Конституциялық түзетулер қоғам дамуымен үндеседі
Конституциялық реформа – бұл мықты президенттік билікті сақтай отырып, ең алдымен демократияны одан әрі нығайту, халықтық билік негізін күшейту, Парламент пен Үкіметтің жауапкершілігін арттыру болып табылатындығын атап өткен Мәжіліс Төрағасы күн тәртібіне сәйкес негізгі баяндама жасау үшін мінберді Бірлескен комиссияның төрағасы, Мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіровке ұсынды. «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы» жөнінде екiншi оқылымда баяндаған Н.Әбдіров Ата Заңымызға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар Мәжіліс пен Сенаттың тұрақты комитеттерінде, саяси партиялардың фракцияларында кеңінен талқыланып, барлық ұсыныстар Бірлескен комиссияға берілгендігін айтты. Парламенттің бүгінгі отырысы сипаты жағынан – тарихи, мазмұны жағынан – тағдырлы. Біз қазақстандық қоғамның, мемлекеттің саяси жүйесі дамуының жаңа бағытының жобасын қараудамыз. Сонымен бірге, Қазақстан дамуының осыған дейін жүріп өткен жолын аяқтап, Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихының тағы бір бетін аудардық. Ұсынылып отырған заң жобасында көрініс тапқан, дамудың жаңа сатысына бастаған тарихқа қадам жасадық. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы шешімді алғаш рет жария еткен кезде, сөзін «заманның дидары өзгерді, біз де өзгеруіміз керек. Сол себепті, мемлекеттің басқару жүйесін де жаңғыртатын кез келді. Мен елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып осындай байлам жасадым», деп бастаған болатын. Сондай-ақ, бұл Елбасы ұсынған конституциялық реформа елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының жаңа сатысына, жаңа кезеңіне аяқ басқалы тұрғанын көрсетеді. Өйткені, өркениет көшінен қалмай, саяси жүйені одан әрі жетілдіру – заман талабы, деді Н.Әбдіров. Одан кейінгі сөзін ол Елбасы ұсынған конституциялық реформаның басты мақсаты – атқарушы билік тармағын неғұрлым тиімді, жауапты әрі жедел ету және анық президенттік басқару нысаны мен президенттік билік вертикалін сақтай отырып, Парламенттің бақылау функцияларын күшейту болып табылатындығымен сабақтады. Сондықтан да, ұсынылған конституциялық түзетулер мемлекет пен қоғамның тарихи даму қисынына сай келеді деуге толық негіз бар. Өткен кезеңнің ең маңызды сатыларының бірі – 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы болып отыр. Ол халықтық егемендік арқылы көрініс табатын демократизм, идеологиялық және саяси алуантүрлілік, жергілікті өзін өзі басқаруды мойындау мен оны қамтамасыз ету, құқықтық мемлекетті бекіту сияқты конституциялық құрылыстың негіздерін бекітіп берді. Қолданыстағы Конституциямыз қабылданғалы 22 жылға жуық уақыт өтті. Осы уақытта еліміз өз дамуында орасан зор жетістіктерге қол жеткізді. Мемлекет басшысы белгілеген стратегиялық бағыт бойынша орнықты әрі кезең-кезеңмен ілгерілеу арқасында Қазақстан қазір 1995 жылмен салыстырғанда мүлдем басқа елге айналды. Бүгінгі таңда еліміз еуразия кеңістігінде мүлдем жаңа лайықты мәртебесі мен орасан зор перспективасы бар қуатты мемлекет болып табылады. Және де осы кезеңде әлемнің барынша дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруді қамтамасыз ету – негізгі мақсат, деді Н.Әбдіров. Мемлекет басшысы ұсынған конституциялық реформа барынша дер кезінде қолға алынғанын әрі аса қажеттіліктен туындап отырғанын және оны іске асыру үшін бізде барлық қажетті ресурстық әлеует жеткілікті екендігін тілге тиек еткен баяндамашы, Мемлекет басшысы ұсынып отырған заң жобасы Конституцияның 19 бабына 26 түзету енгізуді көздейтінін мәлімдеді. Сөйтіп, баяндамашы заң жобасын екінші оқылымда қарау шеңберінде бүкіл конституциялық реформаның мәні туралы тұтас көзқарастың болғаны маңызды дей келе, алдымен депутаттардың бірінші оқылымда тұжырымдамалық тұрғыда қолдаған түзетулеріне қысқаша тоқталып өтті.Басқару жүйесін жаңғыртатын теңгерімді шешім
