06 Наурыз, 2017

Жан байлығын жаратылыстанудан тапқан

256 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Білім және ғылым ми­нис­­трлігі, Абай атын­да­ғы Қазақ ұлттық пе­да­гогикалық уни­верситеті, «Өрлеу» білік­тілікті арттыру орталығы, География институты жә­не әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық университеті бір­лесе отырып география ғылымдарының дамуына өлшеусіз еңбек сіңіріп келе жатқан айтулы академик, Мемлекеттік сый­­лықтың иегері Әлия Бей­­сенованың 85 жасқа толған мерейтойына арнап «Жаратылыстану ғы­лымдары білімін жаңар­тылған мазмұн жағ­дайын­да мо­дернизация­лау» та­қырыбында халық­­ара­лық ғылыми-прак­ти­калық конференция өткізді. Конференцияға Қазақ­стан­ның физикалық географиясы мен экологиясын, табиғатты зерттеу­мен шұғылданатын жо­ғары оқу орындарының про­фессор-оқы­тушылары, Ре­сей, Әзер­байжан, Өзбекстан және тағы басқа алыс-жақын шетелдер­ден арнайы шақыртылған ғалымдар қатысты. Жиын барысында қазіргі жаратылыстану және география ғылымдарының келелі мәселелері талқыланып, маз­мұнды баяндамалар жасалды. Ғылыммен бірге ұстаз деген ұлағатты атты биік ұстап келе жатқан Әлия Сәрсенқызы шәкірттерінің бойы­на білім нәрімен бірге жақсы қасиеттерді де сіңіріп, кәсібі мен кісілікті қатар ұстануды өмірлік қағидасына айналдыруға үйреткен бірегей ғалым. Оның жетек­шілігімен 3 докторлық, 14 кандидаттық еңбек қорғалған. Ә.Бейсенованың ғылыми-педа­гогтік қызметінің үлкен бір саласы Қазақстандағы жоғары оқу орындары мен орта мектеп үшін оқулықтар мен оқу құрал­дарын, бағдарламалар жасау және оны бастыру ісімен тығыз байланысты екені анық. Мектеп оқушыларының бірнеше буыны осы оқулықтармен өсті, ғалымның ізденісімен дүниеге келген «Қазақстанның гео­гра­фиялық атласымен» танымын кеңейтті. Қазақстан эколо­гиясын зерттеу саласындағы ең­бектері үшін Американың био­графиялық институты Әлия Сәрсенқызын «2006 жыл әйелі» деп танып, оны арнаулы медальмен марапаттаған. Ол 600-ге жу­ық ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде монографиялары мен оқулықтарының өзі 20-дан асады. Жиынға келген ғалымдар, меймандар академиктің бір бойынан көрініс табатын сан түрлі асыл қасиеті туралы тебірене әңгімеледі. Еліміздің жаратылыстану ғылымын дамытуға сүбелі үлес қосып келе жатқан Әлия Бейсенованың құдай берген таланты, іскерлігі, биік интел­лектуалдық қабілеті адами адалдығымен қосылып, оны өз ұрпағының алдыңғы қата­рына шығарғанын конференция қатысушылары бір ауыздан қуаттап, ғибратты ғұмырына сүйіс­пеншілік білдірді. Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