Жасыратыны жоқ, ауыл шаруашылығы десе көз алдымызға бірден егде адамдардың елестейтіні рас. Өйткені, бүгінгі жастардың көбі мал өсіргенді, оны бағып-қаққанды бейнетті кәсіп санайды. Қиындығынан қашады. Алайда ата кәсіпке адалдық танытып, мал шаруашылығымен шұғылданып жүрген жастар да жоқ емес. Көп болмаса да, бар. Сондай ат төбеліндей аз жастың бірі – Күршім ауданының 20 жастағы тұрғыны Сая Ақанова.
Былтырғы желтоқсан айында бордақылау алаңын ашқан бойжеткен бұл кәсіпке кездейсоқ келгенін айтады. Сая Ақтөбе қаласындағы колледждердің бірінде байланыс саласы бойынша білім алыпты. Оқуын бітіргеннен кейін туған жеріне келеді. Бірақ мамандығы бойынша жұмыс табылмайды. Қол қусырып, қарап отыратын емес. Дипломды сандықтың түбіне салады да, мал бордақылаумен айналысуды жөн деп табады. Қызының идеясын ата-анасы да құптайды. Сөйтіп, ол алып-ұшып аудандық жұмыспен қамту орталығына барады, сол жердегі мамандардың ақыл-кеңесін тыңдайды. Содан, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы 1,5 млн теңге несиеге қол жеткізіп, 11 ірі қара сатып алады.
– Несиенің құжаттарын ресімдеу жұмыстары қиын екен. Талай уақытым соған кетті. Ал мал таңдауға әкем көмектесті. Малдың бағасына келісу, саудаласу оңай шаруа емес екен, – дейді Сая.
Аудан орталығы – Күршім ауылында тұратын бойжеткен қазір отбасымен бірге күн-түн демей несиеге алған сиырларын күтіп, бағып жүр. Қыстың көзі қырауда малға қарау да оңай шаруа емес. Сондықтан Сая бұл тарапта әкесі мен мектептегі бауырының көмегіне сүйенеді. «Несие менің атымда болғанымен, шаруа бәрімізге ортақ. Олар болмағанда бұл іске кіріспеуім де мүмкін еді. Өйткені, бизнес-жобамның атауы «Отбасылық мал бордақылау алаңы» деп аталады», дейді ол.
Осындайда ақын Қадыр Мырза Әлінің айтқан «Бизнес дегенің біреудің ақшасын ұрмай-соқпай тартып алу» деген сөзі еске түседі. Әзілге бұрып айтылса да, расында, бизнеспен шұғылдану екінің бірінің қолынан келе бермейтін кәсіп екені анық. 20 жастағы бойжеткен мал бордақылауға кіріспес бұрын кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалында бизнестің әліппесін меңгеріпті.
– Біздің ұйымға уылжып тұрған жас қыз келіп, ауылда кәсіп ашқысы келетінін айтқанда, таңғалғанымыз рас. Өйткені, Саяның замандастарының көбі ешкім жайлы жұмыс дайындап тұрмаса да, қалаға ұмтылады ғой. Кейін онымен сөйлесе келе, қандай істі қолға алса да, орта жолдан тастамайтынына сендік. Біздің филиалда оқи жүріп, өзі үшін ең қолайлы кәсіп мал бордақылау деген шешімге келіпті. Расымен күте білсе, малдан түсер береке көп қой, – дейді филиал директоры Светлана Кудедаева.
Еңбексүйгіш Сая қазіргі уақытта Өскемендегі колледждердің бірінде мұғалім мамандығын сырттай оқып жатыр екен. Келешекте ұстаздықпен бірге ата кәсіпті қатар алып жүргісі келетінін де жасырмады.
– Көп кәсіптің ішінен мал бордақылау жобасын таңдап алғаныма өкінбеймін. Өйткені, бұл істің қыр-сыры бала кезден таныс. Ең бастысы, айналысып жүрген кәсібім өзіме ұнайды. Малдың күтіміне араласуды ар санамаймын. Мал баққанға ғана бітеді ғой, – дейді Сая Ақанова.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы