07 Наурыз, 2017

Жылқы туралы жаңа жоба жол тартады

137 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан» РТРК» АҚ мен Clearwater Documentary Inc. компаниясының бірлескен жобасы - «EQUUS» (Жылқы) деректі трилогиясына қатысты меморандумға қол қою шарасына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Оған Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин, канадалық режиссер, антрополог Найоби Томпсон мен продюсер Нұрбол Баймұханов  қатысты. Кездесуде «EQUUS» (Жылқы) халықаралық жобасының өндірістік жұмыстары талқыланды. Онда әуелі Дәурен Абаев жобаның еліміздің тарихы мен дәстүрін қамтып, халықаралық аренадағы имиджін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. -Бұл біз үшін маңызды жоба. Біздің ел жылқыны алғаш қолға үйреткен  және атбегілік өнердің негізін қалыптасырған ел. Сондықтан шетел ғалымдарының Қазақстанға қызығушылығы тегін емес. Жылқыны қолға үйреткен ата-бабаларымыз өркениеттің дамуына қомақты үлес қосты. Егер есте жоқ ескі заманда адамдар атқа отырмағанда қазіргі өркениетіміз болмас еді. Жылқы қазақ жерінде үйретілген соң ғана атқа отырған адамның барыс-келісі көбейді, салт аттылы адам жаңа мәдениеттерді таныды, жаңа жерлерге қоныстанды, сөйтіп, адамның өмірі жаңалықтармен толығып, өркениетіміз дамып отырды. Сол себепті осы фильмде жылқы жануарының адамзат тарихындағы рөлі туралы кеңірек баяндалады. Жобаға Қазақстан, Канада, АҚШ, Франция мен Германия елдері қатысады. Деректі трилогия келесі жылы аяқталып, 50 елге тарайды, – деді ол. Осыған байланысты Ерлан Қарин брифингте «EQUUS» жобасының түсірілім жұмыстары биыл Қазақстан аумағында болатынын, оған қазақстандық кинематографистер, актерлер, дублерлер, өнер және дизайн саласындағы кәсіби мамандар тартылып, канадалық түсірілім тобымен бірігіп жұмыс істейтінін айтты. Сонымен бірге ол жобаға бастамашы болып, қолдау көрсеткен Ақпарат және коммуникациялар министріне алғысын білдірді. Кездесуде канадалық режиссер де сериалға байланысты өз ойымен бөлісті. Ол Қазақстан Батыс елдері үшін ашылмаған арал сияқты қызықты ел екенін, сонысымен қазақ жері бүкіл әлемге тартымды болып көрінетінін, қазіргі Қазақстан аумағында жылқының қолға үйретілгенінің өзі адамзат тарихы үшін баға жетпес оқиға деп санайтынын айтты. –Еуразия кеңістігінің кіндігінде орналасқан сіздердің елдеріңіз ауыз толтырып айтатындай оқиғалармен ерекшеленіп отыр. Қазақ жерінде жылқы қолға үйретілген соң адамзат тарихы мен өркениеті үлкен өзгеріске ұшырады. Егер жылқы болмағанда, ол қолға үйретілмегенде қазіргі өміріміз болмас еді. Адамзаттың тарихы салт аттылармен тығыз байланысты. Біз жылқы туралы деректі трилогияны түсіргенде оның мәні мен маңызына баса назар аударатын боламыз. Менің білуімше, жылқы қазақ халқы үшін аса қастерлі жануар. Ол көлік қана емес, емдік қасиеті мол жануар екенін естіп жүрмін. Батыс елдері мұны білмейді. Ал сіздердің ата-бабаларыңыз оны 6 000 жыл бұрын біліп алған. Сондықтан фильмде жылқыны ғылыми зерттеу жағына мән береміз, – деді ол. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан»