Жамбыл облысында гипс және гипс өнімдерін шығаратын кәсіпорын жаңа өндірісті іске қосты, деп жазады
24.kz..
Жоба аясында 4 жаңа құрылыс материалын өндіретін цехтар жұмысын бастады. Енді зауыттың өнімділігін 5 есе көбейтуге мүмкіндік туып отыр. Жаңа өндірістің құрылысы 2,5 жыл бойы жүргізілді. Қазір бұл цехтегі аппараттар толықтай іске қосылып, алғашқы өнімді бере бастады. Жүйе толығымен автоматтандырылған, сондықтан, бүкіл процессті екі-ақ адам басқарады.
"Барлығын осы жерден көріп отырамыз. Қай жерге қанша тонна жібердік, қанша шығып жатыр, қанша шығысы, қанша кірісі бар. Қаппен шығарамыз, гипсакартон цехына жібереміз, пневмотранспорттың көмегімен. Қазіргі заман талабына сай біз қолмен емес, бәрі автоматтандырылған", - дейді зауыт операторы Есен Тілеуқабыл.
Ал мына цехте микрокальцид ұнтағы шығарылады. Оның қолдану аясы кең, құрылыс саласынан бастап косметологияға дейін пайдаланылады. Мұнда жылына 56 мың тонна өнім дайындалады.
"Бірінші этапта біз құрылыс материалдарына қажетті өлшемі 70, 100 микронды кальцид ұнтағын шығарудамыз. Екінші этапта ең күрделі саналатын 5 микронға дейін кальцид ұнтағын шығару жоспарда. Және бұл өндіріс алаңында шығарылып жатқан өнімдер әлемідк стандарттарға сай", - дейді зауыт басшысының орынбасары Димар Мэлсин.
Кәсіпорындағы тағы бір жаңалық Қазақстан аумағында алғашқы рет перлит атты материал өндіріле бастады. Ол құрылыс пен ауыл шаруашылығы салаларына аса қажет. Жылына 80 мың текше осы тауар түрін шығару жоспарда. Жалпы, компания биылдан бастап барлық өнім түрлерінің көлемін еселеуді көздеп отыр. Оның ішінде 170 мың тонна гипс, 100 мың тонна құрғақ құрылыс қоспалары өндірілмекші.
"Жамбылгипс АҚ мемлекеттік «Бизнесті дамыту» бағдарламасы аясында ТМД елдерінде гипс өндірудегі ең ірі, қуатты инновациялық жобаны іске қосты. Бұл жобаның іске қосылуы компанияның біріншіден қаржы дәрежесі өседі. Және сапалы, арзан өнім шығаруға, өнімнің өзіндік құнын азайтуға мүмкіндігіміз болады. Компания 35 пайызын экспортқа шығаруға дайын", - дейді зауыт басшысы Қайнарбек Құсайынов.
Бұл Жамбылда жасалған мұндай тауар түрлері шет елдік компаниялармен бәсекелестікке түседі деген сөз. Қазірдің өзінде Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдері зауыттың жаңа өнімдеріне аса қызығушылық танытып отыр. Бұл жұмыстардың барлығы зауытты жаңалау және қайта жаңғырту жобасы аясында жүзеге асып отыр.