ДАМУ ҚАБІЛЕТІ ӘЛСІЗ БАЛАЛАР ҚАМҚОРЛЫҚ КҮТЕДІ
Жақында бір жиында айтылып қалғандай, дамуында әртүрлі ауытқулары бар жеткіншектер қатары өспесе, азаймай келеді екен. Бұл мәселенің жайдан жай ауызға алынбағандығы анық. Олай болса, аталған мәселенің қоғамды ойлантуы қай деңгейде? Он екіде бір гүлі ашылмай жатып осындай күйге ұшырағандарға қамқорлық қандай?
«Егемен Қазақстанның» Қарағанды облысындағы тілшісі Айқын Несіпбай қазіргі заманғы гуманитарлық-техникалық институттың директоры Қабиден Молдахметовке:
– Сіз бұған не дейсіз?
– Туғанынан ақыл-ойы кеміс, есту, көру қабілеті төмен балаларға білім беруші және тәрбиеші дефектолог мамандар тек бізде даярланатынына байланысты бұл мәселенің мән-жайына қанық емеспіз. Осыған орай жыл сайын өткізіліп тұруы үрдіске айналған аймақтық ғылыми-тәжірбиелік конференциялар тақырыбы әрдайым соған арналады. «Мүмкіндіктері шектеулі балаларды әлеуметтік, медициналық және педагогикалық қолдау туралы» Заң аясында осы санаттағы жасөспірімдердің жетіліп кетуіне, өмір қызығына бейімделуіне, жүдеу көңілдерін жасытпауға барынша атсалысып келеміз.
Деректерге сүйенсек, облыс бойынша даму мүмкіндігі шектеулі 12 544 бала бар. Былайша айтқанда, бұл – өңірдегі әрбір 6-шы жеткіншектің психологиялық-физикалық қабілеті әлсіз деген сөз. Ал бұлардың 5943-і мектеп жасындағылар. Біразы арнаулы мектеп-интернаттарда оқытылып, тәрбиеленуде. Алайда, осындай 15 оқу орнының бәрі қалаларда орналасқандықтан, ауылдық жердегі тағдырластары ондай қамқорлықтан тысқары қалып отыр. Мәселен, онда мұндай қолдауды, сүйеуді күткен бала 2 мыңға жуық. Сондықтан осы жағын ойластыратын уақыт жетті деуіміз керек.
Қабілеті кеміс оқушыларды арнайы әдістермен оқытып, тәрбиелеуде, талпынысын ұштап, ой-санасын қалыптастыруда тиісті білімі, дайындығы бар мамандардың орны бөлектігін атамасқа болмайды. Бүгінде мектеп-интернаттардың дефектолог мұғалімдермен қамтылуы аймақта 43 пайызды құрайды десек, дені біздің оқу орнымыздың түлектері. Кәсіби біліктіліктерін көтеруге де көмек көрсетіледі. Былтыр 140 педагог қосымша дайындықтан өтті.
Бұл бағыттағы іс-шараларды ширата түсу үшін мынадай мәселелердің шешімін табуы дұрыс болар еді. Айталық, мүдделі құрылымдарға қамқорлықты қажет ететін балалар есебі туралы ақпараттық мәлімет беретін аймақтық банк құрылса. Сонымен бірге, оқулықтар соңғы үлгілерінің, технологиялық жабдықтардың, дидактикалық құралдардың жеткілікті болуын қалар едік. Қиын тағдырлы жасөспірімдерді қатарға тарту баршамызға ортақ жұмыс болуы қажет. Білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарының да осы мақсат жолындағы жұмыстарын жаңаша жүйелеп, үйлестіруі – уақыт талабы.
Қарағанды.