Әйгілі «Гүлдер» ансамблі құрамында өнер көрсеткен танымал әнші Майра НҮРКЕНОВА қазақ эстрадасының кешегісі мен бүгіні туралы ой толғайды.
– Майра ханым, сахнада орындаған алғашқы әніңіз есіңізде ме?
– Халыққа «Тамаша» телебағдарламасы арқылы Еркен Слетдинов ағамыздың «Қар жауып тұр далада» әнімен танылдым. Әнді курстас әріптесім Гүлзира екеуміз орындадық. Ол уақытта жастар испанның әйгілі «Баккара» поп-тобы шырқаған әндерге тамсанатын. Аңызға айналған дуэттің өнеріне сүйсінген біздер солардай танымалдыққа ие болу үшін жанымызды салдық. 1991 жылғы Жаңа жыл кешінде осы бейнеміз өзгеше өрнекпен тарады. Жалпы, қос дауыспен ән салу дәстүрі сол уақыттан бастау алды.
Бірде ақын Исрайыл Сапарбай ағамыз маған: «Жақында «Жүрекке жүрек тіл қатар» деген бір жаңа ән жаздым. Осы ән сенің дауысыңа, табиғатыңа сай келетіндіктен өзіңе қолқа салғым келіп отыр. Музыкасы да, мәтіні де өзімдікі. Бірақ мұны ер адамның даусымен қосылып орындауың керек», – деді.
Кейін әріптесім Махмұт Тойкенов екеуміз шырқаған сол ән телеэкран арқылы Қазақстанның түкпір-түкпіріне тарады. Мұнан соң И.Сапарбай бізге арнап 1999 жылы екінші әнін жазды. Ол «Сұлулық сазы» деп аталады. Алматыда отбасымызбен концерт бердік. Белгілі сазгер марқұм Ержан Серікбаев «Екі жүрек» әнін тарту етті. Б.Құсайыновтың «Ты, моя мечта», М.Шахановтың «Отырар қамалы» әндерін, ал ақынның авторлық кешінде «Жұбайлар жырын» ұсындық. «Жер-Ана» әнін қосқанда, дуэтпен орындалған әндердің бас-аяғы – он шақты.
– Эстрадада әуені әулекі, мәтіні мәнсіз әндер қаптап кетті деген қазіргі сыни пікірлерге не айтар едіңіз?
– Бұрын жаңа әндер арнайы мамандардан құрылған комиссияның іріктеуінен өтетін. Әннің мәтінін, әуенін, орындалу шеберлігін бірнеше рет елеп-екшеген соң ғана жариялауға рұқсат етілетін. Оны эфирге жіберуге бола ма, болмай ма, әннің тағдырын солар шешетін. Бүгінде осының жоқтығынан қазақ эстрадасы зардап шегуде.
Телеарналар, радио әншілерге әжептәуір қаламақы төлейтін. Бүгінде ол да жоқ. Керісінше, өзің қалтаңнан шығындалуыңа тура келеді.
– Шығармашылығыңыздың басты ерекшелігі неде деп ойлайсыз?
– Ерекшелігім, шығармашылығымды 1978-1980, 1990-2000 және 2000 жылдан бері қарайғы уақыт деп үш кезеңге бөліп қарастыруыма болады.
...Халық сүйіп тыңдайтын Шәмші Қалдаяқов, Бекен Жамақаев, Әсет Бейсеуов, Нұрғиса Тілендиев сынды белгілі композиторлардың әндерін орындадым. Бертін келе репертуарым кеңейіп, әлемдік танымал жұлдыздардың халық арасына кең тараған хит әндерін орындаған сәттерім де жоқ емес. Итальян, француз, қытай, португал, испан, жапон тілдерінде ән саламын.
– Халықаралық, республикалық байқаулар мен фестивальдардың көптігі сондай, бүгінде олардың есебінен жаңылысасыз. Жалпы, өзіңіз өнер иесінің шеберлігін байқау нәтижесімен бағалауға қалай қарайсыз?
– Мысалы, 1985 жылы мен республикалық «Жігер» байқауына қатысып, лауреат атандым. Содан соң 1990 жылы Швейцариядағы сұңғақ бойлы әншілердің халықаралық фестивалінде Жұмағұл Қыдырәлиевтің менің дауысыма арнап жазған «Егіз лебіз» әнін орындадым.
Мәскеуде 1987 жылы өткен бүкілодақтық «Жаңа есімдер» радиобайқауының жүлдесі қанжығама байланды. Кейінгі жастарымыз халықаралық ірі бәйгелерден олжамен оралып жатса, оған тек қуануымыз керек.
– Қазақ эстрадасының «алтын дәуірі» саналатын 70-жылдар әндерінің табиғатына романтикалық, лирикалық сарын тән еді. Сол кезеңнің эс-
традасы сіз үшін несімен құнды деп ойлайсыз?
