06 Наурыз, 2017

Фируза Шәріпова жарақатпен шаршы алаңға шықты – менеджері

213 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстандық кәсіпқой боксшы қыз Фируза Шәріпованың ресейлік Юлия Чернобородоваға қарсы айқасы жайлы менеджері Сергей Завилейский пікір білдірді. Бұл туралы sports.kz хабарлады. «Жекпе-жек Фируза үшін оңай өткен жоқ. Юлия кәсіпқой рингке алғаш рет шығып тұрса да, оңай қарсылас еместігін тағы бір мәрте дәлелдей түсті. Алдағы уақытта бәрі жүйелі түрде жүзеге асса, болашағынан үлкен үміт күтуге болады. Промоутері Елена Маркова өз ісінің шебері. Юлия үшін қажетті жағдайдың бәрін жасайды деп ойлаймын», – деді Завилейский. «Фируза күмәнсіз жеңіске жетті. Тек алғашқы раунд қана тең дәрежеде аяқталды деп айта аламын. Себебі, жаттықтырушы Сергей Куйбышев қарсыласының ыңғайын біліп алмақ үшін арттық қимылдамау жөнінде тапсырма берген. Оның үстіне Шәріпова соңғы спарринг кездесуінде қарсыластарының бірімен соқтығысып қалып, мұрнын жарақаттап алған. Осыдан кейін жекпе-жекті кейінге қалдырмақ болғанбыз. Дәрігерлер жұдырықтаса алатынын, бірақ соққы жіберіп алса, қатты ауырсынатынын айтқан. Фируза алған бетінен қайтпай, шаршы алаңға шықты», – деді менеджері. «Шәріпова үшін бұл үлкен тәжірибе болды. Кезекті рет өзінің мықтылығын дәлелдей түсті. Бастысы, бір орында тұрып қалмай, күн санап деңгейі артып келеді. Ендігі мақсат – титулды айқас өткізу. Шамамен келесі айға жоспарлап отырмыз. Бірақ тағы бір айта кетерім, қаржы жағынан аздап қиналып отырмыз. Ал физикалық және моральдық тұрғыдан ол бәріне дайын. Мұрнын емдегеннен кейін жаттығуларына қайта кіріседі», – деді Сергей Завилейский. Айта кетейік, 4 наурыз күні Фируза ресейлік қарсыласын алты раундтың қорытындысы бойынша төрешілердің бірауыз шешімімен жеңген болатын.