Бірлескен комиссия төрағасы мәлім еткен түзетулердің басым бөлігі Президенттің, Парламент пен Үкіметтің билік өкілеттіктерін қайта бөлу мәселелерін қозғайды. Сондықтан да бұл түзетулер Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруға бағытталған. Президенттің қорғаныс қабілеттілігі, ішкі саясат, мемлекеттік басқару, Конституцияны қорғау және мемлекеттік билік тармақтарының тиімді жұмысы мен олардың өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі құзыретін сақтау дұрыс қадам болғаны күмәнсіз. Парламенттің заң шығару билігін жүзеге асыратыны туралы норма бекітіледі. Мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық саладағы заңмен белгіленген өкілеттіктерінің басым бөлігін Үкіметке беру ұсынылады. Сондай-ақ, билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету міндетін шешеді. Адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың жаңа пәрменді тетігі пайда болды, деді Н.Әбдіров. Мемлекет конституциялық құқықтар мен бостандықтарды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді қабылдай отырып, оны жүзеге асырудың құқықтық, ең алдымен, конституциялық тетіктерін белгілейді. Мәселен, Мемлекет басшысы осыларды қорғау мүддесінде Конституциялық Кеңеске қолданыстағы және қабылданған заңдардың, сондай-ақ өзге де құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеру үшін жүгіне алады. Осындай конституциялық бақылаудың жаңа бағыты заңдар мен құқықтық актілердің сапасына жақсы әсер ететіні сөзсіз. Ал бұл болса, Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде одан әрі нығаюына ықпал етеді, деген Комиссия төрағасы аталған түзетулерді арқау еткен алты бапқа егжей-тегжейлі тоқталды. Бірінші. Конституцияның 91-бабына енгізілетін түзетулерде мемлекет Тәуелсіздігінің мызғымастығы, сондай-ақ Негізгі Заңға өзгерістер мен толықтырулар бойынша республиканың Конституциялық Кеңесі қорытындысының міндетті түрде болуы бекітіледі. Басты құндылығымыз – мемлекет Тәуелсіздігінің беріктігіне кепілдіктер конституциялық деңгейде бекітіледі. Конституцияның 91-бабында біртұтастықпен, республиканың аумақтық тұтастығымен және басқару нысанымен қатар, ешбір жағдайда, тіпті, Негізгі Заңды қайта қарау арқылы да еліміздің Тәуелсіздігінің өзгермейтіндігі тікелей белгіленген. Бұл түзету өте әділ, өйткені, тәуелсіздік «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» 1991 жылғы 16 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының арнайы Конституциялық заңымен бекітілген. Осы конституциялық ережелердің мызғымастығын қамтамасыз ету үшін Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар олардың белгіленген талаптарға сәйкестігі туралы Конституциялық Кеңестің қорытындысы болған жағдайда ғана республикалық референдумға немесе Парламенттің қарауына шығарылуы мүмкін деп белгіленген. Осы мәселе бойынша өтініш жасау субъектісі ретінде Мемлекет басшысын айқындау ұсынылады. Екінші. Конституцияның 49-бабының 1-тармағына сәйкес, Парламент – заң шығару функцияларын ғана емес, Конституцияның 3-бабы негізінде заң шығару билігін жүзеге асыратын республиканың ең жоғары өкілді органы болып табылады. Сондықтан да Негізгі Заңның 3-бабының 3-тармағына сәйкес, халық пен мемлекеттің атынан билік жүргізу құқығы Президентке, сондай-ақ конституциялық өкілеттіктері шегінде республика Парламентіне тиесілі. Заң шығару билігі – маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігіне қатысты негізге алынатын қағидаттар мен нормаларды белгілейтін және Конституцияның 61-бабының 3-тармағында аталған басқа да қатынастарды реттейтін заңдарды әзірлеумен, қараумен және қабылдаумен айналысатын мемлекеттік билік тармағы. Бұл түзету де толығымен қисынды. Өйткені, 64, 75 және 76-баптарда елімізде атқарушылық билікті – Үкімет, ал сот билігін – соттар (судьялар) жүзеге асыратыны туралы ереже нақты бекітілген. Аталған түзету Конституцияның 3-бабы 4-тармағының нормаларына сәйкес келтіру үшін жасалып отырғаны анық, себебі, онда мемлекеттік билік жүйесі билікті үш тармаққа бөлу және тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы өзара іс-қимыл жасау қағидатына сай белгіленген. Үшінші. Конституцияның 57-бабының 6-тармақшасына Үкімет мүшелерінің өз қызметі мәселелері жөніндегі есептерін тыңдау және олар заңдарды орындамаған жағдайда қызметінен босату туралы Президентке өтініш жасау құқығы туралы өте маңызды түзету енгізіліп отыр. Мұндай жағдайда Президент Үкімет мүшесін қызметінен босатады. Төртінші. 61-баптың 2-тармағының жаңа редакциясына сәйкес, Президент заңдар жобаларын қараудың басымдығын белгiлеуге құқылы, бұл тиісті заң жобалары бірінші кезектегі тәртіппен екі ай ішінде қабылдануға тиіс екенін бiлдiредi. Бесінші. 70-баптың 1-тармағына айтарлықтай өзгеріс енгізу ұсынылуда. Онда Үкімет жаңадан сайланған Мәжілістің алдында өз өкілеттіктерін доғарады. Бұл норма депутаттардың жауаптылығын арттырумен қатар, елдің сайлау жүйесінің партиялық қағидатын күшейтеді. Алтыншы. 44-бапқа түзетулер мемлекеттік бағдарламаларды және мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қамтылатын барлық органдарды қаржыландырудың және олардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту жөніндегі өкілеттіктерді Президенттен Үкіметке беруді көздейді. Бұл міндетті Үкімет Мемлекет басшысымен келісіп шешеді. Сондай-ақ, жобада Мемлекет басшысының Үкімет және Премьер-Министр актілерінің күшін жою не қолданылуын тоқтата тұру құқығы алып тасталады. Осылайша, Үкімет өз актілеріне өзі толық жауапты болады. Сонымен бірге, республика Президенті адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, егемендігі мен тұтастығы мүддесі үшін Конституциялық Кеңеске күшіне енген заңның немесе өзге де құқықтық актінің Конституцияға сәйкестігін қарау үшін өтініш жасай алады.Құқық саласын жетілдіру – заман талабы
Конституцияның 79-бабы 3-тармағының қолданыстағы редакциясында судьяларға біліктілік талаптары белгіленгені белгілі. Осы талаптар «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңда да көрсетілген. Заң жобасында судьяларға біліктілік талаптарын тек заңмен нақтылау ұсынылады. Ал 81-баптағы Жоғарғы Соттың соттар қызметін қадағалауды жүзеге асыруы туралы норма Жоғарғы Сот заңда көзделген жағдайларда өзінің соттылығына жататын сот істерін қарайды деген нақтылаумен алмастырылады. Сондай-ақ, 83-баптың 1-тармағына енгізілетін өзгерістер прокуратураның жекелеген функцияларын жинақтауға қатысты, себебі, оларды прокуратура Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалау шеңберінде жүзеге асырады. Сонымен қатар, заң жобасында жергілікті өкілге және атқарушы органдарға қатысты нормалар да қамтылған. Атап айтқанда, 86-баптың 5-бабына өзгерістер енгізіліп отыр, оларға сәйкес мәслихаттың өкілеттігін Қазақстан Республикасының Президенті Премьер-Министрмен және Парламент палаталары төрағаларымен консультациялардан кейін мерзімінен бұрын тоқтатады. Мұндай алқалы шешім оның негізділігі мен қажеттілігін қамтамасыз етеді және мәслихаттардың мәртебесін арттырады. 