Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған кезекті Жолдауында айтқандай, еліміз өзінің 25 жылдық даму кезеңінен абыроймен өтті. Ширек ғасырда еліміздің жеткен жетістігін әлем жұрты жоғары бағалады. Бұл Елбасы жүргізген сара саясаттың жемісі деп білемін.
Биылғы жыл да еліміз үшін табысты жыл болмақ. Алматыда өткен Универсиада-2017 спорт ойындары соның бастауы. Ал жазда Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтпек. Астананы да ұл-қыздарымның арқасында аралап көрдім. Таңғалдым. Балам оқығанда барғандағы Целиноградтан мүлде бөлек, ғажап қалаға айналыпты елордамыз.
Бұған дейін де Қазақстан талай халықаралық ұйымдарға төрағалығын абыроймен өткізді. Енді, міне, биылдан бастап Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болып отыр. Бұл Кеңес жұмысына Елбасы тың серпін беріп, өз міндетін үлкен жауапкершілікпен өткереді деген сенімдемін.
Елбасының жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауын теледидардан тыңдаушы едім. Бұл жолы газет бетінен оқып таныстым. Жолдауда Елбасы алдағы 25 жылда бізді бұдан да биік белестер күтіп тұр дейді. «Алдымызда қандай қиындықтар кездессе де, оларды еңсере алатынымызға сенімдімін. Біздің басты күшіміз – бірлікте.
Қазақстанды кейінгі ұрпақ үшін бұдан да өсіп-өркендеген елге айналдырамыз!» деген Елбасы сөзі көңіліме демеу болып тұр. Біз асарымызды асадық, жасарымызды жасадық, енді Елбасы айтқандай, біз көрмеген жақсылықты немере, шөберелеріміз көрсін. Еліміз бүгінгіденде өсіп-өркендей түссін. Аса дамыған отыз елдің қатарынан көрініп, мәртебесі биіктей берсін деп тілеймін.
Алтын АРТАЕВА,
«Алтын алқа» иегері
Жамбыл облысы