06 Наурыз, 2017

Бәсекеге қабілеттіліктің заңды жүйесі жасалады

241 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын биылғы Жолдауындағы «Сот жүйесіне сенімнің артуына қол жеткізу қажет», деген бір сөзінің астарында сот жүйесіне артылып отырған барша міндет пен тапсырманы орындаудың салмағы мен жауапкершілігі жатыр. Жолдауда қойылған мін­дет­терді жүзеге асыра отырып, сот жүйесі жеке меншікті қорғауға, құқық үстемдігі мен баршаның заң алдындағы теңдігін қамта­ма­­сыз етуге бағытталған жаң­ғырту жұмыстарын одан әрі жал­ғас­тырып, жеке және заңды тұлға­лардың құқықтары мен мүд­делерін қорғаудың кең ауқым­ды мүмкіндіктерін аша түсуді көздеп отыр. Сот төрелігін жүзеге асыру барысында күнделікті неғұр­лым жиі кездесетін әлеуметтік-эко­номикалық мәселелердің тізі­мі айқындалуда. Соттар әуе­л­гі кезекте жеке меншікті қорғауға, бұқаралық кәсіпкер­лікті қолдауға, салық-бюд­жет саясатын жақсартуға, бюд­же­тті оңтайлы қолдануға, инвес­ти­ция­лық даулар бойынша бір­келкі сот практикасын қалып­тас­тыруға, әкімшілік және қыл­мыс­тық заңнаманы ізгілен­дір­уге, қоғамдық қауіптілігі төмен эко­номикалық қыл­мыс құрам­дарын қылмыс­сыз­дан­дыруға қатысты мәселелерге ден қойып отыр. Жоғарғы Сот Жолдаудың басым­дықтары бойынша сот практ­икасына қорыту жүргізіп, заңнаманы қайта тексерістен өтк­ізу және тиісті органдарға кешенді ұсыныстар әзірлеу жұмыстарын бастап та кетті. Қаржылық секторды «қайта жүктеу» бөлігінде коллекторлық қызмет туралы заң жобасы бо­йынша және банктерге арнайы та­лап-арыздардың ескіру мер­зіміне қатысты бірқатар түзету­лер ұсынылды. Әкімшілік және қыл­мыстық заңнаманы ізгі­лен­­діру мәселесіне жіті назар аударылуда. Шетелдік инвесторлар үшін Қазақстан экономикасының тартымдылығын арттыру жұ­мысын күшейту бағытында ин­вес­­тициялық даулар бойынша бір­келкі сот практикасын қорыту, заңнаманы жетілдіру мәсе­лелері қолға алынып жатыр. Сот­тар қоғам­дық қауіптілігі төмен эконо­ми­калық қылмыс құрам­дарын қыл­мыссыздандыру, мем­ле­кеттік са­тып алу саласын жетіл­діре оты­рып, аз көлемде айып­пұл салу инс­титутын қайта қалпына келтіру мәселелеріне назар аударып отыр. Жолдауда адамның өзінің баруын қажетсінбейтін толық электронды форматқа көшіру қамтамасыз етілуі керек екендігі айтылды. Мұндай жұмыстардың мем­лекеттік биліктің сот тар­мағында біркелкі табысты жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Жаңа ақпараттық технологияға негіз­делген электронды бағдар­ламалар өз нәтижесін көрсете бастады. Олардың қатарында «Төрелік», «Сот кабинеті» және басқа сервистер бар. Пошта байланыстарының ор­нын ешбір қаражат шығын­дамай­тын электронды пошта, SMS хабарлама, электрон­ды ба­ғдар­ламалар мен сервис­тер, гибридті электронды пош­та және басқалары бас­ты. Қазір сот процестерін қо­сым­ша уақыт пен қаражат шы­ғын­­дамай-ақ қашықтықтан бейне­конференцбайланыс арқы­лы өт­кізу қалыпты құбылысқа ай­на­лып барады. Жолдау талаптарын жү­зе­ге асыру барысында бұл жұмыс­тар одан әрі дамытыла береді. Бек ӘМЕТОВ, Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы