06 Наурыз, 2017

Рухани-инновациялық стратегия да қажет

222 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетіне қарасты Фи­ло­софия, саясаттану және дін­та­ну институтында мемлекет басшы­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ­стан­ның Үшінші жаңғыруы: жаһан­дық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын тал­қы­лауға арналған семинар өтті. Семинардың модераторы болған Фи­ло­софия, саясаттану және дінтану инс­ти­ту­ты философия бөлімінің меңгерушісі, фи­ло­с­офия ғылымдарының докторы Аяжан Са­ғи­қызымен қатар, аталған инс­ти­тут­ ди­рек­торының ғы­лыми жұмыстар жөнін­дегі орынбасары Серік Нұр­мұ­ратов, филосо­фия бөлімінің ғылыми қыз­меткері Ермек Тоқ­­та­ров баяндама жа­сап, қоғамдық өмірдің әлеу­­мет­тік-гума­ни­­тарлық бөлігін жан-жақты да­мыту та­қы­ры­бына кеңінен тоқталып өтті. «Қазіргі таңда адами болмыс, өнер, ғы­лым таза технократтық жолмен, яғни адам­ға адам ретінде жауап бере алмайтын жол­мен дами бастағандай. Трансгуманизм, поста­дамдық идея, қоғам өмірінің барлық са­ла­ларының роботтануы рухани, гу­ма­ни­тарлық бастаумен теңестірілмеген, сон­дықтан адам бойындағы адамдықты ба­сып тастамақ. Адамның рухани әлемін бай­ыту қазіргі таңда стратегиялық мін­дет болып табылады. Сондықтан ғы­лы­м­- ­ның техниканың, технологияның, «Цифр­лы Қазақстанды» дамытудан өзге, гу­ма­ни­тарлық ғылым, адамгершілік тәрбие, дү­ние­танымдық ағартушылық даму сияқ­ты рухани-инновациялық стратегия да қа­жет», – деген түйін жасасты философ ға­лымдар. Сондай-ақ, семинарда сөз сөйлеген Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ ха­лық­­аралық қатынастар кафедрасының про­фессоры, философия ғылымдарының док­­торы Сағади Бөлекбаев, Қазақстан гу­­манитарлық-саяси конъюнктура ор­та­­лығының президенті, саясаттану ғы­­­лымдарының докторы, профессор Есен­жол Алияров гуманитарлық білім кор­пу­сы аясында философтардың, дін­та­ну­шы­лардың, саясаттанушылардың, пси­хо­лог­тардың, тарихшылардың және басқа да гуманитарлық сала ғалымдарының ғы­­лы­ми талпыныстарын біріктіріп, жүйе­лен­­діру қажет деген пікірлерімен бөлісті. Аталған шараға бірқатар ғылыми-зерт­теу институттарының қызметкерлері, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінің PhD докторанттары мен ма­гистранттары қатысты. Олар Президент Жолдауының не­гіз­гі тұжырымдарын қазақстандық фи­лософияның мақсаттары аясында қарас­ты­ра отырып, Қазақстандағы жаңару үрдістерін әдіснамалық және дүниетанымдық тұрғыдан талқылады. Мира БАЙБЕК, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