Парламент Сенатының кешегі түстен кейінгі өткізілген жалпы отырысында Қаржы полициясы агенттігінің ел Президенті атына жасаған ұсынысы бойынша Жоғарғы Соттың кейбір судьяларының мәселесі қаралды. Сенат депутаттары алдында Мемлекет басшысының өкілеттігі бойынша Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин сөз сөйледі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мынаны хабарлауға рұқсат етіңіздер. Қаржы полициясы агенттігі Қазақстан Президентінің атына бірқатар судьяларды Жоғарғы Соттың судьясы қызметінен босату туралы ұсыныс жасады. Олар Алмаз Тәшенова, Мақсат Әбілқайыр, Мәрзия Балтабай, Сайлаубек Жәкішев, Бақытжан Жақыпов, Марклен Қамназаров», – деді Аслан Есболайұлы өз сөзінде.
Содан кейін Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (Қаржы полициясы) төрағасы Қайрат Қожамжаров Жоғарғы Соттың бірқатар судьяларына қатысты олардың сыбайлас жемқорлық қылмысқа барғандығы туралы фактілерді жария етті. Агенттік төрағасы өз ведомствосының заң ережелері шеңберінде Бас прокурор санкциясын ала отырып, Жоғарғы Соттың кейбір лауазымды тұлғаларына қатысты арнайы жедел шараларды жүзеге асырғандығын ерекше атап өтті. Нәтижесінде Жоғарғы Соттың Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалау алқасының төрайымы Алмаз Тәшенова мен Жоғарғы Сот судьясы Сайлаубек Жәкішевтің әрекеттерінен сыбайлас жемқорлық фактілері анықталыпты.
Аталған лауазым иелері өздерінің қызмет бабын пайдаланып, «Фикален» АҚ мүддесі үшін мемлекет қоржынына 212 миллион теңге шығын келетіндей шешім шығарып, заңсыз сыйақылар алған. Бас прокуратура тарапынан судьялар үстінен қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болып отыр.
Сондай-ақ Жоғарғы Сот судьялары Бақытжан Жақыпов, Мәрзия Балтабай, Мақсат Әбілқайыр және Марклен Қамназаров әрекеттерінде сыбайлас жемқорлық анықталғаны жария етілді. Аты аталған судьялар бірнеше рет азаматтардың құқықтарын бұза отырып, жеке тұлғалардың пайдасы үшін шешім шығарған. Сот процесіне қатысушылармен және олардың өкілдерімен процессуалдан тыс байланыстарға барғандығы, тергеу органдарының жұмысына кедергі келтіргендігі және жалған кәсіпкерліктің мүддесі үшін азаматтық істер бойынша сот шешімін шығарғандығы анықталыпты. Жоғарғы Соттың Қылмыстық істер жөніндегі сот қадағалау алқасы хатшысының орынбасары Т.Сәрсеновке қатысты қылмыстық іс қозғалғандығы да белгілі болды. Хатшының орынбасары «Газ-Синегорье» ЖШС басшысынан соттың оңтайлы шешім шығаруы үшін 150 мың АҚШ долларындай пара талап еткен. Қазіргі таңда Т.Сәрсеновке айып тағылып, ол қамауға алынған.
Нәтижесінде Жоғарғы Соттың кейбір судьяларын қылмыстық және құқық бұзушылық қадамдарға барғаны үшін қызметінен босату, өкілеттіктерінен айыру туралы Мемлекет басшысының ұсынысын Сенат қолдады. Нәтижесінде жоғарыда аты аталған судьялар қызметінен босатылды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.