Келесі жылы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 100 жыл толады. Қонаев қоғамдық қорының, басқа да ұйымдар мен азаматтардың елшілікке, Мәскеу үкіметіне түскен өтініштеріне сәйкес қазір Ресей астанасында Дінмұхамед Қонаевтың есімін есте қалдырудың мүмкін болатын жолдары іздестірілуде. Мұндай ретте қала үкіметінің нормативтік құжаттарында көзделген міндетті талаптар қатаң ескерілетіндіктен, жалпы Мәскеуде тарихи тұлғаларға ескерткіш, мүсін, мемориалдық тақта, т.б. осы тәрізді естелік белгілер орнатуға қол жеткізу оңай емес, бұл көп күш-жігерді талап ететін, өзіндік қиындық-ерекшеліктері бар іс.
Қазақстан елшісі Зауытбек Тұрысбеков: «Мәскеу болат және қорытпалар институты» ұлттық зерттеу технологиялық университетінің ректоры Дмитрий Ливановпен кездескен кезде Дінмұхамед Қонаевтың мүсінін оқу орны корпустарының біріне орнату мәселесі келісілді. Д.Қонаев осы институттың 1936 жылғы түлегі, оның кәсіби және ғылыми қызметі аталған оқу орнымен тығыз байланысты болды.
Біздің еліміз үшін де инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша білікті кадрлар даярлауға атсалысып келе жатқан көпшілікке белгілі «Мәскеу болат және қорытпалар институты» ұлттық зерттеу технологиялық университетінің басшылығы Д.Қонаев мүсінін орнату бастамасымен жалғастырып, жалпы оқу орнында Қазақстан Республикасының арнаулы мүйісін ұйымдастыру мәселесін ұсынуда. Атап айтқанда, мұнда институт пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың білім, ғылым және металлургиядағы озық тәжірибені енгізу салаларындағы бай тарихы, тәуелсіз мемлекетіміздің жан-жақты жетістіктері, өзара ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары көрсетілетін болады.
Елімізге арналған болашақ композицияда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз, «Мәскеу болат және қорытпалар институты» ұлттық зерттеу технологиялық университетінің құрметті профессоры Н.Ә.Назарбаев жайында, оның тәуелсіз Қазақстанды қалыптастырып, дамыту жолындағы тарихи рөлі туралы ақпараттар орналастырылады деп жобалануда», дейді.
Сонымен бірге, технологиялық университет басшылығы, Қазақстан тарапынан қаржылық тұрғыда қолдау жасалса, Д.Қонаевтың қола мүсінін әзірлеуге оқу орны кафедраларының кәсіби-шығармашылық мүмкіндіктерін пайдалануға да болатынын айтады.
Серікқали БАЙМЕНШЕ.
Мәскеу.