– 1985-1987 жылдары Қазақстанды аралап, эстрадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өнер көрсеттік. Құрамында марқұм Тілес Қажығалиев аға, Кеңес Дүйсекеев, Владимир Львовский, Сейдолла Байтереков, Балнұр Қыдырбек, Люция Төлешова, Зейнеп Қойшыбаева, Венера Қармысова, Лаки Кесоглу бар өнер тобымен бірге фестивальға қатыстық. Композиторлар одағының хатшысы Еркеғали Рахмадиев ағамыздың өзі бастап ел-елді, жер-жерді аралаған қайран сол кездер қазір көңілге тым ыстық әсерлер ұялатады.
– Сонда кімдердің әндерін орындағаныңыз қазір есіңізде бар ма?
– Ескендір Хасанғалиевтің «Асыл арман», «Аңсағаным», «Әдемі-ау», Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар қайтып барады», Кеңес Дүйсекеевтің «Өмір-өмір», «Еркеледің сен», Сейдол-
ла Бәйтерековтің «Ару қала – Алматы», Еркен Слетдиновтің әндерінің орны бөлек еді. 1991 жылы ретро әндерден «Әлі есімде» деген атпен фильмконцерт түсірілді. «Гүлдер» ансамблінің сапында үлкен мектептен өттім. Оркестрдің дирижері Тасқын Оқаповтың өнеріне жақыннан куә болудың өзі не тұрады? Хореографиядан, жеке вокалдан керемет ұстаздар сабақ берді.
– Шәмшінің көптеген әндерін орындадыңыз. Жаныңызға етене жақын, бойтұмардай құрмет тұтатын әніңіз бар ма?
– Шәмші ағаның «Отырардағы той» әнін телеарнадан алғаш мен орындадым. Композитордың көзі тірісінде өзінен рұқсат сұрап алған бұл әнді жүрген жерімнің бәрінде орындаймын. «Шәуілдірдің әр үйінде дәл осындай той болсын» деген тұсын «Қазағымның әр үйінде дәл осындай той болсын» деп өзгертсем қалай болады, аға?» дегенімде, ол кісі сондай қуанды. «О, жарайсың!» деп қарсылық білдірмей, қайта қарапайым қалпымен қабыл алуының өзі маған композитордың жан дүниесіне деген құрметімді еселей түсті.
Шәмші ағаның мен орындайтын «Қайықта», «Кешікпей келем деп ең», «Әнім сен едің», «Қайдасың», «Ана туралы жыр», «Отырардағы той», «Қарагөз», «Мойынқұмда ауылым»... әндері бүгінде халқымыздың баға жетпес байлығы саналады. Бұларсыз тойдың сәні кірмейтін сияқты.
– Әннің бастапқы нұсқасын өзгерту, өз жанынан бірдемелер қосып, құбылту дегендерді құптайсыз ба?
– Қазіргі кейбір жастардың Шәмшінің әндерін бұзып орындауын, халық қазынасына қиянатын құптамаймын. Үндерін сан құбылтып, жаңалық ашқылары келетін талаптарына нұр жаусын-ау, бірақ үйлеспейтін, керісінше қолда бар байлықты жоғалтуға ұрындыратын әрекеттеріне қарадай қарның ашады.
Әрине, мақтанғандығым емес, жұрт маған Шәмші ағамыздың әнін сізден артық ешкім айта алмайды дейді. Мүмкін олар маған мұны көзіме жай мақтай салу үшін айтып тұрған шығар деймін де, күмәнға бой алдыратыным рас. Бір-екі адамның лебізі жаңсақ болуы мүмкін ғой. Ал бұл сөзді он-он бес, тіпті, одан көп адамнан естігенде, «рас шығар» деген қорытындыға келемін. Шәмшінің әндерін менің орындауымда ғана естігісі келетін өз тыңдаушыларым бар.
Өмірде өзіме сын көзбен қараймын. Жұрттың алдына жиі шыға беруді ұнатпаймын. Сахнадағы бейнем мен өмірдегі қалыбым қатты ұқсайды... Шәмшінің лирикалық әндері ескірмейді, олар мәңгілік. Мен оны көбіне халық аспаптары оркестрі сүйемелдеуімен орындадым. Астанаға көшіп келгенімде Ауыл шаруашылығы министрлігі өзінің Наурыз мерекесіне шақырды. Президенттік мәдениет орталығы шағын оркестрінің сүйемелдеуімен біраз ән орындадым. Шара аяқталған соң, жұрт құшақ-құшақ гүл сыйлап, алғысын жаудырып жатыр. Қасыма бір жас тыңдарманым келіп: «Апай, сізге көп рахмет. Сіздің әсерлі әніңізді естіп, толқыдым. Әсіресе, «Қайықта» әні шырқалғанда жүрегім елжіреп, рахат күй кештім. Көп рет естіген әнім ғой, бірақ сіз өзгеше айтады екенсіз» деді. Мен одан кейін өнерімді өзімше саралай келіп, халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен лирикалық әндердің сәтті орындалатынын аңғардым.
– Оркестрдің сүйемелдеуімен ән салатын әншілер некен-саяқ. Неге?
