Ақтөбе аймағында «Біз – біргеміз!» атты әлеуметтік-қайырымдылық тұрғысынан мәні мен маңызы жоғары акция өткізу ісі дәстүрге айналған. Оның басты мақсаты өз атауынан көрініп тұрғанындай – қоғам мүшелерін жұмған жұдырықтай бір арнаға топтастыруға, мүмкіндігі шектеулі жандардың қарым-қабілетін көтеруге, азаматтық бастамаларды қолдауға, және отаншылдық сезімді тереңдетуге бағытталған. Кеше осы бағыттағы кезекті кездесу облыс орталығындағы «Атамекен» мәдени-орталығында өткізілді.
Өмір күнде той емес, оның алдын ала болжауға мүлдем келмейтін әр түрлі сынақтары мен тосын жағдайлары да жетерлік. Ащысы мен тұщысы алмасып келетін өмірде асу да, тасу да, күйініш те, сүйініш те болмай тұрмайды. Ойламаған жерден тағдырдың ауыр тепкісіне тап келетіндер де бар. Оларға үнемі қолдау мен қамқорлық көрсету – біздің айнымас парызымыз. Әлеуметтік борышымыз. Дәстүрлі акцияда Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өз сөзін осы арнадан сабақтады.
Тұтастай алғанда өмірде мүгедек жандарға көрсетіліп жүрген құрмет деңгейі жоғары. Мұнда оларды көлеңкесімен қорғай жүретін мәрт азаматтар легі де мол. Әрісін айтпағанда өткен жылы облыстық әкімдік тарапынан 32 мүгедектер отбасына жан-жақты жабдықталған жайлы пәтерлер берілген. Биылғы жылдың өзінде баспанаға мұқтаж бес мүмкіндігі шектеулі жеке тұлғалар уақытша баспанаға орналастырылған. Сондай-ақ, биылғы өткізілген акция кезінде сал ауруына ұшыраған азаматтарды қолдау орталығы қоғамдық бірлестігіне бір миллион бес жүз мың теңгенің сертификаты берілді. Әрі мүгедектерге арналған көлік-таксилер сыйға тартылды.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