14 Сәуір, 2011

Жол жөндеу жалғасады

469 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Астанада биылғы жылғы жол-құрылыс жұмыстарының маусымы басталды. Онда негізгі екпін қаланың тарихи бөлігі мен онымен біріккен тұрғын ала­бындағы автомобиль жолы­ның инфрақұрылымын жетілдіруге түсірілген. Астана қаласы әкімі аппаратының баспасөз қыз­метінің мәліметтерінше, мә­с­елен, 23,7 шақырым жол са­лынып, 10 шақырымына жөн­деу, 18,5 шақырым жолға қайта жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған. Сондай-ақ, қаламен біріккен елді-мекендерде 55,7 шақырым жол салынуы тиіс болса, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бас­қармасы жаңа 11 тұрғын ала­бын­да жалпы ұзындығы 140,88 шақырым болатын жол желісін салу жобасын дайындауға кірісіп кеткен. Құрылыс қаржы бө­лінгеннен кейін жүзеге асырыл­мақ. Жөндеу жұмыстары 9 сәуір­де қаланың тарихи бөлігіндегі екі маңызды көше – Жеңіс даңғылы мен Иманов көшесінен бастау алды. 2001 жылы Жеңіс даңғы­лына күрделі жөндеу жүр­гізілген болатын, алайда, көптеген апатты жағдайларға байланысты жол төсемі бірнеше мәрте ашыл­ған. Бұл өз кезегінде, бүгінгі күйіне кері әсерін тигізді. Осыны ескере отырып, автомобиль жо­лына күрделі жөндеу жүргізумен қатар, оның астында орналасқан коммуникациялар – апаттық жағ­дайда орналасқан жылу жүйесі, су құбыры мен кәрізді кешенді ауыс­тыру жөнінде шешім қабыл­данған. Бұл нысандардың көпші­лігі 70-жылдардың ортасында са­лынған. Алайда, олардың кейбір бөлшектері, мәселен, кәріз желі­сінің бір бөлігі 40-жылдары ағаш­тан жасалған. Жалпы алған­да соңғы үш жыл ішінде инженерлік желілердің ескіруі нәти­жесінде 35 ірі апат орын алған және олардың салдарын жою мақсатында жол төсемін қазу жұмыстары жүргізілген. Жеңіс даңғылы мен Иманов көшесін қайта жөндеу жоба­сына сәйкес жаңа инженерлік желілер салу, ескі инженерлік желілерді ауыстыру және қайта салу, көлік қозғалатын жол бө­лігін кеңейту, қосымша авто­тұ­рақ орындарын, жаяу жүргін­шіге ар­налған жолдар салу, жаңа бағдаршам, жылдамдық өл­шеуіш­тер, жол белгілері және жол қозғалысын реттейтін басқа да техникалық құрылғыларды орнату қарастырылған. Аталған жобаны жүзеге асы­руда су жүйесін уақытша ағыту, сондай-ақ, аталған магистралдар бойынша қоғамдық көлік қозғалысы кестесіне өзгерістің енгізіліп, жолдарға шектеу қою­ға байланысты тұрғындарға бірқатар қолайсыздық туғызары белгілі. Осыған байланысты Астана қаласының жол полициясы басқармасы автокөліктерге айналма жолмен жүруді алдын-ала жоспарлап, жолдарды айна­лып өтудің белгіленген сызба­ларын пайдалануға кеңес береді. Қайта жөндеу жұмыстары кезінде автокөлік жүргізушіле­рін ескерту мақсатында Жеңіс даңғылы мен Иманов көше­сіндегі үйлердің кіреберістерінде ескерту және тыйым салатын жол белгілері ілінбек. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.