13 Наурыз, 2017

Азиада – Олимпиадаға дайындық алаңы

153 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Орталық коммуникациялар қызметінде Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов Қазақстан спортшыларының VIII қысқы Азия ойындарындағы нәтижелерінің қорытындысын шығарды. – Биылғы Азия ойындары Жапонияның Саппоро қа­ласы мен Хоккайдо аралында орналасқан Обихиро қаласында өтті. Оған жер жүзінің отыздан астам елінің спортшылары қа­тысты, – деп бастады сөзін Елсияр Баймұхамедұлы. Одан әрі комитет төрағасы спорттың 11 түрінен 64 медаль жиынтығы сарапқа са­лынған Ойындарда отандас­тарымыздың сәтті өнер көр­сеткенін, жарыста Қазақстан спортшылары 9 алтын, 11 күміс және 12 қола медальді ж­е­ңіп алғанын айтты. Оның айтуын­ша, бұған дейін спортшылары­мыз бес Азия ойындарына қа­ты­сып, барлығы 69 алтын, 51 күміс және 44 қола жүлде ие­ленген болатын. Ал 2011 жы­лы Астана мен Алматыда өт­кен сында саңлақтарымыз 32 ал­­тын, 21 күміс және 17 қола ме­дальді місе тұтты. Биылғы Азиадада Қазақстан құрамасы та­­ғы да алдына Жапония, Оң­түс­­тік Корея мен Қытайды жі­­бе­ріп, төртінші орынды қа­на­ғат тұтты. – Күншығыс елінде біздің спортшыларымыз қысқы спорты жақсы дамыған Жапония, Оңтүстік Корея және Қытайдың қыз-жігіттерімен иық теңестіріп бә­секелесті. Олар Азиадада бар­лық жарыстарға қатысты. Әсі­ресе, биатлон, могул, хоккей мен шаңғы жарысында чем­­пио­н атанған спортшыларға ри­замыз. Солардың арқасында көк байрағымыз тоғыз рет же­л­біреп, әнұранымыз ойнал­ды. Мысалы, Галина Виш­нев­скаяның бір өзі биатлонда төрт рет құрмет тұ­ғы­рының ең биік сатысына кө­терілді. Ал Ян Савицкий бол­са үш рет алтын жүлдені алып, екі рет күміс медальмен күптелді. Дарья Усанова да қалпақпен ұрып ала­тын қарсылас еместігін көр­­сетті. Сол сияқты могулда Юлия Галышева, шаң­ғыда Ринат Мухин, Елена Коло­ми­на­ның, конькимен жарысуда Де­нис Кузиннің еңбегін атап өту керек, – деді ол. Жалпы, Елсияр Қанаға­то­в­тың айтуынша, Азиадада спорт­шыларымыз мүмкін бол­ған жағдайдың бәрін жасап, қол­да тұрған жүлде­лерді қар­сы­л­астарының қанжы­ға­сына бай­лап бермеуге тырыс­ты. – Азиадаға біздің кейбір мықты деген спортшыларымыз қатыса алмады. Олар әлемнің түкпір-түкпірінде өтіп жатқан халықаралық турнирлер мен әлем чемпионаттарына қатысып жатыр. Кейбіреуі келесі жылы Оңтүстік Кореяда өтетін қыс­қы Олимпадаға дайындалуда. Дегенмен, қысқы спортты се­рік еткен қыз-жігіттеріміз елі­міз­дің намысын қолдан бермеу­ге тырысып, Жапониядан жүл­денің түр-түрін олжалап әке­лді. Енді олар Үкіметтің тиіс­ті қаулысымен ақшалай сый­ақы алып, марапатталады. Қазақ қысқы спортының бо­ла­шағы зор. Қазір еліміздің жер-жерінде шаңғы, могул, биат­лон, коньки мен хоккей сияқ­ты спорт түрлері жақсы дамып келеді. Егер бұрын қысқы спорт солтүстік пен шығыс өңір­лерде қанатын кең жайған бол­са, бүгінде оңтүстік облыс­тар­да аяғына коньки киіп, қо­лы­на хоккей таяғын ұстаған жас­тарды жиі көруге болады. Бұл түптеп келгенде, қазақ спорты­ның болашағы зор деген сөз. Осындай спортқа икемді, оны жан-тәнімен сүйіп, серік еткен қыз-жігіттеріміз болса, Қазақстанның көк байрағы әлі талай Азиадаларда биіктен көрінеді деп ойлаймын, – деп қорытты сөзін Елсияр Қанағатов. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан» АСТАНА