– Жалпы, қазіргі заманауи эстрадалық музыкалық аспаптармен өңделген, сондай-ақ, халық саз аспаптарымен жазылған минусовкаларым бар. Шығармаларды вокалдық аспаптар ансамблі, эстрадалық-симфониялық, сондай-ақ, халық саз аспаптары оркестрлері сүйемелдеуімен орындаймын. Қазақтың мемлекеттік академиялық Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрі, эстрадалық-симфониялық, сонымен қатар, дирижер А.Аблаевтың эстрадалық симфониялық оркестрі сүйемелдеуімен өнер көрсеттім. Өкінішке қарай, қазір екінің бірі өзін әнші санайды, бірақ оркестрмен айтуға шорқақ.
...1993-1994 жылдарғы «Отырардағы той» әніне көңілім онша көншімейтін. Оған қазақы рух жетпейтін. Осыдан 5-6 жыл бұрын бұл ойымды аранжировкашыға жеткіздім. Мұнда қазақтың қасиетті қара домбырасының, қобызының қоңыр үні бебеулеп тұруы керек дедім. Біразы бас тартты. Бірақ кейінгісі, «Отырардағы той» әнінің қайтадан өңделген жобасы өзіме ұнайды.
– Бір әнді өңдеп, бойына қан жүгірту үшін қанша уақыт керек?
– Құрығанда бір-бір жарым жыл керек. Себебі, өңдеуші маман табыла бермейді.
Бұрын әншінің жалғыз өзі-ақ көп шаруа атқара алатын. Қазір сахна сыртындағы қызмет түрлері көбейіп кетті. Бір адамның соңынан бірнеше адам қосылып күнін көріп жүр. Продюсер, имиджмейкер, стилист, т.с.с.
– Кімге еліктедіңіз?
– Роза Бағланова апамыз орындаған Шәмшінің «Ақ маңдайлым», «Ақсұңқарым» әндерін орындағым келеді. Маған ол кісінің орындаушылық шеберлігі, дауысы, киім кию үлгісі ұнайды. Өзіме ұстаз тұтатын адамым.
– Қазір эстрадалық әндер қалай жазылады?
– Көбіне батыс жаққа еліктеу басым. Мидай араласқан сансыз сарыннан бас айналады. Эстраданы тым шоуға айналдырып жібердік. Оны тек ақша табудың, табысқа кенелудің көзі етуге қарсымын. Әжептәуір атағы бар дәстүрлі әншілердің не үшін эстрадаға ауысып, өздерін соншалық төмен түсіретінін түсінбеймін. Өйткені, эстрада мен дәстүрлі әнді орындаудың арасы жер мен көктей ғой. Тойға шығу үшін сондай әрекетке баратын әріптестерімді қазіргідей заманда сөгудің өзі кейде қиын. Қазақтың тойы болмаса ол байғұстар қалай күн көреді, бала-шағасын қалай асырайды?! Мен де шақырған тойға барамын. Залдағы қазақ – тойда да сол қазақ. Айырмашылығы жоқ.
– Өз тыңдаушыларыңызды жалықтырмау үшін не істейсіз?
– Мәселенки, мен жеке концертімде тыңдаушылардың талап-тілегін орындауға көбірек мән беремін. Олардың арасында жастар да, орта буын да, егде кісілер де кездесетіндіктен мұнда түрлі жанр қамтылуы керек. Көрерменді бір жарым сағат тырп еткізбей қою мүмкін емес. Ескі әндерді халық саз аспаптары ансамблі сүйемелдеуімен тоқтаусыз шырқасаң, жастар шаршап, бірыңғай эстрада орындалса қариялардың төзімі таусылмауы үшін ешкімді жалықтырмайтын ортақ бағдарлама жасаймын. Содан да концертім жүріп жатқанда бір адамның орнынан тұрып, теріс айналған сәтін көрген емеспін.
– Сахнадан біраз уақыт қол үзіп кеткен кезіңіз бар емес пе?
– Әйелдің бәрі бақытты өмір сүргісі келеді. 1994 жылы тұрмысқа шығып, мен де өзім келін болып түскен шаңырақтың алдымен берекелі болуын тіледім. Сахнадан біраз уақыт көрінбей кету себебім осыған байланысты. Бала сүйдім. Жасы үлкен ата-енемді жалғыз тастап кетуге қимадым. Бірақ «Гүлдер» ансамблінен мүлде қол үзіп кеткен жоқпын, ара-тұра «Алтыбақан», «Ән-шашу» бағдарламаларына қатыстым.
– Отбасыңызда қанша өнерпаз бар?
– Астанаға көшіп келгеніме 15 жыл болды. Бүгінде қалалық филармонияда әншімін. Екі қызым бар. Үлкен қызым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әсел Нүркенова – қазақ өнерінде өз орны бар тұлға. «Белес» этно-эстрадалық тобында өнер көрсетеді. Қобызшы. Кіші қызым Рахима Қазақ ұлттық өнер университетінде оқиды, пианиношы. Ұлыбританияда тұратын сіңлім Айжан Нүркенова – халықаралық деңгейдегі пианиношы. Корольдік академиясын бітірген.
Әңгімелескен
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»