14 Сәуір, 2011

Студенттерге мемлекеттік грант берілді

832 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ұлттық бірыңғай тест өмі­рі­мізге етене еніп кеткелі қашан. Осы тест бір баланың бағын жан­дырса, екіншісінің жолын байлап жатады. Бағы жанғаны белгілі. Ал жолы байланды дегенде нені ай­тып отырмыз? Мәселен, талапкер 100 балдан артық жинайды. Бірақ конкурстың жоғарылығынан әлгі жинаған балы іске аспай қалады. Қысқасы, сынақтан құлайды. Дегенмен, есіл еңбек пен жиған білім далаға кетпеуі үшін ақылы негізде оқуға түседі. Келер жылы тапсыру үшін, оған уақыт кетеді. Бір жылдан кейін биылғы білім көмескіленіп, мидан өше бас­тай­ды. Сонымен білім-білігіне қара­мас­тан бала ақылы негізде оқуға мәжбүр болады. Осы арада баланың тағдырына мемлекет араласып жатыр. Қалай дерсіз? Бірінші курстың қысқы жә­не жазғы емтиханы кезінде ҰБТ-дан жоғары балл жинаған, оқуға ақылы негізде түскен, со­ны­мен қатар емтиханды жақсы ба­ғаға тапсырып, өзінің алғыр­лы­ғымен көзге түскен студенттерге мемлекет арнайы білім грантта­рын бөледі. Кеше ғана ақылы негізде оқып, ата-анасының қалта­сына түсіп отырған бала бір күн­де мемлекеттік грантқа ауысады. Осындай қуанышты жағдай Қор­қытата атындағы мемлекеттік университетінде де орын алды. Жүздері бал-бұл жанған, шоқ-шоқ гүл құшақтаған студенттер­дің қуанышы қойнына сыймай жүргені бірден байқалады. Ал әрбір студенттің жанында жүрген ата-ананың тебіренісі тіпті бөлек. Перзенттері алқашқы сынақта сү­рінгенімен, өздерінің білім-білігін дәлелдей отырып, мемлекеттік грантқа ие болып жатыр. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізінен үш мемлекеттік бағ­дарламаны назарда ұстайды. Олар – денсаулық сақтау, білім беру, тіл мәселелері. Жыл сайын жоғары оқуға түскісі келетін талапкерлерге 35 мың грант бөлінеді. Әрине, грантқа ілінбей қалған, бірақ жо­ғарғы балл жинаған балалар қай аймақтан болса да табылады. Сон­дықтан, 2009 жылдан бастап Ел­басының тікелей тапсырма­сы­мен республика бойынша қосым­ша гранттар бөлінетін болды. Бүгін біз ақылы негізден мемлекеттік грантқа ауысқан 44 студентті марапаттағалы отырмыз, – деді Қорқытата атындағы мемлекеттік университеттің ректоры Бай­зақ Момынбаев. 44 студент мемлекеттік грант­қа ие болды. Бұл – 44 тағдырдың өміріне қуаныш кіріп, мемлекет­тің ыстық алақанын сезінді деген сөз. Мұндай жақсылық, шуақты күн­дер ұмытылмайды. Сондық­тан осы студенттер ертең маман ретінде ел дамуына зор үлес қо­са­тыны да шығар күндей ақиқат. Ержан БАЙТІЛЕС. Қызылорда.