік» EFQM сертификаты – Еуропаның бизнес саласындағы ең беделді жүлделердің бірі саналады. Еуропа елдерінің сапаны бақылау саласындағы ұлттық және аймақтық деңгейдегі өзге марапаттары соған қарап бой түзейді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»