Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысы Белоруссия астанасы Минск қаласында орын алған террорлық актінің салдарынан қаза тапқандарды еске алып, бір минут үнсіздік жариялаумен басталды. Осы оқиғаға орай палата Төрағасы Мәжіліс депутаттары атынан Беларусь Парламенті басшыларына беларусь халқының қайғысына ортақ екендігін білдіріп жеделхат жолдады.
Күн тәртібіндегі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халыққа қызмет көрсету орталықтарының мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қызу талқыға түсті. Заң жобасына депутаттар бастамашы болса, ол бойынша баяндаманы Мәжіліс депутаты Айгүл Соловьева жасады. Ал Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев көптеген сұрақтарға жауап берді. Заңдық құжат «бір терезе» қағидаты бойынша заңды және жеке тұлғаларға мемлекеттік қызмет көрсетудегі қарым-қатынастарды реттеуді және жетілдіруді көздейді. Заң жобасы аталмыш функцияларды жергілікті биліктен ақпарат саласындағы құзырлы органға беруді қарастырады. Сондай-ақ, құжатқа «автоматтандыру», «мекен-жай тіркейтін код» сияқты ұғымдар енгізіліп отыр екен.
Бұдан кейін бірқатар халықаралық құжаттар қаралды. «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы Корея Республикасының дипломатиялық өкілдіктерінің ғимараттарын салу үшін Астана қаласында жер учаскелерін беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы толықтай қолдау тапты.
Ал «Валюталық саясаттың келісілген қағидаттары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша Ұлттық банк төрағасының орынбасары Данияр Ақышев баяндама жасады. «Ұлттық валюталардың рөлі жоғарылап, оларға деген сенім артады деп ойлаймыз. Келісім шарттары орындалса, Бірыңғай экономикалық кеңістік елдерінің резиденттері арасында сыртқы сауда-саттық жағдайы жақсарып, валюталық реттеу мен валюталық қадағалау заңнамалары біртіндеп жақындай түседі», деді ол өз сөзінде. Келісім валюталық саясатты қалыптастыру мен жүргізудің тәсілдерін кезең-кезеңімен жақындатуды көздейді. Заң жобасы депутат Сауырбай Есжановтың қосымша баяндамасынан кейін толықтай мақұлданды.
Сондай-ақ отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Жапония Үкіметі арасындағы ОАӨЭЫ (Жамбыл облысы) көлік дәлізін қайта жаңарту жобасын жүзеге асыру үшін қарыз тарту туралы ноталар алмасу нысанындағы келісімді ратификациялау туралы», «Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы ОАӨЭЫ (Жамбыл облысы) Көлік дәлізін қайта жаңарту жобасы бойынша қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Азия Даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Жай операциялар) (ОАӨЭЫ 1 көлік дәлізі (Жамбыл облысындағы учаскелер) («Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізі), Инвестициялық бағдарлама – 3-жоба) ратификациялау туралы» үш заң жобасына қатысты баяндаманы Көлік және коммуникация министрі Берік Камалиев жасады. Одан белгілі болғандай, еліміз Үкіметі мен жапондық агенттік арасында жалпы сомасы 6 миллиард 361 миллион жапон йенін (68 млн. АҚШ доллары) құрайтын қарыз туралы келісімге қол қойылған. Қарыз 7 жылдық жеңілдік кезеңін қоса алғанда 25 жылға беріледі. Төлемақы жарты жылда бір рет 1,7 пайыздық ставкамен қарастырылады. Жапония агенттігінің қаражаты Жамбыл облысындағы ұзындығы 20 км. (383-404 км.) Құлан ауылының айналма жолын салуға, ал Азия банкінің қаражаты 98 км. құрайтын (Отар – Благовещенка (Қордай асуынан айналып) (162-260 км.), Қордай – Қарасу (Қырғызстан шекарасына кіреберіс) құрылыс жұмыстарына жұмсалады. Қосындысында 118 шақырым жол салынатын болады. 2010 жылғы 15 желтоқсанда Азия банкінен жалпы сомасы 173 миллион АҚШ долларын құрайтын III транш бойынша қарыз алу туралы келісімге қол қойылса, қарыз 4 жылдық жеңілдік кезеңді қоса алғанда 19 жылға беріледі. Пайыздық ставкасы – LIBOR+0,2 пайыз. Азия Даму банкі ұсынатын қарыздың жалпы сомасы Жамбыл облысындағы учаскелерді қаржыландыру үшін төрт транш бойынша 700 млн. АҚШ долларына тең. Министр аталған учаскелерде 17 көпір мен 135 су өткізу құбырлары салынатынынан да хабардар етті. Қазіргі уақытта халықаралық конкурс негізінде осы учаскелерге мердігерлерді таңдау жөніндегі конкурс жүргізілуде және ағымдағы жылдың маусым айында құрылыс жұмыстарын бастау жоспарлануда, деді Б.Камалиев.
Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасының қауіпсіздігін, тұрақтылығын және оны қайта қалпына келтіруді қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылға Америка Құрама Штаттарының қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өтетін жүк пен персоналдың әуе транзиті туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да қаралып, толықтай мақұлданды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.