Биылғы күзде классик жазушымыз Сайын Мұратбековтің туғанына 75 жыл толады. 70 жылдығын сырқаттылығы салдарынан атап өте алмай бақилыққа аттанған ағамыздың алдағы мерейтойына қазірден бастап дайындық жасалса дейміз.
Сәкеңді білу, оның шығармаларын оқу бүгінгі ұрпаққа парыз. Өйткені ол қазақ әңгімесінің 50-60-шы жылдардағы жаңа дәуірінің жолбасшысы. Олай дейтініміз...
1956 жылы партияның ХХ съезі болды. Ол ұзақ жылдар бойы қоғамдық ой-сананы адамның ерік-жігері мен ой-санасын құрсаулап, бұғауда ұстап келген сталинизм сойқандарын әшкереледі. Бұдан соң қоғамдық өмір жаңаша дамуға бағыт алды. Елде жылымық кезең туды. Осы аса зор, мәнді оқиғадан кейін одақта «деревнялық проза» аталған әдеби ағым туып, ол қаламгерлерге ірі бетбұрыс әкелді. Соның нәтижесінде көркем әдебиетімізге тың күштер, дарынды жастар шоғыры келіп, жаңа серпінмен еңбек етті. Оның бастауында Сайын Мұратбеков, Ақан Нұрманов, Қалихан Ысқақов, Рамазан Тоқтаров, Жайсаңбек Молдағалиев тұрған еді.
Жазушы Сайын Мұратбеков 1936 жылы 15 қазанда Алматы облысындағы Ақсу ауданына қарасты Қоңыр ауылында дүниеге келген болатын. Болашақ қаламгерді жастайынан атасы Мұратбек қария бауырына салып алып, тәрбиелеп өсірген. Әкесі Сапарғали Ұлы Отан соғысына қатысып, елге жараланып оралған. Шешесінен жастай жетім қалған жеткіншек ауылдағы еңбек адамдарының қиындықтарын, тырбанып еңбек еткен хал-күйлерін көзімен көріп, зердесіне тоқиды. Мұның өзі кейін Сайын ержетіп, қолына қалам алғанда жүрек тербеген тақырып, ұмытылмас оқиғалар ретінде өзінің қызығушылығын туғызған еді. Сондай-ақ бұл өңірдің тарихы да аса бай-тын. Ертеде Жоңғар жойқыны жерді де шаңдаққа айналдырғаны белгілі Шыңқожа, Найзагер, Қапал тәрізді халық батырлары дұшпанмен ерлікпен шайқасқан. Дерек үшін айтсақ, Қапал батыр Ұлы жүздегі Дулат атадан тарайды. Зираты сол өңірде. Ал Шыңқожа батыр көрнекті ақын Ғали Орманов пен Сайын Мұратбековтің арғы атасы дейді тарих.
Қазақтың ұлы даласына күңірентіп күй төккен аса дарынды күйші Қойлыбай туып-өскен атақты Қоңыр бұл. Осы Қоңыр және Ешкіөлмес тауларының баурайында атақты ақын Біржан сал мен жер жәннаты Жетісудың аруы Сараның аққу үніне үн қосқан айтыстары да осы өңірде болған. Ұлы ғалымымыз Шоқан Уәлиханов өзінің атақты Құлжа сапарын осы Қоңырда бастағаны да тарихтан белгілі бізге.
