Ақтоғай ауданы, Жоламан ауылындағы мектеп «Ақбидай негізгі мектебі» деп аталады. Кеңес дәуірінде аталмыш ауыл Жданов атындағы совхоздың бөлімшесі болған. Бертініректе, Жданов атауын «Ақбидай» деп өзгерткен-ді. Аты өзгерген совхоздың бүгінгі таңда аты түгілі, заты да жоқ.
Жоламан ауылы – кезінде қара дақ жағып, қуғын-сүргінге ұшыратып, «халық жауы» атандырған, артынан абақтыда атылып кеткен Нұрмұханбет Мәрденов есімді Алаш азаматының туып-өскен жері. Биыл сол арысымыздың туғанына 110 жыл толып отыр. Бірақ жұрт тілегі ескеріліп өзі оқыған, кейін ұстаздық еткен мектепке есіл ер есімі бүгінгі күнге дейін берілмей келеді.
Ол 1918-1919 жылдары көрнекті жазушы Сәбит Мұқановпен Омбы мұғалімдер семинариясында қатар оқып, алғашқы еңбек жолын Жоламан ауыл мектебінен бастаған екен. Алаштың Мағжан Жұмабаев сынды біртуар ұлымен де Нұрмұханбет Мәрденов тығыз қарым-қатынаста болған. Кенже інісіне Мағжан есімін беріп, ақынмен дос, пікірлес жүрген.
Нұрмұханбеттің жалғыз баласы – Нәскен Нұрмұханбетұлы Мәрденов қазір Алматы қаласында тұрады. Ол кісі әкесі атылған Омбы жерінен бір уыс топырағын Жоламанға әкеліп, ата-баба зиратына қойып, ұрпақтары мәрмәр тастан ескерткіш орнатты. Сөйтіп, үлгілі іске ұйытқы болды.
Жуырда жақсыдан қалған тұяқ Нәскен Нұрмұханбетұлы жерлестері – біздерге арнап хат жіберіпті. Онда қария Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында туғанына 110 жыл толғалы отырған азаматтың есімі өзі оқыған, қызмет еткен мектепке берілсе игі болар еді депті. Біз де көптен бері айтылып, шешімін таппай келе жатқан осы тілекке қосыламыз. Арысымызды ұмытпай ардақтасақ, қане! Бұл өтінішке тиісті орындар мән беріп, оң шешім шығарады деген сеніммен ауыл тұрғындарының атынан:
Б.Смағұлов – мектеп директоры, И.Рахимов – оқу ісінің меңгерушісі.
Мұғалімдер: Д.Тоқсанбаева, Б.Шүкелова және хатқа бұдан басқа 13 адам қол қойған.
Павлодар облысы, Ақтоғай ауданы, Жоламан ауылы.