13 Наурыз, 2017

Қаржы пирамидасын құрған әйел 3 жылға бас бостандығынан айырылды

190 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Жезқазғанда қаржы пирамидасын құрып, 50 азаматты сан соқтырған әйел 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Жезқазған қалалық соты хабарлады. Қалалық соттың хабарлауынша 44 жастағы Саягүл Нұрманова қала тұрғындарының 8,5 млн теңге қаржысын алаяқтықпен алған. Қылмыстық істің материалдарына сәйкес, кәсіпкер әйел оның «Сенім» атты фирмасына салған қаржыны екі есе етіп қайтаруға уәде еткен. «Кәсіпкер салымшылармен ресми келісімшарт жасасқан. Ол клиенттердің бірінші бөлігіне негізгі сома мен пайызды төлей отырып, сенімге ие болған», - деп хабарлады Жезқазған қалалық соты. Үш айдың ішінде 8 миллион 500 мың теңге жинаған Саягүл Нұрманова клиенттеріне қаржы қайтаруды доғарады. Ол барлығы 45 миллион теңге жинаған. Осы соманың ішінен 8,5 миллион теңгені адамдарға қайтармады. Салымшылар Жезқазған қалалық ІІБ-ға барады. Полиция қызметкерлері оны ҚР ҚК 217-бабы «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету» бойынша күдікті деп табады. «Жезқазған қалалық сотының судьясы Марат Бекжанов күдіктіні ҚР ҚК 217-бабы «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету» бойынша айыпты деп тауып, үш жылға бас бостандығынан айырды», - деп хабарлады Жезқазған қалалық соты. Сонымен қатар, сот қылмыскерді жәбірленушілердің қаржысын қайтаруға міндеттеді.