Жақында өткен Парламент Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолданды. Онда төмендегі мәселе қозғалып, былай делінеді:
«Біздің осы депутаттық сауалымызға негіз болған мәселе жуырда ғана өңірлерде болып, халықпен болған кездесулерде соңғы он жыл бойы үнемі айтылып, жазылып жүрген географиялық сағаттық белдеудегі уақыт өлшемінің қолайсыздығы туралы ұсыныс-тілектер мен Арал және Қазалы аудандық мәслихат депутаттарының өтініш хаттары себеп болып отыр.
Ол Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 15 наурыздағы № 231 Қаулысына сәйкес, Қазақстанда «жазғы» және «қысқы» уақытқа көшу тоқтатылып, бұған дейін көрші Ақтөбе облысымен бір сағаттық белдеуде жатқан Қызылорда және Қостанай облыстарының уақыт өлшемін дағдылы уақытына бір сағат ілгері жылжыту туралы шешім қабылданған болатын.
Уақыттың табиғи уақыттан бір сағат ілгері ауысқандығы шығыстан батысқа дейін 850 шақырым созылып жатқан жер көлемі бар, еліміздің оңтүстік-батыс өңірінде орналасқан Қызылорда халқы үшін өте қолайсыз болып отыр. Біз осыдан екі жыл бұрын Үкімет алдына осы мәселені жан-жақты зерттеп, оң шешім қабылдау туралы депутаттық сауал да жолдағанбыз. Өкінішке қарай, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің жасаған жұмыстары бойынша облыста уақыт санау тәртібінің ауысуына байланысты тұрғындар көзқарасын анықтау мақсатында жүргізілген әлеуметтік сауалдама да, Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты «Еңбек гигиенасы және Кәсіби аурулардың ұлттық орталығы» мекемесінің аймақ халқының денсаулығына әсерін ғылыми тұрғыда зерттеу жұмыстары да өз дәрежесінде жүргізілмегендіктен, еш нәтиже берген жоқ.
Географиялық белдеуге сәйкес қалыптасып қалған табиғи, үйреншікті биологиялық уақытты бұзу өңір халқының тұрмыс-тіршілігіне, көңіл-күйіне, денсаулығына кері әсерін тигізіп, жылдар бойы қалыптасқан өмір ырғағын бұзуда. Оған дәлел ретінде Адам эволюциясы, сомнология, физиология, хрономедицина салаларын ондаған жылдар бойы зерттеген В.Ковальзон, С.Рапопорт, В.Дорохов, А.Панин сияқты Ресейдің ірі ғалымдары «адамды өз географиялық уақытымен таңның атуынан бұрын үнемі мәжбүрлеп тұрғызу созылмалы аурулардың өршуіне, обыр, қан тамырлары жүйесі аурулары, суицид, тіпті жол-көлік оқиғаларының көбеюіне және жаңа аурулардың пайда болуына да себеп болады және оның әсері «күзгі-қысқы» уақыттарда қатты сезіледі» деп ғылыми тұжырым жасаған.
Осы ғалымдар айтқан аурулардың көбеюі, адамдардың ұйқышылдығы, бас ауыру сияқты симптомдары Саламатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығының сауалдамасы бойынша өңірімізде жылдан-жылға қатты сезілуде.
Таңертең балабақшаға, мектепке баратын 250 мың бүлдіршін мен оқушылардың ұйқысынан табиғи уақыттан бір сағат ерте тұруы, тас қараңғыда мектепке баруы балалардың денсаулығына, қалаберді сабақ үлгеріміне кері әсер ететінін мұғалімдер де, дәрігерлер де үнемі айтып келеді. Сонымен қатар, соңғы он жылдың ішінде мектеп жасындағы балалардың арасында аурушаңдық көбейіп кеткен. Оның үстіне, уақытты бір сағат ілгері жылжыту электр энергиясын артық шығындауға әкеп соқтырып отыр.
Уақыт стандартының әртүрлі болуы – 2,7 млн шаршы шақырым орасан зор жер көлемін алып жатқан еліміз үшін табиғи заңдылық. Он бір түрлі уақыт белдеуі бар көрші Ресей мемлекетінің барлық өңірлері Мәскеу уақытымен жүріп жатқан жоқ. Уақыттық белдеу күннің шығуымен анықталады. Қызылорда облысының аумағы шамамен 53 – 680 меридиан арасында орналасқандықтан, 1 сағаттық айырмашылық анық байқалады. Бұл – таза табиғи уақыт. Сондықтан да, осындай географиялық табиғи уақытты бұрынғы қалпына келтіру ешқандай қаржылай шығынды қажет етпейтінін ескере отырып, Үкімет өңір халқының талап-тілектеріне сай оң шешім қабылдайды деп сенім білдіреміз.
Құрметпен,
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, Бекмырза ЕЛАМАНОВ, Абзал ЕРАЛИЕВ, Геннадий ШИПОВСКИХ,
Сенат және Мәжіліс депутаттары