87-баптың 4-тармағында қалалық, аудандық және ауылдық деңгейдегі әкімдерді қызметке тағайындау немесе сайлау, сондай-ақ, қызметінен босату тәртібі заң деңгейіне жатқызылып отыр. Естеріңізге сала кетсек, ол қазіргі кезде Президенттің Жарлығымен реттеледі, деді Н.Әбдіров өзінің сөзінде. Баяндамашының сөзіне қарағанда, бұл күндері Сенат пен Мәжілістің барлық тұрақты комитеттері, саяси партиялардың фракциялары, Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобы енгізілген заң жобасын және бірінші оқылым барысында депутаттардың айтқан ұсыныстарын талқылаған. Парламент палаталарының бірлескен комиссиясы 4 және 5 наурыз күнгі белсенді жұмыстарының нәтижесінде депутаттардан, Парламент палаталарының тұрақты комитеттерінен, саяси партиялардың фракцияларынан қолданыстағы Конституцияның бірқатар нормаларына барлығы 26 түзету келіп түсіп, олардың барлығы Бірлескен комиссияда жан-жақты қаралған. Комиссия өз жұмысының қорытындылары бойынша Парламент палаталарының бірлескен отырысының қарауына екінші оқылымда 10 түзету енгізу туралы шешім қабылдады. Оның көпшілігін Парламент депутаттары Парламент Палаталарының бірлескен отырысында заң жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде жария еткен болатын, деген Н.Әбдіров қабылданған түзетулерді рет-ретімен түсіндіріп берді.Қабылданған түзетулер не дейді?
Бірінші. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық тарихы ел Президенті ұсынған барлық идеялар мен қағидаттардың жан-жақты терең ойластырылғанын және заңдылығын растап отыр, олар саяси тұрақты және экономикалық тұрғыдан өсіп-өркендеген мемлекетті қалыптастыру үшін берік іргетас қалады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жетекші рөлі, оның бастамалары қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуын және дамуын қамтамасыз етті. Қазақстан қоғамының өкілдері Елбасының мемлекетімізді құрудағы ерен еңбегін баянды ету туралы мәселені бірнеше рет көтерді. Осыған байланысты Конституцияның 91-бабының 2-тармағы: «Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігін, республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, сондай-ақ, тәуелсіз Қазақстанды құрушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған республика қызметінің түбегейлі принциптерін және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесін өзгертуге болмайды» деген редакцияда ұсынылды. Екінші. Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобы конфессияаралық татулықты ұлтаралық татулықпен қатар конституциялық құндылық деп тану мақсатында Конституцияның 39-бабының 2-тармағын ұлтаралық және конфессияаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады деген ережемен толықтыруды ұсынды. Себебі, конфессияаралық татулық – қазақстандық мемлекеттіліктің ең жоғары құндылықтарының бірі және сондықтан да, ол конституциялық құндылық ретінде бекітілуі тиіс. Үшінші. Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуымен Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді бес жыл мерзімге қызметке сайлауды және оны қызметінен босатуды Парламент Сенатының ерекше қарауына жатқызу ұсынылады. Бұл Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын конституциялық бекіту жеке адамның мәртебесін, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын іске асыру кепілін одан әрі нығайтуға бағытталған демократиялық процестерді дамытудағы кезекті маңызды қадам болады. Сондай-ақ, елдің Негізгі Заңының 1-бабында бекітілген адам мен азаматтың құқықтарының басымдығын ең жоғары мемлекеттік деңгейде тануды білдіреді. Төртінші. 