14 Наурыз, 2017

Үкіметтің жауапкершілігі артады

406 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Өткен жұмада Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға жариялы түрде қол қойған болатын. Осыған байланысты кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Парламент Сенатының әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің хатшысы, Сенат депутаты Жабал Ерғалиев Ата Заңымыздың 57-бабы 6-тармақшасына енгізілген толықтыру жөнінде әңгімелеп берді. Еліміз тәуелсіздігін жария­лаған алғашқы күннен бастап өзінің зайырлы әрі құқықтық демократиялық мемлекет екенін дәлелдеп келеді. Қазақстанның даму жолы әлемдік саясатта да, әлемдік экономика саласында да мойындалғаны белгілі. Бұл орайда Ата Заңымыздың маңыз­ды рөл атқарып келе жат­қанын ерекше атап өтуге болады. Депутат конституциялық реформа барысында, яғни, қаңтар айының 26-сы мен ақпан айының 26-сы аралығында бүкілхалықтық талқылау жүр­гізіліп, кез келген қазақстан­дық­тардың, қоғамдық ұйымдар мен партиялардың өз пікір­лерін, ұсыныстарын айтуға толық мүмкіндік жасалғанын, Президент Әкімшілігінің Бас­шысы Әділбек Жақсыбеков бастаған жұмыс тобы осы түскен пікірлердің бәрін жинақтап, саралаудан өткізгенін еске салды. «Конституцияның 57-ба­бының 6-тармақшасына ен­гізілген толықтыру жөнінде айтып өтсек, Парламент пала­­та­­ларының кез келгені депутат­­тардың жалпы санының кем дегенде үштен бірінің баста­масы бойынша Үкімет мүше­лерінің өз қызметтері жайлы есебін тыңдауға құқылы. Есепті тыңдау барысында депутаттардың үштен екісі­нің, яғни, көпші­лігінің басым дауысымен егер олар респуб­ликаның заңды­лық­тарын орындамаған жағдайда Үкімет мүшелерін орындарынан босатуды Президенттен сұрай алады. Мұндай жағдайда Прези­дент Үкімет мүшелерін орнынан босатады деген өзге­рістер енгізілді, – деді Парла­мент Сенатының депутаты. – Ал, бұрын осындай жағдайда Пре­­зи­денттің депутаттардың мұн­дай ұсынысын кейінге шегеруге құқы болатын. Депу­тат­­тар бұл мәселені тек алты ай уақыт өткеннен кейін ғана қайта көтеруге құқылы болатын». Депутат бұл өзгерістер Пар­ламент өкілеттігін күшейтуге және Үкіметтің Парламент ал­дындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталғанын атап көрсетті. Айдар ӨРІСБАЕВ, «Егемен Қазақстан»