08 Наурыз, 2017

Еңбегінің зейнеті – 15 минутта!..

180 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ерте ме, кеш пе... министр де, мұғалім де, жәй шаруа адамы мен танымал бизнес иесі де, атағы дүркіреген өнер адамы мен мәдениет қайраткері де осы ғимараттың босағасынан аттайтын халықтық дәстүр бар. Еңбегінің зейнетін көруге құқылы әрбір Қазақстан азаматы бас сұғатын бұл мекеме – Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы деп аталады. Алматы қаласының Әуезов ауданындағы осындай орталық дәл бүгін қала аумағындағы ең көп саналатын 46 мың адамға аптаның 6-ы күні қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында ұжым құрамын негізінен 37 қыз-келіншек құрайтын мекеменің – Әуезов аудандық Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының басшысы Әлия МАҚҰЛБАЕВАНЫ әңгімеге тартқан едік. – Әлия Дүйсебайқызы, орталықтағы конвейер секілді қайнап жатқан жұмыс бір сағатқа тоқтап қалды делік!.. Өмірдің әртүрлі себептерден құралатыны секілді, мысалы, электр қуатын беру тежеліп, компьютерлер сөніп қалады. Сонда қызметкерлеріңіз бір сағат бойы немен шұғылданады? – Оныңыз рас, тосын жағдайлардың туындамасына қай уақытта да кепілдік жоқ. Біздің қызметіміз тікелей компьютерлік жүйеге, интернеттік желіге байланысты. Десе де, бір сағатыңыз не, біз 15 минут та қол қусырып қарап отыра алмаймыз. Өйткені, бізге келуші әлеуметтік топтар санатындағылар – зейнет жасындағы азаматтар, екіқабат әйелдер, әртүрлі мүгедектік топтағы қала тұрғындары тобында шек болған емес. Біздің қызметкерлеріміз қандай жағдайда да жұмысын кідірте алмайды. Мекемеге бас сұққан бір де бір адамның көңіліне қаяу түспеуі тиіс. Сондықтан да, шам жанғанша, компьютерлік желі қосылғанша, электронды нақты мәліметтер дайын болғанша біз де хал-қадерімізше келушіге ауызша жауап қайтарып, қызметтік техникалық себептердің жымын білдірмей жібереміз. Одан қолымыз қалт етсе, архивпен жұмыс істейміз. Сондықтан да, біздің жұмыс тоқтаусыз жүріп жатқан конвейер іспетті. – Қыздар тобынан құралған ұжымды басқарудың қандай қиындықтары болады? – Өзім де сол топтың өкілі болғандықтан, қол астымдағы қызметкерлерге өзіме қойған талапты қоямын. Олар да мен секілді біреудің қызы, келіні, зайыбы, анасы... Қандай сәттерде олардың жан дүниесін түсінуге тырысып бағамын. Өйткені, олар – менің әріптестерім. – Демек, әріптестеріңізге қатал емессіз ғой?! – Жалпы... қатал емеспін. Бірақ та, қажетті кезінде табанды талаптар қоя аламын. Солай бола тұра, әріптестерімнің жүрегін жаралап алудан аулақпын. Мұндай халық нөпірімен қызмет істейтін мекемеде ерекше тәртіп болуы керектігін бәріміз де түсінеміз. Қуанатыным сол. Қызметкерлерімнің барлығы да өзім секілді, атқарып отырған міндетін жақсы түсінеді. – Өзіңіз туралы бір ауыз мәлімет беріп өтсеңіз? – Мамандығым – экономист. Бұл салада 11 жылдан бері еңбек етіп келемін. Жұмысты жәй маман болудан бастап, салалық қызметтің барлық буынынан өте келіп, қазір аудандық ұжымды басқарып отырмын. – Халқымызда «Қыздың жасын сұрамайды» деген жақсы сөз бар, дейтұрғанмен, ұжымдағы қызмет істейтін қыз-келіншектердің жас шамасы қаншада? – Ұжымдағы қыздардың орта жасы – 25! Қызметімізді кідіріссіз дөңгелетіп жүргізіп отырған да осы жанып тұрған жастарымыз. Өте елгезек, тындырымды жас әріптестерімнің жан-жақтан түсіп тұратын әртүрлі вакансияларға сай қызметтерінің өсуіне де қолдау көрсетіп тұрамын. Таяуда ұжым болып құрметтеп бірнеше апамызды зейнетке шығарып салдық! – Өте жақсы екен. Айтпақшы... сіздердің ұжымда зейнетке шығу өте жеңіл шығар?! Құжат жинау, кеңес алу деген бәрі өз қолдарыңызда дегендей... – Жо-жоқ... Неге олай дейсіз. Заң бәрімізге ортақ. Зейнет жасына жеткен азаматтарға қойылатын талап – біреу-ақ. – Сіздер зейнетке шығу, бала туғаннан кейінгі көмек, мүгедектік жәрдем алу деген секілді он сан түрлі әлеуметтік қолдау көрсетуге зәру топтармен жұмыс істейсіздер. Мұндай сәттерде ісі бір жайлы болған азаматтар көңілі тоғайған соң елгезек ұжымның өкіліне сыйлық жасап жіберуге дайын тұрады... – Түсіндім... Біз дархан көңілді халықпыз ғой. Титтей жақсылық көрсең, сол жақсылыққа асыра мәзірет жасауға асығып тұрамыз. Ондай сый-сияпат жасағысы келіп тұратындар болады. Бірақ, халыққа мінсіз қызмет көрсету – біздің төл міндетіміз екенін көпшілікке баппен түсіндіреміз. Бізге ауызша алғыстың өзі жеткілікті екенін жеткіземіз. Біздің әрбір қызмет-қимылдарымыз бейнекамералар арқылы бақыланатынын бүгінде келушілердің өздері де жап-жақсы біліп алған. Алғыс хат жазса қабылдаймыз. Мұның барлығы да өркениеттің сәтті жасалған қадамдары ғой... Әлеуметтік әртүрлі топтағы азаматтар күн сайын есігімізден ондап, жүздеп аттап жатады. Есіктен кіре айқайлап келетіндер немесе бір ауыз сөзге келмей шу көтеретін адамдар, жүйкесі сыр берген азаматтармен жұмыс істеу де оңай емес. Солардың барлығына жылы қабақ танытып, жайлы сөйлесуге бейімбіз. Біздің шуақты көңіл-күйімізді көріп олар да жұмсарып сала береді, ашуы басылады. Қысқасы, орталыққа жылап келсе де, жадырап-күліп кетіп жатады... – Әңгімеңізге рахмет. Қыздар ұжымын төл мерекесімен құттықтаймыз, табысты болыңыздар! Әңгімелескен Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ Суретті түсірген Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