41-баптың 2-тармағына елдің президенттігіне кандидаттар үшін жоғары білімнің болуын оларға қойылатын талаптардың бірі ретінде белгілеуге қатысты өзгеріс енгізіледі. Мұндай талап президенттікке кандидаттарға қойылатын қосымша талаптарды конституциялық заң деңгейінде енгізу мүмкіндігін белгілейді. Бесінші. Ішкі істер министрлігінің азаматтардың қауіпсіздігін, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіндегі маңызды стратегиялық рөлін ескере отырып, 44-баптың 3-тармақшасында ел Президентінің Ішкі істер министрін тағайындау жөніндегі өкілеттігін сақтаған жөн деген шешім қабылданды. Өйткені, бұл жерде ел Президентінің Жоғарғы Бас қолбасшы болып табылатыны, ал Ішкі істер министрлігінің құрылымына Ұлттық ұланның кіретіні басымдыққа алынған. Алтыншы. Конституцияның 4-бабының 3-тармағын мынадай редакцияда жазу ұсынылды: «Республика бекіткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан басымдығы болады. Қазақстан қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары республиканың заңнамасында айқындалады». Жетінші. Конституциялық құрылысты қорғауды, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтауды күшейту мақсатында Конституцияның 10-бабының 2-тармағында террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін азаматтықтан айыруға соттың шешімімен ғана жол берілетініне қатысты норманы бекіту ұсынылды. Осы ретте аталған ұсыныстың маңыздылығын ашып айтқан баяндамашы «Азаматтықтың болмауын қысқарту туралы» 1961 жылғы 30 тамыздағы БҰҰ Конвенциясының 8-бабына сәйкес, ешбір мемлекет азаматтықтан айыру құқығын жүзеге асыруға тиіс еместігін және ол тек қана тиісті тұлға үшін соттың немесе өзге де тәуелсіз мекеменің істерді әділ талқылау құқығын көздейтін заңға сәйкес жүзеге асырылатындығын алға тартты. Сондықтан да, Бірлескен комиссия азаматтықтан айыру туралы мәселедегі объективтілік пен әділдік нақ сот шешімімен қамтамасыз етілуі тиіс деген ұйғарымға келді, деді Н.Әбдіров. Сегізінші. Конституцияның 2-бабының жаңа 3-1-тармағын Астана қаласында Конституциялық заңға сәйкес нақ қаржы саласында ерекше құқықтық режім белгілену мүмкіндігі туралы нормамен толықтыру мақсат етіледі. Ал бұл түзету Конституцияда Конституциялық Заңмен реттелетін «Астана» халықаралық қаржы орталығының мәртебесін бекіту мақсатында ұсынылып отыр. Бірлескен комиссия Конституцияның 74-бабының 2-тармағын 44-баптың жаңа 10-1) тармақшасының нормаларымен үйлестірсе, онда Президенттің Конституциялық Кеңеске өтініш жасау өкілеттігі көзделген. Осыған орай, Конституцияның 74-бабының 2-тармағындағы «нормативтік» деген сөзді алып тастау қажеттігі көлденең тартылды.Заң жобасы бірауыздан қабылданды
Осылайша, әрбір ұсыныс-пікір назарға алынып, талқыланған мәселелерге Парламент палаталарының барлық тұрақты комитеттері, Мәжілістегі саяси партиялардың фракциялары өздерінің оң қорытындыларын және заң жобасын қолдау туралы шешімдерін жазбаша үлгіде бергендігін айтқан Комиссия төрағасы Н.Әбдіров сөзінің соңында депутаттардан заң жобасын екінші оқылымда тұтастай қабылдауды сұрады. Негізгі баяндамашының сөзінен кейін Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Бірлескен комиссия әзірлеген «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңы жобасының қорытынды салыстырма кестесі мен заң жобасын тұтастай қабылдауды дауысқа салды және шешім бірауыздан қабылданды. Сонымен, қаулы қабылданды. Біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсыныстарын негізге ала отырып, Конституциямызға енгізілген барлық өзгерісті қабылдадық. Осы тарихи шешіммен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын, деді Н.Нығматулин. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»