Көркемсөз шебері Сайын Мұратбековтің шығармашылық ғұмыры сәтті басталған деуімізге әбден негіз бар. Оның тырнақалды әңгімесі «Райгүл» деп аталады. Әңгімені оқыған ақсақал ақынымыз Әбу Сәрсенбаев ақ батасын берген. Сол тілек жас жазушыға ақжолтай жақсы бағыт болғанын өмір дәлелдеді. Сайынның «Ауыл оты» деп аталатын тұңғыш кітабы біздің ұрпақтың да көкірегіне жұлдыз болып қонған, нәр, қуат берген жылуы мол сәтті еңбек болды. Бұдан кейін жазушы қаламын суытпай, жемісті еңбек ете отырып «Жабайы алма», «Жусан иісі», «Кәмен-тоғай», «Ұлтуған» деген кітаптарын жариялады. Соңғы туындылары «Дос іздеп жүрмін», «Қалың қар» деп аталады. Сәкеңнің шағын әңгімелерінің оқиғалары мен сюжеттері қысқа болып келгенімен, кейіпкер образдары толық ашылып, оқырманын қызықтыра баурауымен ерекшеленетін. Жазушы қарапайым еңбек адамының толыққанды образын көркем суреттеген зергерлік өрнек оны қазақ ауылының көркем полотносын жасау биігіне көтерді деп ризашылықпен айта аламыз. Сөз орайы келгенде, бірде мен жазушының зайыбы Мәрия әпкемізден: «Сәкең сын материал жазған ба?» деп сұраған едім. «Ол жағы маған белгісіз. Сайын кісі баласына «сен» деп қатты сөз айтып көрмеген жан ғой, – деді. Мен Талғар қаласының маңындағы «Солдат сайы» деген жерде туып- өстім. Талғардағы медицина училищесін бітірген соң, Талдықорғанға жолдама берген еді. Онда барған бойда мені облыс басшылары Қапал ауылына жіберді. Онда Сайын аудандық газетте жұмыс істейді екен. Екеуміз сонда танысып, жеке отау тіктік. Кейін Сайын Қаратал аудандық газетіне ауысты да, біз Үштөбе қаласына көшіп келдік. Бұл әсте ұмыта алмайтын, қызық-шыжығы көп жылдар еді. Еш ұмытуға болмайды оны. Сол кезде журналистер елді атпен аралайтын еді. Сайын ел аралап келе жатып, бір жігіттен қазақ салтына келмейтін оғаш оқиға – шал кісінің өз кемпірін көкала қойдай етіп сабағанын, ат бауырына алғанын естиді. Бұған қатты намыстанған Сайын, әлгі оқиғаның ізімен лақап ат қойып газетке шағын фельетон жазады. Әлгіні оқыған қария редакцияға атпен шауып келеді де: «Мені жазған жігіт қайда?» деп айбаттанып, дігерлейді. Жігіттер: «Ақсақал қойыңыз. Ол бөтен адам, мұнда жоқ» десе де көнбейді. «Кемпірін ұрған шал менмін. Демек, мені жұрт алдында әшкерелеп отыр», деп дігерлейді. Жігіттер оны әзер жолға салады.
Осы әңгімені еске түсіріп отырып Сәкең: «Ой, шіркін, сөздің құдіреті-ай!» деп басын шайқап күліп отыратын еді. Иә, сөздің киесі бар. Сайын аға осы киені ардың ісі деп әділ, зор жауапкершілікпен түсінген қайраткер жазушы-тын.
Бұл үрдіс қалам ұстаған әрбір азаматқа, баршамызға үлгі болса деймін. Өйткені, көркемсөз халық мұрасы. Осы азаматтық парызын адал атқарған Сайын Мұратбековтің әңгімелері өзі ұдайы үйренген ұлы ұстаздарының әңгімелеріне еш ұқсамайды. Тіпті заманы мен өмір сүрген кезеңі бір бола тұрса да, Сайын әңгімелерін өз қаламдастарының туындыларына ұқсата алмаймыз. Бұл жазушының өзгеше қолтаңбасы мен өрнектері бірегей тұлға екенін айғақтайтын биік өлшем. Киелі сөздің үлгісі бұл! Осындай қаламгерді ұмытпайық. Мерейтойына ерте әзірлік жасайық.
Төлен ҚАУПЫНБАЙҰЛЫ, жазушы, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, Алматы облысының құрметті азаматы.