13 Наурыз, 2017

Қостанайда көктемгі су тасқынына қарсы дайындық өтті

204 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Көктемгі су тасқынының алдын алуға, одан құтқаруға дайындық ретіндегі республикалық шара биыл Қостанайда өтті. Оған Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин келіп, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовпен кездесті. Кездесу барысында өңірдің көктемгі су тасқынына дайындық  мәселелері талқыланды. Олар төтенше жағдайлар департаментінің құтқару бөлімшелерін аралады. Облыста бұл шараға 201 адам, 75 техника қатысты. Республикалық шараның екінші күні Қостанай қаласы төңірегіндегі, Тобыл өзенінің жағасындағы бірнеше жерде оқу-жаттығулар өтті. Дайындық шарасы шеңберінде су тасқыны кезінде болып қалуы ықтимал оқиғалардың алдын алу немесе құтқару тәсілдері жүзеге асырылды. Солтүстік аумақтық аэромобилдік жедел құтқару отряды Тобыл өзенінде мұз астына кеткен адамдарды құтқарудың, машинаны шығарып алудың төрт көрінісін көрсетті. Құтқарушылар мұз жару, су тасқынынан зардап шеккендерге көмек, құтқару кезіндегі  арнайы техникаларды пайдалануды жұрт назарына ұсынды. Облыстың солтүстік жағындағы Ұзынкөл ауданында қардың қалыңдығы 43 сантиметрге жетеді. Сонымен қатар, осыған ұқсас көрініс Қарабалық, Қостанай, Науырзым, Қарасу және Әулиекөл аудандарында да байқалады. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы подполковник  Руслан Орынбековтің айтуынша, өңірде қарғын суда қалуы мүмкін 59 елді мекен бақылауға алынды. Облыста қазір көктемгі су тасқынына қарсы қимыл үшін 829 техника, 129 жүзу құралдары, 263 су сорғыш техника, 26700 ыдыс-қап, 10 мың тоннадан астам инертті материалдар, 97 тонна жанар-жағар май дайын. Нәзира Жәрімбетова, «Егемен Қазқстан»