1922-1923 жылдары Ташкент шаһарында шығып тұрған «Шолпан» журналы төте араб жазуынан кириллицаға көшіріліп, жеке кітап боп шықты. Журналдың сегіз нөмірін түгелдей түпнұсқаларынан қазіргі қазақ қарпіне түсіргендер – Мұхтар Әуезов атындағы ОҚМУ университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Сәрсебай Кәрібаев пен ОҚО саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің ғылыми қызметкері Нұрсұлу Төлеева. «Шолпанға» іздеу салып, Өзбекстанның мемлекеттік мұрағатынан көшірмелерін алдырып, кітап болып шығуына дейін басшылық жасаған – Шымкенттегі саяси қуғын-сүргін музейінің директоры Ханбибі Есенқарақызы.
Жақында осы музейде журналдың бағалы мәдени мұраға айналған кітабы – «Шолпанның» тұсаукесері ұйымдастырылды. Қарап отырсаңыз, талай-талай нәрсеге қанығасыз. «Шаруашылық», «Партия тіршілігі», «Әдебиет бөлімі», «Саясат бөлімі», «Білім бөлімі», «Тарихи бөлім» сияқты айдарлардың айтар сыры мол десек, Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баяны» мен «Шолпанның күнәсі» әңгімесі, Мұхтар Әуезовтің «Қыр әңгімелері», Шәкәрімнің, Сәкеннің, тағы басқа тұлғалардың туындылары тұңғыш рет осы «Шолпанда» жарияланған.
Тұсаукесерде ғалымдар У.Бишімбаев, Қ.Ергөбек, Ә.Мұсақұлов, Ә.Қалыбекова, Б.Тілеубердиев, С.Өмірзақов, ақын-жазушылар М.Байғұт, Н.Бегалыұлы, Қ.Төретайұлы және тағы басқалар ой-пікірлерін білдіріп, жинақтың тағылымды мән-маңызына жан-жақты тоқталды.
«Егемен-ақпарат».